• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Наурыз, 2017

Тауық жылының тартулары

846 рет
көрсетілді

Білімпаздар есте жоқ ескі замандарда түркі халықтары 144 жылдық циклды жыл есебін қолданғанын айтады. Осы күндегі 12 жылдық жыл есебі сол 144 жылдық жыл есебінен қалыпты.

144 жылдық циклды жыл есебі туралы жазылған дерек көп емес. Бізде бары — Шаяхмен Жәңгірұлының «Жыл топшылары» және Раздан Қасенұлының жылдар мен адам мінезінің қатынасы туралы қолжазбалары.

Ескі жыл есебі бойынша, 12 жылдың әрқайсысы 12 түрлі болып келеді де, әрқайсысы жыл атауын алған жануардың он екі түрімен аталады. Осылардың ішінен тауық жылының сырына үңілейік.

Тауық жылының он түрін Шаяхмет Жәңгірұлы өзінің «Жыл топшылары» атты қолжазбасында былай таратқан: ақ тауық жылы, қара тауық жылы, сары тауық жылы, қоңыр тауық жылы, көк тауық жылы, шұбар тауық жылы, қызыл тауық жылы, сұр тауық жылы, бабайғақ тауық жылы, күркі тауық жылы, ала тауық жылы, құр тауық жылы.

Раздан Қасенұлы мезгіл есебі және адам мінезі туралы қолжазбасында тауық жылының он екі түрін таратып айтады. Олар: ақ тауық жылы, егіз тауық жылы, қара тауық жылы, сары тауық жылы, қоңыр тауық жылы (үйрек, қаздар), көк тауық (тұртұрт тауық) жылы, шұбар тауық (ұлартауық) жылы, қызыл тауық (қырғауыл) жылы, сұр тауық (шіл) жылы, бабайғақ жылы, күрке тауық жылы, құр тауық (ала тауық) жылы.

Осы екі қолжазбада да белгілі қасиет­тері немесе сыртқы пішіні тауыққа ұқ­сай­­тын құстарды тауық тұқымдастар деп қарағаны байқалады.

 

Ақ тауық жылы

Үлкендер жағы «ақ тауық жұты, егіз тауық жұты, соқыр тауық жұты» деген жұттардың болғанын айтып жатады. Осыған орай Біржан салдың:

Сал Біржан ән салады ауық-ауық, Тоздырған арғын елді соқыр тауық. Біржанға бақ қайтқанда жорға қайда, Мінезі қарашолақ өгіз тауып, – деген өлеңі бар екен. Бұл өлеңнің тағы бір нұсқасын Ш.Жәңгірұлы: Жұтаттың ба жылқымды егіз тауық, Міне алмадым ешкімнен семіз тауып. Жүйрік жорға таңдайтын Біржан едім, Қоңыр шолақ міндім ғой өгіз тауып, – деп келтіріпті.

Бірінде «егіз тауық», бірінде «соқыр тауық» дегені болмаса, екеуінде де тауық жылының жұты айтылып тұр. Ш. Жәңгірұлының дерегіне сүйенсек, Біржан дүниеден озғанда жанында бол­ған әнші Жақып Қамзаұлы Шығыс Түр­кіс­танға, Алтайдың Сарқусын деген же­ріне барып, сонда өмірден өтіп­ті. Бір­жан­­ның әлгі өлеңі сол Жақып Қам­за­ұлы ар­қылы Алтай қазақтарына тара­ған екен.

Ш.Жәңгірұлы: «Ақ тауықты егіз тау­ық деп те атайды, егіз тауық деп атайты­ны бір жұмыртқаның екі басы бір­дей үш­к­ір болады да, мұнан егіз бала­пан шы­ға­ды. Мұндай құбылыс басқа құс­тар­да си­рек кездеседі», – депті.

Р.Қасенұлы егіз тауық пен ақ тауықты тауықтың екі түрі деп қарап, екі жылдың аты деп береді. «Егіз тауық кіретін жылы күз­де ақ әтеш жұмыртқалайды екен. Жұ­мыр­тқасы егіз болса, ол жыл егіз тауық жылы деп аталады» дейді.

Ақ тауық жылы жаз жаңбырлы, сел жүр­гіш келеді. Жердің көктеуі жақсы бо­лады. Ата-бабамыз: «Ақ тауық жылы ұсақ малдарда ақсақ көп болады», – дей­ді екен. Салқын жайлауда күнде жау­ын жау­­са, малдың ­буынынан суық өтіп, ба­қайы қиылып, ақсақ көбейетіні тү­сі­нік­ті жай.

Көне есеп бойынша, ақ тауық жылы күзде суық ерте түсіп, қар ерте жауады. «Бо­қырау амалында қар мен жаңбыр ара­ласып, жер беті тоңға айналып, те­рістіктен дауыл соғып, қыс түсіп ке­те­ді» делінеді. Ең ауыр қыс егіз тауық жы­­л­ы болып, қыс аяғы жеті айға дейін со­­зы­лады.

Халық «жаман жыл» демейді, «ауыр жыл» деп қана айтады, себебі, ауыр­лық­ты жеңуге болады, жамандықты өзгерту мүм­кін емес. Ақ тауық жылын, «қысы жұт, жазы жау» деп ырымдапты.

Ақ тауық жылы туған ұлдың мінезі қат­ты, алайда, кір тұрмайтын көңілі таза, тәу­екелшіл ер жүрек болады деп бол­жай­ды. Қыз баланың мінезі шапшаң, бір сөзді, махаббатқа адал, ер мінезді ке­летіні айтылады.

 

Қара тауық жылы

Қазақ есепшілері қара түсті жануар­лар­дың атымен аталған жылды қары жұ­қа жақсы жыл деп атайды. Қазақта қара­ға байланысты сөздердің астарында қара түсті қасиет тұтқан сенім жатады. Қара тауық жылы – тауықтың сыртқы кө­рінісіне қарап қойылған атау.

Қара тауық жылы жанға да, малға да жайлы. Оның шығысына қарағанда, кірісі жайсыздау болады. «Қара тауық жылы кіргенде жазғытұрым қара боран көбірек со­ғып, мал жүдеп барып көк­тем­ге ілі­неді» (Ш.Жәңгірұлы). Жазда қа­ра жаң­быр көп болады. Бұл жылы жазда ешкі мен сиырдың тойынысы жақсы болмаса да, қой, жылқы, түйе малдарының тойыны­сы жақсы. Күзде қара суық ерте түсіп, ұзаққа созылады. Қысында қар жұқа жауады. Боран көп болғандықтан, өзі аз түскен қарды айдап әкетеді де, мал дала жайылысынан тарықпайды. Сондықтан қара тауық жылы малға ауыр келмейтіні белгілі.

Қара тауық жылы туған ұл баланың мінезі тұйық, сөзі аздау келеді. Көп алдына көрінер ірі істерге тәуекелі жетпейді. Жұмсақ мінезді болып, отбасының ұсақ күйбеңінен аспайды. Қара тауық жылы туған қыздан қолы берекелі, қасиетті, басы елге сыйлы адамдар көп шығады.

 

Сары тауық жылы

Ш.Жәңгірұлы: «Сары тауық жылы­ның кірісінде аспан кеңістігіндегі жұл­дыз­дар айналым жолын ауыстырады», – деп жазады. Қазақ жылнамашылары Шол­пан жұлдызының өзгерісіне ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Шолпанның жо­ғарыда көрінуі де, көк­жиектен көрі­нуі де, үлкейіп нұр ша­ша көрінуі де, өш­кін­деп көрінуі де есеп­­шілер назары­нан қағыс қалмаған. Мұ­ның бәрі ауа райын­дағы белгілі өз­герістің нышаны саналады. Сары тау­ық кіретін жылы наурызда Шолпан жұл­ды­зы күншығыста маңдайдан көрінсе, аса нұрлы болмаса, келер қыс қатты болмай­ды. Шолпан батыс жақтан табақтай бо­лып сарғайып, көкжиектен көрінсе не­месе төбеге шы­ғып кетсе, қыс суық бо­ла­ды. Оны «Шол­панның сары жұлдыз бо­лып шақшиғаны» дейді. Шол­пан күн батып, ақшам сөне жайырақ туса, аға­рып көрінсе, жақсылықтың нышаны, ауа райының да жылы болатынын көр­сетеді. Күн батар-батпастан жар­қы­рап сарғайып көрінсе, үлкен жұттың, апа­т­т­ың белгісі екен. Қай жылы да наурызда Шолпан тым аласадан немесе тым биік­тен жарқырап сарғайып көрінсе, ол жы­лы ауыр болады-мыс. Шолпан ағарып кө­рінсе, ауа райының жы­лы, заманның жайлы болатыны деп ұқ­қан жөн.

