Рамазан Боқанұлы
Қоғам • 30 Желтоқсан, 2025
Кейіпкерімді бала күнімнен білемін. Оның есімі – Рамазан Боқанұлы. ҰҚК отставкадағы полковнигі, тарих ғылымдарының кандидаты. Әке-шешесін де жақсы танимын. Өйткені бір ауылданбыз. Көрші тұрдық. Ата-анасы елге сыйлы адамдар еді. Әкесі Боқан – екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Тұлғалы азамат болатын. Түрі сұсты. Ұзақ жылдар кеңшарда есеп саласында қызмет істеген. Жеңіс күні қарсаңында Боқан әкені мектепке шақырып, талай мәрте әңгімесін тыңдадық. Ол кезде ауылда соғысқа қатысқан қарттардың біразы бар еді. Кейбір майдангерлер соғыс туралы айтқанды ұнатпайды. Ал Боқан ақсақал ондай емес. Бізге қанды қырғында көзімен көрген оқиғаларды бүкпесіз баяндайды. Ал анасы Әсияхан апа мейірімді, еңбекқор жан еді. Оның бау-бақшасында жемістің неше түрі жайқалып өсетін.