• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Сәуір, 2017

Ел тыныштығы – өсіп-өркендеу кепілі

3556 рет
көрсетілді

Қай мемлекеттің болсын айбарын аспандатып, халықтың тыныштығын қор­ғау­да елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқық­тары жоғары деңгейде қорғалып, кез келген ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп, темірдей тәртіп сақталған жерде ғана мемлекет экономикасының абыройы артып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қадам басатыны анық. Елбасы сөзімен айтсақ, мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігі мен тыныштығы – тұрақты дамудың кепілі. Мәселенің осы жағынан келгенде, ішкі қауіпсіздігімізді қадағалаудың айнасына айналған Ұлттық ұланның атқарып жатқан қызметі айтарлықтай екенін анық аңғарамыз. Осы орайда, біз Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы­ның қолбасшысы генерал-майор Қайрат АҚТАНОВПЕН жүздесіп, әңгі­ме­лескен едік.

– Қайрат Михаилұлы, тәуел­сіз еліміздің ішкі қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған Ұлттық ұланның, оның ішінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Ұлттық ұланның тарихы тәуелсіздігімізбен астасып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ішкі қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуші орган ретінде бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланды ал­ғаш рет 1992 жылы құрған еді. Содан бері ол қанатын кеңге жа­йып келеді. Ұлттық ұланның жеке құрамы алға қойылған тапсыр­маларды сенімді орындап, жеке адам мен азаматтардың конс­ти­туциялық құқығын, тыныш­тығы мен қауіпсіздігін, қоғам құнды­лық­тарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерден жан-жақты қорғау жолындағы қызметін құқықтық шеңберде іске асырып келе жатыр.

2013 жылы әскерді басқару тетігі жаңа заманауи жүйеге ауыс­тырылып, бұрынғы брига­д­алық қалыптан еліміздің төрт өңірінде басқарылатын өңір­лік қолбасшылық жүйесіне өтті. «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» сияқты өңір­лік қолбас­шылықтармен қатар, «Оң­түстік» өңірлік қолбас­шы­лығына да жүктелген міндет өте жауапты. Біз қызмет ететін «Оңтүстік» өңір­лік қолбасшылығының құра­мына 11 әскери бөлім кіреді. Өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің әскери қызметші­лері Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Тараз сияқты еліміздің үлкен маңыз­ды қалаларындағы қоғамдық қауіпсіздік пен қала көшелеріндегі тыныштық мәселесін, сонымен қатар, стратегиялық маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, құпия жүктерді сүйемелдеп алып жүру, сотталғандарды айдауылдау, төтенше жағдайлардың салдарын жою сияқты маңызды мін­деттерді атқарады.

– Қоғамдағы заңсыз әрекет­тердің жолына тосқауыл қою мәселесінде ұландықтардың алатын орны қандай?

– Біздің Ұлттық ұлан әскері­нің құрамы ел тыныштығын қада­ғалап, қоғамдық орындардағы тәр­тіп­тің сақталуын бақылауда көп­те­ген міндет атқарады. Сон­дай-ақ, елімізде өтетін айтулы шаралар мен мерекелер кезін­дегі қауіпсіздік мәселесін бақы­лауды әрдайым назарға аламыз. Мәселен, биыл Алматы қала­­сын­да жалауын көтерген XXVIII қысқы Универсиада кезін­де мыңдаған сарбазымыз тіке­сі­нен тік тұрып спорттық шара­ның ойдағыдай өтуіне атсалыс­ты. Өт­кен жылы Алматы қаласының Нау­рызбай ауданында орын алған сел кезінде 68 303, 28 237 әскери бө­лім­дер құтқару жұмыстары мен халыққа қызмет көрсету істерін­де табандылық танытты. Қаладағы «Барахолка» базары өртке оран­ған тұста 5 571 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылып, халықтың қауіпсіздігі мен абыр-сабыр кезіндегі құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алды.

– Жауынгерлік даярлықтың негізі саналатын тәртіп мәсе­лесінің жай-күйіне көңіліңіз тола ма? «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарас­ты әскери бөлімдердің материал­дық тұрғыда жабдықталуы мен әскери қызметкерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуы жайлы айтып өтсеңіз.

– Елімізге нұқсан келтіретін кез келген қауіп-қатер түріне дайын болу, оған қарымды тойтарыс беру үшін Ұлттық ұланның басқару аппаратының ықпалын көтеру, жеке құрамның техникалар мен қару-жарақтарды жетік меңгеруіне күш салу, сарбаздарды оқытып-тәрбиелеу, жауынгер­лік дайындықты әрдайым биік деңгейде ұстау айрықша назарда екенін атап өткім келеді.

Соған орай, мемлекет тарапы­нан әскерімізді материал­­дық-тех­н­и­калық қамтамасыз ету жайына баса назар аударылып келеді. Ұлттық ұланды дамыту мен жетіл­діруге арналған арнайы бағ­д­ар­лама аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық әскери бөлімдер мен құрылымдар жаңа техникамен, соңғы үлгідегі қару-жарақ, қорғаныс құралдарымен жарақтандырылуда. Бар жігерін, қажыр-қайратын Отанға қыз­мет етуге арнайтын біздің сарбаз­дарымызға әлеуметтік қолдау көрсетіп, олардың жеке өмірі мен тыныс-тіршілігіне демеу болу әрдайым бақылауда.

– Ерлік қайдан бастау ала­ды? Естуімізше, Ұлттық ұлан­да бейбіт күнде ерлік жаса­ған әскери қызметшілер көп. Көз­сіз ерлікке барар ерлерімізді тәр­биелеу мәселесіне тоқтал­саңыз.

– Иә, оныңыз рас. Түрлі қиын­дықтар кезінде жанкештілікке барып, өз басының амандығын емес, еліміздің болашағын ойлап, басын қатерге тіккен қыз­мет­­керлеріміз де баршылық. Мем­­лекет тарапынан бейбіт за­манның ондай батырларына барынша қолдау көрсетілуде. Ол азаматтарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Мемлекет мүддесі мен ел болашағы жолында аға буынның жауынгерлік дәстүрлері бүгінде Ұлттық ұлан­ның сапында қызмет етіп жүрген жауынгерлер тарапынан лайықты жалғасын табуда.

Осы ретте, Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы «Оңтүс­тік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6 698 әскери бөлімінде қызмет атқаратын тәуелсіздіктің төл құрдасы Ербол Отарбаевтың ерен ерлігіне ерекше тоқталуға болады. 2010 жылы 22 маусымда Ақтау колониясынан қашпақ болған 21 сотталушының жолын кескен қатардағы жауынгердің ерлігі ел жадында. Жауынгерлік борышын атқару кезінде көрсет­кен ерлігі үшін Елбасы Жар­лығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол кезде Ақтауда №6656 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген небәрі 19 жастағы сарбаз жігіттің ерлігі әп-сәтте-ақ ел ішіне тарады.

Сондай-ақ, Ұлттық ұланның сапында жауынгерлік борыштарын атқаруда азаматтық танытып, қауіпті қылмыскер­мен күресте өз өмірлерін ажалға ті­гіп, батырлығымен танылған лей­­­тенанттар Жандос Баянбаев, Ақыл­­бек Қоңыров Елбасымыздың қолы­нан жоғары мемлекеттік «Айбын» орденін алған болатын. Ал өткен жылы жас жауын­гер­ді граната жарылысынан дене­сімен қорғап қалған ұлан­дық полковник Қайрат Үм­бетовке Халық қаһарманы атағы бе­ріл­генін білесіздер. Ал Ақтөбе­дегі діни экстремистермен ерлік­пен шайқасып, міндеттерін мін­сіз атқарған жауынгерлеріміз Бақтияр Қайырбеков, Сырым Сүндетов, Денис Чернышов және Ақжол Шайсұлтанды айрықша атап өткім келеді. Мұның барлы­ғы – отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі.

– Жастардың Ұлттық ұлан­ға деген құлшынысы мен қы­зы­ғушылығы қай деңгейде деп ойлайсыз? Болашақта Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарсам деген азаматтарға қойылатын басты талап қандай?

– Қандай салада болса да ел игілігі жолында қызмет ете­мін деген кез келген азамат өз қыз­метіне адалдық танытуы қажет. Әсіресе, әскери салаға кел­сем деп ниеттенген өскіндер өз елі­нің патрио­ты болғаны абзал. Терең білім, парасаттылық пен ұстамдылық, қайраттылық пен жігерлілік, рухани қуаттылық сияқты негізгі факторлар бойында болған азамат нағыз әскери өмірдің айнасына айналады. Ұлан шебінде қызмет ету – кез келген сар­баздың арманы. Болашақта Ұлан сапында қызмет етсем дей­тін кез келген азамат білімі мен білігін жетілдіріп, ішкі рухы мен сыртқы қуатын қа­тар дамыта оты­рып шыңдалуы керек деп есеп­теймін. Себебі, Мәң­гілік Ел­дің ұлы керуенін түрлі қауіп­терден кірпік қақпай күзететін – осы қазақстандық сарбаздар.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