Бұл жылдың кірісінде жауын-шашын аз. Өсімдіктер ерте қурайды. Жемістер қы­сырап қалады. Әсіресе, сары өрік, то­шала, шырғанақ сияқты сары түсті өсім­діктер жеміс бермейді. Адамда сары ау­ру, малда сарбуын, сарып сияқты ау­ру­­лар көп таралып, мерзімсіз іш тастау көп болады.

Сары тауық кіргенде Шолпан батыс­тан шықса, жыл ауыр болады, сары тау­ық шыққанда қайтадан шығыстан кө­рін­се, заман оңалады дейді. Шолпан сол беті батыста тұрып қалса, келесі жыл да ауыр болатын көрінеді.

Сары тауық жылы туған ұлдардан ешк­імге ішін бермейтін, өзінен басқаға қол­дау көрсетпейтін, ойын ашық айтпайтын, көңіліне келген істі өмірі ұмыт­пай­тын кекшіл, өз есебіне келмесе, досын да, дұшпанын да аямайтын жандар көп шы­ғады. Бұл жылы туған қыздар бауырмал, жүрегі сағынышқа толы мейірімді бо­лып келеді.

 

Қоңыр тауық жылы

Қоңыр тауық жылы малға аса жайлы емес. «Қоңыр тауық жылының кі­рі­сін­де жаз жаңбырлы болып, аспан ке­ңіс­ті­гін­де түтін реңдес қоңырша бұлттар кө­­­бейіп, жер бетіне тұман көп түседі. Кез­­д­ейсоқ сел апаты да болып тұрады» (Ш.Жәңгірұлы).

Қоңыр тауық жылы қыс ерте түседі. Жаз­да ғана емес, күзде де жаңбыр көп жау­­ады. Ерте түскен суық күзгі жаң­быр­­­мен араласып, жер күз ортасында қа­­тып үлгереді. Өзен бойларындағы ұзын талшықты шөптер ұйысып, мұз бо­­лып қатып қалады да, малдың аузымен алып жеуіне де, аяғымен тарпып шы­­ғаруына да қолайсыз болады. Шөп үсіп кеткендіктен, малдың ішін өткізіп, ас болуы нашар.

Қоңыр тауық жылы қыс аяғы созылмай, жаз ерте шығады.

Қоңыр тауық жылы адамға жайлы. Раздан Қасенұлы: «Қоңыр тауық жылы адам­да ауру-сырқау болмайды», – деп жазған. Қазақтың «жылың тұман болсын, ауруың тұмау болсын» деген сөзі осы қоңыр тауық жылына қаратылған дейді.

Қоңыр тауық жылы туған ер баланың жаны таза, көңілі жұмсақ келеді. Артық бай­лық жинамаса да, несібесі мол болып, жоқшылық көрмейді. Көзге кө­ріне бер­месе де, елге сыйлы болады. Отба­сын­да бала-шағаға кең, жайлы болады. Бірақ бұл жылы туған ер балаға тіл, көз тез тиеді екен.

Қоңыр тауық жылы туған қыз бала­ның дастарқаны мол, қолы берекелі. Кісі­ге дауыс көтермейді, талас-тартысты ұна­тпайды, мінезі өте жағымды. От­ба­сын­да жайлы, көрші-қолаңға сыйлы.

 

Көк тауық жылы

Көк тауық жылы жазда жаңбыр аса көп жаумайды. Жаңбырсыз жаз деуге де келмейді. Қоңыр салқын, жанға жайлы болады. Жаз күндері үзілмей самал жел соғып тұрады. Ешкі мен сиырдың тойынысы аса жақсы болмайды. Бұл жылы өсімдіктердің жапырағы қалың шығады.

Көк тауықтың қысында қар қалың жау­майды. Бірақ үнемі жел соғып тұра­т­ын­дықтан, қар қатып қалып, дала жайы­лы­сындағы малға қиын болады. Қыс ая­ғы созылып барып шығып, топырақ кеш жылиды да, жер жайырақ көктейді. Көк­тем кезінде малда өлім-жітім көбірек бо­ла­­ды. Жел тимейтін тау арасында, өзен бой­ларында, ықтасын күнгей жерлерде жер ерте көктеп, мал ерте сергиді.

Көк тауық жылы ұсақ малдың төл­де­­­рін­­де көк жақ, қос қарын дерті көп бо­­лады.

