• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Мамыр, 2017

Дүлдүлдер галереясы

227 рет
көрсетілді

Елордадағы Тәуелсіздік Сарайының көрме залында суретші, Дизайнерлер одағының мүшесі Мұхтар Байбосыновтың «Ән-күй озаттарына ізет» атты көрмесі ашылды.

Тәуелсіздік сарайында жыл сайын отыздан аса көрме ұйымдастырыла­ды. Көрме балалар шығармашылы­ғы­нан ересектердің өнеріне дейінгі аралықта түрлі жанрды, түрлі тақы­рып­тарды қамтиды. Мұхтардың шығар­ма­шылығына арналған көрменің де өзіндік ерекшелігі бар. Өз тілімен айт­қанда, «ән-күй озаттарына ізет» көрсету арқылы қазақ даласында әр кезеңде өмір сүрген өнерпаздардың тұтас галереясын жасап, оны көрермендерге үйлесімділікпен ұсына білген. Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мұхит Мералыұлы, Кенен Әзірбаев, Майра Уәлиқызы, Дина Нұрпейісова қатарлы жиырмадан аса бұлбұл мен дүлдүлдің портреттерін кенепке салған суретші дала өнерпаздарының ірі, кесек тұлғаларын бейнелеген. Майлы бояумен салынған әр тұлғаның өзіне тән қайталанбас мінез-құлқы «мен­мұн­далайды», ал өнерпаздың артқы жағында сол кездің әлеуметтік өмірінен алынған сюжеттер көз тартады. Жалпы, көрмеге портреттерден бөлек еліміздің ландшафттары бейнеленген 20 шақты сурет қойылған. Тәуелсіздік сарайының Көрме ұйым­дастыру бөлімінің жетекшісі Айнұр Абул­қайырованың айтуынша, шын мәніндегі шығармашылық иелеріне, Тәуелсіздік сарайындағы өзі қызмет ететін бөлімнің есігі қашан­да  ашық. Мұнда тек қана отандық шығар­ма­шылық иелері ғана емес, шет елдерден де келіп, көрме ұйымдастыратын өнер адамдары бар. Оның бер жағында түрлі қайырымдылық шаралары да көптеп ұйымдастырылады. Бірақ, іс-шараның қай-қайсысы болсын  сарайдың негізгі тұжырымдамаларына сәйкес келуі керек. Мазмұны мен мағынасы терең болмағы шарт. Осы тұрғыдан алғанда бөлім жетекшісінің пікірінше, Мұхтар Байбосыновтың өнер адамдарына арнап салған портреттер сериясы көрерменнің санасын рухани тұрғыдан жаңғыртып еліміздің нағыз айтулы өнер иелерінің бейнелерін жадында сақтауға септігін тигізбек.   

Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар