
Қазақстан делегациясы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Корей Халық-Демократиялық Республикасының (КХДР) үстіміздегі жылдың 6 наурызда 4 баллистикалық зымыран ұшыруына байланысты өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысына қатысты, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Отырысқа қатысушылар КХДР билігінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын кезекті түрде бұзу әрекеттерін бірауыздан қатаң сынға алды.
Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Солтүстік Кореяның зымыран ұшыру және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын қайтадан өрескел түрде бұзу әрекеттеріне зор алаңдаушылығын білдіріп, олардың аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ортақ халықаралық күш-жігерлерді жоққа шығарып отырғанын ескертті.
Жиында Қазақстан тарапы Корей түбегін ядролық қарудан азат ету қажеттігіне қағидатты түрде қолдау таныта отырып, Солтүстік Корея мәселесін тек бейбіт саяси-дипломатиялық келіссөздер мен сенім шараларын қалыптастыру, алдын ала шарттарсыз ашық түрдегі диалог құру арқылы шешу керектігін атап өтті. Осы орайда Қ. Омаров бейбіт жолмен шешу мүмкіндіктері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық қарарларының ең маңызды түйіні екендігін қатысушылардың есіне салды. Қазақстан өкілі аймақтағы шиеленісті бәсеңдетуді және қалыптасқан қауырт ахуалды шешуді ілгерілетуге жетелейтін нақты шараларды ойластыруға шақырды.
Отырыс соңында Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері КХДР-ға қатысты санкцияларды орындауда күш-жігерлерін еселей түсуге келісіп, сонымен қатар, Корей түбегіндегі және тұтастай Солтүстік-Шығыс Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау маңыздылығын құптады.
Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі осы мәселе жөнінде арнайы мәлімдеме қабылдап, онда баллистикалық зымыран ұшыруды қатаң сынға алып, барлық мемлекеттерді КХДР-ға қатысты санкцияларды орындау бойынша тиісті шараларды қабылдауға шақырған болатын.