Көк тауық жылы туған ұл баланың сөзі аз, мінезі тұйық. Ешкімге жамандық жа­­самайды. Жаны таза келеді. Бір кем­ші­­лігі, басқалардың еркіне көнгіш. Қо­лы­нан үлкен іс келмейтін ұсақ мінезді. Көк тауық жылы туған баладан ел иесі бо­­лып, билік ұстайтын адам көп шық­­пай­­ды делінеді. Бұл жылы туған қыз­дар ерінің сөзін екі етпейтін, отбасы бе­рекесін бәрінен жоғары қоятын асыл жар болады. Ісінен нәтиже шығаратын та­банды еңбекқор.

 

Шұбар тауық жылы

Есепшілер қара шұбар тауық жылы, ақ шұбар тауық жылы, көк шұбар тау­ық жылы және қызыл шұбар тауық жылд­а­ры­ның ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқ­тал­ған. Қара шұбар тауық жылы кіргенде қара боран көп соқпай, жер ерте көктейді. Қысында қар, жазында жаңбыр қалыпты. Егін мен шөптің шығымы жақсы. Бұл жы­лы малға теңге қотыр, адамға қара­мық, қара теміреткі шыққыш келеді.

Ақ шұбар тауық жылы қар қалың бол­ғанымен, боран көп соғады да, қы­рат­­ты жерлерді үрлеп кетеді. Қыс аяғы со­зы­лып шығатындықтан, малға ауыр.

Көк шұбар тауық жылы жазда жаң­быр ала-құла жауады. Ағаш, шөп жа­пы­рақ­тарына құрт түскіш келеді. Көк түсті мал­ға ауыр тиеді.

Қызыл шұбар тауық жылы қыс ыс­қыр­ған қызыл аязды. Жазда аспанда қызыл бұлт көбейіп, жаңбыр аз жауады. Күн тымырсық ыстық болады. Үлкен жұт болмағанымен, малға қатер көп, қызыл сиыр, жирен, құла жылқылардың тойынысы төмен болады. Бұл жыл, әсі­ресе, түйе мен қойға ауыр тиеді.

Шұбар тауық жылы бір жерде қыс қатты болса, бір жерде жылы болады. «Шұбар тауық жұт әкеледі, жұт әкелмесе құт әкеледі» деген сөз бар.

Шұбар тауық жылы туған адамның мінезі аса күрделі. Ер балалардан мінезі кесек әрі қатқылдау келетіндер де, ұса­қ­­шыл күйбең адамдар да кездеседі. Көк шұ­бар тауық жылы туған ер бала өз айт­қанынан қайтпайтын қайсар, намыс­шыл. Басына қандай қиындық түссе де бас­қаларға айтпай, өзі шешуді жөн санай­ды. Көк шұбар тауық жылы туған адам жарақатқа төзімді, науқастанса тез сауығып кетеді. Бұл жылы туған ба­лаға бөрткен жара аз шығады. Ал бас­қа шұбар тауық жылдары туған адам­ға қарамық тектес ұсақ бөрткен көп шы­ға­ды. Көк шұбар тауық жылы ту­ған қыз­дар­дан қасиетті адамдар көп шы­ға­тын кө­рінеді.

 

Қызыл тауық жылы

Қызыл тауық кірген жылы жаз айлары ыстық. «Топырақтың қызуы жоғары бол­ғандықтан болса керек, өрт көп бо­лады екен» (Шаяхмет Жәңгірұлы). Күн­нің жерге деңгейлес келетін жылы бо­латындықтан, жайлау, күзеу, ойлы жерлердің шөбі қалың шығады.

Қызыл тауық жылы қыста қар жұқа бо­лып, боран көп соқпағанымен, үскірік қы­­зыл жүріп, аяз күшті болады. Қысы суық болса да, жазы ерте шы­ға­тын­дық­тан, жайсыз жыл саналмайды.

Қызыл тауық кіретін жылы күз айларын­да аспанда қызыл бұлттар кө­бей­еді. Бұл жылы жылан, бүйі, шаян сия­қты улы зиянкестер көбейіп кетеді.

Қызыл тауық жылы туған ер бала адамдармен тіл табысқыш, отбасылық шаруашылыққа өте бейім. Ел көзіне көп түсуді қаламайды. Қыздар ер мінезді, өңді, жаңа киімге құмар, сәнқой келеді.

Бұл жылы туған адамға қызылша, қамшау, су шешек, қызылша тектес жарақаттар көп шығатыны айтылады.

 

Сұр тауық жылы

Сұр тауық жылын шіл жылы деп те атай­ды. Сұр тауық кірген жылы жаз­ғы­тұ­рым қар кете, қырық күн «қара сәуір» атанған қара боран соғады. Ол жердің дым­қылдығын кептіріп жіберетіндіктен, өсім­діктер жай көктейді. «Сұрша бұлт­тар кеңістікте жөңкіліп батыстан да, шы­ғыс­тан да боран соғып, жер көктемін қор­ғалатып тастайды» (Ш. Жәңгірұлы). Көктемде арық малдан шығын көп бо­ла­тыны сондықтан. Жазда үнемі ұйт­қы­малы жел тұрып, бұлтты көтеріп ке­те­тіндіктен, жаңбыр аз жауады. Көктем на­шар болғанымен, шөбі құнарлы келеді. Сұр тауық жылы қыс жай түседі де, қары жұқа, күні жылы, борансыз келіп, мал күйін сақтап қалады.

Сұр тауық жылы туған адам тыныш­тық көрмейтін еңбекшіл келеді. Алайда, ұл­дардың тапқаны тамағынан аспайтын та­бысы аздары, отбасы тірлігінен ұза­май­тын, тамақтан басқа ештеңе ойламайтын ұсақ адамдар да көп кездеседі. Қыз ба­лалар қыдырма, үйге тоқтамайтын, отбасына суық болады делінеді.

 

Бабайғақ тауық жылы

Шаяхмет Жәңгірұлы: «Бабайғақ жон таулардағы қара бұталардың арасында өмір сүретін құс, тауықтың жабайы түрі деуге болады, түрінде де, мінезінде де тауықтан айырмашылық жоқ. Әтештері шақырып жүреді. Құйрығы қысқа, де­не­сі тауықтай, әтештерінің басында тау­ықтікі сияқты қызыл айдары бар, Алтай тауларының барлық жон жер­ле­рінде кезігеді. Ұзап ұша алмайтын құс, жорғалап жүреді. Жауларынан жа­сы­рын­ғанда бұталар, бүрген арасына бой та­салайды», – деп жазған.

Бабайғақ тауық жылы көктемде жаң­быр аса көп болмайды. Бірақ жауын­сыз жыл да емес. Жазда бұта, бүргеннің, ор­ман­­ның көктемі жақсы келеді де, жа­зық өңірлердің көктемі аса жақсы бола бер­мейді. Қыста биік таулы өлкелерге қар аз жауады. Ой өңірлерде қар қалың келеді. Бірақ шуақты күндер көп болғандықтан күн­гей беттердің қары ерте кетіп, жер қарайып, мал жайылымнан тарықпайды. Боран соқпағандықтан қар қатпайды да, тау­ларда көшкін көп жүреді.

Жазық жерлерде, өзенді өлкелерде қар қалың түсіп, боран қатты өршиді.

Бұл жылы туған ер адамның мінезі жай­дары, мейірімді, алайда, өзін көр­се­­туге аса құмар емес. Қыздар аз сөзді, ақыл­ды, жан жылуы мол.

 

Күрке тауық жылы

Күрке тауық – тұқымдастардың ішін­дегі ірісі. Қолда да бағылатын, жабайы түрі де болатын құс. Жабайы күрке тау­ықтар таулардағы жынысты қалың ормандарда жасайды. Мамығы қара, мойны ұзын, басында салақтаған қызыл айдары болады. Басқа хайуанаттарды көргенде екі қанатын жазып, мойнын жерге салып, күркілдеп айбар көрсетеді.

Тауық жылдарының ішінде бұл жыл есіл жыл делінеді. Ол кірген жылы көктемде жаңбыр көп. Күні жылы болып, жер ерте көктейді. Жазы қоңыр сал­қын келіп, малдың тойынысы өте жақ­сы болады. Күрке тауық жылы қыс­та қар қалың жауады. Суық күшті бол­май­тындықтан, қар қатпайды да, мал жай­ылыстан тарықпайды. Бұл жылы дерт­-дербез көп та­ралмайды. Күрке тауық жылы туған ер бала ­сыр­т­­­қа айбарлы, есесін жібермейтін айлакер ке­леді. Басқаларға зияны тиетін істерге көп бармайтын ақ көңіл. Өзін қорғауға мық­ты болғанымен, басқаларға ықпал жасауға олақ келеді. Қыз балалар қолы берекелі, отбасын қорғауды өз парызы санайтын қасиетті ана болады.

