Францияның Қазақстандағы мәдени күндері мәресіне жетті
Францияның Қазақстандағы мәдени күндері аясында Алматыда жүрген француздар бұл жолы курорттық Сен-Тропе қаласының салтанатты лебін алып келіпті. Сол сияқты айтулы күндер аясында өзін француздық деп есептеуге хақысы бар 60-қа жуық компания The Ritz Carlton қонақүйінде ашылған екінші Халықаралық «Regard de France» көрмесінен орын алды.
Қазақтар мен француздардың достығын дәнекерлеуге ұмтылған осындай мәдени күндер жақсы дәстүрге айналып келеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, биылғы мәдени шаралар шеңберінде Сен-Тропе қаласы көбірек насихатталды. Мәдени күндердің басталуымен орайлас Алматыдағы Intercontinental қонақүйінде «Welcometo Saint-Tropez» атты тұсаукесер шаралар өтіп, оған осы бағыттағы туризмді дамытуға мүдделі 40 шақты туристік агенттіктер қатысты.
БАҚ өкілдерімен кездесуден бастау алған Францияның мәдени күндерінде Сен-Тропе қаласының туризм жөніндегі вице-мэрі Анри Прево-Аллар мырза бұл қаланың артықшылығы жайлы қызықты әңгімелей отырып: «Сен-Тропеде әйелдер үшін күнде мереке. Бұл қалада қыз-келіншектерге көрсетілетін сыйластық пен құрмет ерекше!» – деді. Сондай-ақ, журналистермен емен-жарқын сұхбаттасқан Анри Прево-Аллар әлем көрермендерінің ерекше қошеметіне бөленген әйгілі фильмдердің бірқатары Сен-Тропеде түсірілгенін баяндай келе, қазақ кинематографистерін осы қалаға шақырды.
Сол сияқты Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен мен Францияның Қазақстандағы Бас консулы Патрик Ренар мырзалар екі елдің барлық бағыттағы байланыстарының ілгерілеуі мен кедергілеріне қатысты сауалдарға жауап берді.
Бұл жолы лауазымды делегация алып келген сыйлықтардың ішінде алматылықтарға әйгілі француз актрисасы Бриджит Бардоның өміріне арналған «Әйелді Құдай жаратқан» көрмесі ұнады. Мәдени күндер аясында Сен-Тропе қаласының мақтанышына айналған актриса басты рөлде ойнаған режиссер Роже Вадимнің «Әйелді Құдай жаратқан» көркем фильмі ұсынылды.
Екі елдің байланысын бекемдеуге бағытталған шаралар легі келесі күндері Шымбұлақта жалғасты. Ал Көктөбеде жаңадан ашылған «Абай» мейрамханасында Сен-Тропе қаласындағы әйгілі Библос қонақүйінің мақтаулы аспаздары қонақтарға бар өнерін көрсетті.
Францияның Қазақстандағы кезекті мәдени күндері аясында бірқатар іскерлік кездесулер ұйымдастырылды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