Қостанай облысының тұрғыны көлік ұрлап, онымен такси қызметін көрсетіп келген, деп хабарлайды baq.kz
Қостанай облысына қарасты Қостанай ауданындағы Затобол ауылының тұрғыны көлік ұрлағаны үшін бұрын да сотталған болып шықты. Наурыздың 7-нен 8-не қараған түні арнайы жасақ өкілдері мен жол полициясы қызметкерлері көлік ұрлаған азаматты қолға түсірді. Күдікті көлікті қолды қылғанымен қоймай, онымен біршама нәпақа табуды да жөн санап, облыс аймағында такси қызметін көрсетіп жүрген екен.
«Көлік ұраланғаны туралы хабарды естіген соң түнгі сағат 02:00 шамасында жергілікті дәмханалардың бірінің жанынан ұрланған көлікке ұқсас автомобильді көрдік. Көлікті тоқтатқанымызда оны жүргізіп келе жатқан азамат Затобол қаласында тұратынын, такси жүргізушісі екенін және қала сыртына қарай кетіп бара жатқандығын айтты. Ол бұрын да көлік ұрлағаны үшін бірнеше мәрте сотталған болып шықты», – деп атап өтті Қостанай облыстық ІІД арнайы жасағының аға лейтенанты Александр Попов.
Ұсталған азамат өзінің жасаған заңсыз әрекеттерін алдымен мойындамай қойған. Полиция қызметкерлері оны «Арман» стационарлық бекетіне алып келіп, істің мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру тобын шақырған.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қостанай облысында 22 көлік ұрлығы ашылған.