 

Ала тауық жылы

Ала тауық кірген жылы жазда жаң­быр ала жауып, жердің көктеуі де ала бо­лады. Таулы, орманды өңірлерде жауын көп, жазық, ой өлкелерде аз түседі. Қыс­тағы қар да әр өңірге әртүрлі жауады. Таулы өлкелерге қалың, ой өңір­лер­де жұқа түседі. Қатты боран бол­ма­ғанмен, құс қанатының лебіндей же­ле­мік үзілмей, қарды қатырып тастайды. Қыс­тағы қасат сүрі қардың мал жайылы­сына тигізетін ықпалы күшті болып, ала тауық жылының шығысы қаттылау ке­леді. Көктемде мал шығыны көбірек бо­лады.

Жерімде жұт болған соң ала тауық, Көшіп ек басқа жаққа қоныс ауып. Малы жоқтың әлі жоқ деген мақал, Басқалардан жан бақтық сауын сауып, – дейтін халық өлеңі сақталған.

Ала тауық жылы туған ер адамдарда айтқанында тұрмайтын екі сөзді, мі­нез­дері аса қатты болмаса да, кісіге жа­нашырлығы аз, адамдарға іш тартпай­тын, сырын ішіне жасырып жүретін өзім­шілдер көп кездеседі. Қыз балалардан мінезі тұрақсыздау келсе де, жаны та­за, адал болады. Ала тауық жылы туған адам­дар ақтаңдақ, ақ теміреткі, шаш тү­су сияқты ауруларға оңай шалдығады.

 

Құр тауық жылы

Қазақ есепшілері құрды тауықтың жабайы түріне жатқызған. Шаяхмет Жәңгірұлы құр мен қырғауылды бір жылға теліген. «Алтай тауларында болатын құр басында қызыл айдары бар, реңі қара ала және сұр шұбар болады. Ай­туларда қара аласы әтеш, сұр шұ­ба­ры мекиен екен. Ерен тауларында бо­ла­тындары ұзын құйрық қызыл шұбар жә­не жоғарыдағы тектес мекиендері сұр шұбар болып, Алтайдікіндей ұш­қыр емес, атпен соғып алуға болады. Жа­ратылысы ұқсас, оны қырғауыл деп атайды» – деп жазады. Бұл ретте құр мен қырғауылды тауықтың екі тү­ріне жа­т­қызған Раздан Қасенұлының қол­жа­з­­басы ақылға қонымды.

Құр тауық жылы көктем ерте шы­ға­ды. Күн жылы, жаңбыр қалыпты болып, жер ерте көктейтіндіктен, мал ерте се­мі­ре­ді. Жазда да жаңбыр жиі жауып, шөп жақ­сы шығады әрі құнарлы болады. Сол се­бепті малдың тойынысы да жақсы.

Құр тауық жылы қыс қатты болмайды. Қар орташа жауады. Күн аса суық болмайтындықтан, қар ұлпа қалпында қалады. Күнгей жерлерге шуақ ерте түсіп, ағаш, бұта түптері қарайып, кө­з­е­лек ерте шығады. Әсіресе, бөктер тау­лар­да қар орташа жауып, қыс аса жақсы бо­л­ады. Бұл – ауру-сырқау аз, кездейсоқ өлім-жітім болмайтын, малға жайлы, адам­­ға құт жылдардың бірі.

Құр тауық жылы кеште туған қыз баланың істеген ісі өнімді, өмірі бақытты болады. Ал таңда немесе күндіз туған бала құр сияқты ойын құмар келеді де, көп уақыты босқа өтеді. Ұл бала мінезі жайлы, ел еркесі – сері болады.

Жалпы, тауық жылы туған ер адамдар ұсақшыл келіп, атақ-абыройы алысқа кет­пейді. Әйел адамдардың тағдыры жақсы болады, кәсібіне мықты атақты адамдар шығады. Қазақта «қызыңның жылы жылқы болмасын, ұлыңның жылы тау­ық болмасын» деген сөз бар. Тауық жы­лы кеште туған адам мінезі ауыр, қи­мылы жай, сөзі аз, жұмысқа бос келген­мен, несібесі мол, талантты, жолы сәт­ті, өмірі бақытты болады. Таң ата неме­се күндіз туған адамдар мінезі жеңіл, әре­кеті тынымсыз, еңбекқор келгенімен, тап­қан табысы тұрмысынан аспайтын, еңбегі еш болып, өмірінің ақырына дейін тыныштық көрмейтін бейнетқор келеді.

 

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты