Шашын кірпі етіп қырыққан, шапыраш көзді ақ сары ғалым шәкіртін әңгімеге тарта сөйлеп отыр. Ашаң қараторы шәкірт көңілсіз. – Кандидаттық диссертация тақырыбын «Көне түрік ескерткіштері және оның қазақ әдебиетіне қатысы» етіп бекітсек қайтеді? – Қиын ғой, Бейсаға. Оның үстіне мен Шахаңның драматургиясына маманданып қалдым ғой. – Бәлі, ғылым жолында жаңа гүл ашқалы тұрған азамат. Қиындықтан сен қорықсаң не болғаны? Драматургия дейсің, Шахаң дейсің, оларың кенжелеп пайда болған жанр, бір-бірімізге ықыласты жүреміз Шахаңмен, бірақ бір кісінің әлі аяқталып жетпеген творчествосынан ғылым жасап бола ма, тәйірі?! Ұстаз кейіңкіреп бастап, көсіле сөйледі. Ғылымға дегенде қазақ үшін жолдың тар болып тұрғанын айтты. Ғылымды қолдан қиындатып болдық. Бәрі Мәскеуге қарайды. Арғы тегіміз ер түрікті Мәскеу айтқызбайды. Қазан төңкерісінен әріге жол жабық. Сенің де тайсақтап отырғаның міне, осыдан. Түсінемін. Алашорда қайда? Хандық дәуір әдебиеті қайда? Түрікті жырлаған қайран ұстаз Мағжан! Өзі де 1941 жылы хандық дәуір әдебиетін мәселе етіп көтеремін деп айықпас пәлеге қалған жоқ па? Алтын Орда әдебиеті ше? Тым әріге Түрік қағанаты дәуіріне қашан барамыз? Бәріміз сенім артып отырған талантты деген Мырзатайдың қашқақтап отырғанын көрмеймісің? Қашайын деп қашып отыр ма?! Қазақ үшін ғылымды қыспақтап тастадық емес пе? Қазан төңкерісі, коммунистік партияны айтпасақ ғылым жасатпайды, жастарды қорғатпайды... Соңғы кезде орыста Лев Николаевич Гумилев есімді тарихшы шығып жүр. Қияпаты бөлек. «Көне түріктер» жайында жазады. Алтын Орда алауыздықтан құлаған кезде аман қалған екі-үш хандықтың бірі – Қырым хандығы. Анна Ахматова Қырым ханы Ахметтің жұрағаты. Вновь подарен мне дремотой Наш последний эвездный рай – Город чистых водометов, Золотой Бахчисарай! Ұстаз өлеңдетті. «Мне от бабушки-татарки, Были редкостью подарки; И зачем я крещена, Горько гневалась она» – деп бір тыныстады. Сосын Москвада қызмет еткен кезімнен қалған көне сүрлеумен сұрастырып қарасам Гумилев Анна Ахматованың баласы екен – деп қиялын қыдыртып барып бір-ақ тоқтады. Сосын Анна Ахматова соғыс жылдарында Ташкентте тұрған дегенді қосты. Жирмунский де Тәшкенге ығысып келді соғыс жылдарында – деп жалғады. Шіркін, Жирмунский Алматыға бөлінгенде «Алпамыс» туралы кітапты қазақ эпосы етіп, бірге жазар ма едік?! Виктор Максимовичпен бірге «Узбекский народный героический эпос» (М., 1947) атап кітап жазу Хадиға (Зарифовқа) бұйырды – деді күрсініп. Өз баласының дертімен емес, алдынан жылма-жыл өтіп жататын алаш балаларының дертімен ауыратын шынайы ұстаз, қайтсем қазақ әдебиетінің тарихын түрік халықтарына ортақ тамырға жеткіземін? – деп түн ұйқысын төрт бөлетін, «жұрттың пікіріне ере бермейтін» (М.Жолдасбеков) терең танымды табанды ғалым сөзінің аяғын шалт түйді де кесімді бір-ақ айтты. Әңгімені әріден сабақтап талантты шәкіртін Түрік қағанаты дәуірінің рухани игілігіне бағыттап сөйлеген профессор Бейсембай Кенжебайұлы еді де, көне әдебиетті зерттеуге қайыл болмай келіп, біртіндеп бейіл берген балаң шәкірт Мырзатай Жолдасбеков болатын. ...Аса дарынды ғалым, алымды-шалымды зерттеуші Мырзатай Жолдасбеков жайында ойласам осындай қиналысты көрініс көз алдыма келеді. Мырзатай Жолдасбековтің түріктанудағы «еріксіз» осылай басталған жолының аяғы қайыр. «Әдебиет тарихын зерттеушілердің пірі» (М.Жолдасбеков) атанған ұлы ұстаз бағыттауы берен ойлы балаң зерттеушіні кеніш олжаға жолықтырды дер едім. Жас зерттеуші алдымен тарихта қағанатқа айналып салтанат құрған, сол сән-салтанатты кейінгі ұрпаққа тасқа ойып жазып руханият қалдырған «Түрік қағанаты» тарихына ден қойды. Түрік халқынан (шуаш) шыққан атақты синолог Н.Я.Бичурин, А.Н.Бернштам, П.В.Голубовский, Л.Н.Гумилев еңбектеріне зейін қоя отырып алдымен тарих ақиқатын орнықтырды. Бумын қаған, Тоныкөк, Білге қаған, Елтеріс, Иолық-тегін өмір сүрген уақыт, ұстанған саясат, жүргізген жорықтардың тарихы, табиғаты анықталды. Содан соң «Орхон-Енисей руна жазуларының» табылуы, оқылуы, зерттелуіне ден қойды. Табылуы, зерттелуі бұрынғы-соңғы әдебиеттер арқылы анықталып тәптіштеле берер-ау, «оқылуын» айқындау, дұрыс оқылды ма, жоқ бұрыс оқылды ма, оны анықтау үшін зерттеушінің өзі тасқа ойып жазылған руна әліпбиін білуі керек қой. Жас зерттеуші алдындағы асу бермес аспа осы еді. Ал, Мырзекең «Орхон-Енисей руна жазуларын» оқыды. Өзінің перзенттеріне үйретті. Алдынан дәріс алған бізді баулыды руна әліпбиіне. Сол тұста руна жазуларын оқитын түріктанушылар шығатын болды деп Бейсекең баладай қуанды десеңізші?! Өкініші, Мырзекең мансабы жоғарылап декан қызметіне өсіп кетті де, жарты жыл ғана руна жазуымен шұғылданған біз қазаққа тән бейғамдықпен білгенімізді ұмытып, таз қалпымызға қайта түстік. Бейсекең сенімін ақтағанымыз болмады ішімізде. Швед офицері Иоганн Страленберг, Григорий Спасский, Н.М.Ядринцев, дания ғалымы Вильгельм Томсен, тегі неміс В.Радлов, С.Е.Малов, қазақ А.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, Ғ.Айдаров еңбектерін жинақтай оқып барып, ғылыми қорытынды жасады. Томсеннің қаншалық ашқанын, ұстазының досы, арғы тегі қазандық Маловтың қай дәрежеде оқып, қанша ескерткішті қағыс қалдырғанын терезесі тең отырып талдады жас ғалым. Қызық бар, Орхон-Енисей баба жазуларын тарихта тұңғыш ежіктеген Томсеннің ұлы ғалым екеніне дау жоқ. Еуроцентризм шалығы ма, әлде басқалай себебі бар ма, өз тарихына тартқанымен ештеңе шықпаған соң күдерін үзді ме, әйтеуір әлем мойындаған Томсен жарықтық, өз елінде өлген соң ешкім болмай, ескерусіз қалыпты. Бәлкім, «кім-кім де өз елінде пайғамбар еместің» кері. Әйтеуір, аты жазылған мемориалдық тақтайша сынып, қирап, көшеде жолда жатса керек. Жолы түсіп Данияға бара қалған Мырзекең іс-сапар мерзімін создырып, жан қалтасынан қыруар қаражат шығарып, атын көшесіне дұрыс жаздырып, сынған мемориалдық тасты қайта қалпына келтіріп, ғылым жолында ұстаз тұтқан Томсеннің «қисайған жағасын» қайыра түзеп қайтыпты. Алпысыншы жылдары руна жазуларын оқу жолында жіберілген қателіктерді анық байқап, ақық танып, жалғай жаңаша оқу, оқи отырып ойын ғылыми дұрыс трактовка жасау – үлкен рухани олжаға кенелтті Мырзекеңді. Мырзекең кейін осы ісін «Үлкен Атласта» сәтімен жақсы жалғады. Ғылым жетіліп отырмақ мұрат. Бүгінде Мырзекең көркем образ райында жаңаша тұлғалаған Бумын қағанды ізбасар інісі Орынбай Бекжан Божбан қаған деп танып, С.Е.Малов қате оқыған кейбір жазбаларды жаңаша оқып жүрген жайы бар. Тіпті «Алпамыс батырды» Алпамыш, Алып Манаш, Алып Манас... етіп Божбан қағанның айналасынан шығарып жүргенін қайтерсің!? Ойланатын жағдай! Аса білімпаз (Бейсекеңмен достық қатынаста болған) В.М.Жирмунский «Алпамыш батыр жырын» өзбектің батырлық эпосы дегенде де 62 баулы көне Қоңыраттан бөле-жара қараған емес. Қоңыраттың Байсынды жайлаған 60 бауы Өзбекстанда, әуелде сартқа сіңген, соңынан өзбек ұлтын құраған, кейін өзбек халқын қалыптаған ұлы ұлыс! С.Е.Малов «Көне түрік жазба ескерткіштері» аталатын еңбегінде руна жазуларын ғалымға тән мінезбен дәлме-дәл аударғаны белгілі. Оны аударма теориясында «жолма-жол аударма» атайды. Ал екінші бір оқымысты көне түрік (Орхон-Енисей, Бабыр т.б.) өлеңі теориясын орнықтырушы И.В.Стеблева поэтикалық аудармасын жасағанын оқып білеміз Мырзекең зерттеуінен. Күллі түріктанушылар зират басындағы тасқа қашалған жазу болғандықтан эфиграфикалық белгі жазу, әрі кеткенде мемуарлық сипаттағы қарасөз деп танығаны жанына бататын М.Жолдасбеков И.В.Стеблеваның поэтикалық аудармасына балаша қуанады. Қуанып қана қоймай, москвалық ортаның: «Өзінің сыпаты жағынан бұл шығармаларды поэтикалық туынды деуге болмайды» (А.Щербак), «И.В.Стеблеваның монографиясы Күлтегін мен Тоныкөктің құрметіне арналған жазуларды поэтикалық туындыға жатқызып және оны тарихи поэма ретінде дәлелдеуге әрекеттенген. Туындыгердің әрекетіне қарамастан, біз ол ескерткіштерден өлеңге тән – ырғақты таба алмадық. Сол себепті де, А.Щербактың ақындық шығармаға жатқызуға болмайды деген тұжырымына қосыламыз» (Л.Н.Гумилев) секілді оппоненттік пікірінен арашалайды. Міне, қазақтың сол кездегі жас түріктанушысының өресі! Стеблевашыл бола тұра, әріптес ғалымның күллі ескерткіш жазуларын төрт жол, бір шумақ етіп аударуынан бойын тартады. М.Әуезов, Ә.Марғұланның арналы зерттеу арасында айтып-айтып қалатын тас жазулардың эпикалық дәстүрден тыс тұрмағаны жөніндегі қарапайым ақпаратты құлағынан көтеріп, ескерткіштің әлқисса деп басталып, әлқисса деп жалғасатын түсіндірме сөз аралас жыр үлгісі деп дәлелдейді. Айта қалғандай жаңалық еді. Дарынды жас зерттеуші М.Жолдасбековтің ойсан жаңалығы «Орхон-Енисей тас жазба ескерткіштерінің» жанры жөнінде. Ескерткіштердің жанрын теориялық тұрғыдан анықтаған Мырзатай Жолдасбеков жанр табиғатын, оның көркемдеуші құралдарын тергіштеумен ашты. Тас жазулардың табиғатына образдар арқылы, образды жасаған тілдік көркемдік кесте арқылы да кіре білді. Мырзекең еңбегіндегі аса бір қызық зерттеу – «Орхон ескерткіштері және қазақ эпосы». Онда Орхон-Енисей руна жазуларын қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды» жырларымен өзара сабақтастыра қарап олардың бір табиғатты екенін әдемі анықтайды. А.Н.Веселовскийдің «батырлардың ерлігін жырлаған эпос сол халықтың қалыптасуымен қатар туғандығы» жайындағы пікірін ту етіп ұстаған ол тас жазулардың ең байырғы эпикалық қаһармандық дастандар екенін, оның қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса айтылып келе жатқан батырлар жырымен табиғаты бір екенін әдемі ашады. Әсіресе, өзара салыстыра зерттеуде сүйенгені «Алпамыс батыр» жыры болып шығады. «Алпамыс батыр» жырын молынан зерттеген ғалым В.М.Жирмунский. М.Жолдасбеков өз зерттеуінде Жирмунскиймен ой жарыстыра, жарыса сөз саптағанда қыбың қанады. «Тасқа басылған демекші, «Алпамыс» эпосының Орхон дәуіріне жалғасты шыққандығының айқын бір дәлелін жырдың өз ішінен табамыз» – дейді ғалым. Шаң астына қараса, Айшықты ала ту көрді. Ту астына қараса, Жер қайысқан қол көрді. Қол астына қараса, Ақ шатыр мен көк шатыр Баратын тура жол көрді. Аяғының астында, Тақтай тастың бетінде Жазылған таста хат жатыр – секілді жыр жолдарын келтіре отырып, (асты сызылған жолдар) «Айшықты ала тудың», «Ақ шатыр мен көк шатырдың» түріктік тәңірлік таным жемісі екенін ашады. «Жазылған таста хат жатыр» жолы арқылы оқырманды да, ғылыми ортаны да ойландырады. «Октябрь революциясына дейін екі-ақ процент сауатты болған» делінетін қазақ халқының білім қайнарының тұма бастауына бағыттай ашады. Хатқа бала қараса, Іші толған тамаша, Талай-талай кеп жатыр Түсінбеген түсінсін, Болмаған бұрын сөз жатыр – деген жыр жолдарына назар аударып «жырдың ең көне жолдарының бірі осылар деп есептейміз. «Алпамыстың» ең алғашқы нұсқасында тастағы жазудың мазмұны толық болған деу керек, амал не, ғасырлар өткен сайын ол жазулар ұмытылып, осы күндері «сол жазулардың ішінде» не бір болмаған сөз бар еді» деген тәрізді елесі ғана қалған. Жалпы ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға ауызша тараған әдебиет үлгілерінің тағдыры осындай!» – деп ғылыми тың оймен және күрсініспен түйіндейді. Бұл Мырзатай аға Жолдасбековке дейін ашылмаған эпос әлемі, айтылмаған тың сөз, ғылыми жаңалық. Жоғарыда біздің қазақтың қаршадай баласының ғылыми еңбегіне сүйсініп Жирмунскиймен жарыса сөз саптайды, жарыса ой баптайды дейтініміз де осыдан. Тап осы мәселе білімпаз Жирмунский бара қоймаған, Мырзекең еншісіндегі жаңа да сара сөз еді. Аса дарынды зерттеуші, жас ғалым алпысыншы жылдардың аяғында осындай сүре жолды ізденістермен келіп «Көне түрік ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» тақырыбында кандидаттық диссертацияны табысты қорғады. Ұстазы профессор Бейсембай Кенжебайұлы ұзаққа созылған қиналысты, бірақ сәтті қорғаған шәкіртінің тойынан оралып түн жарымында жазу үстеліне отыра қалып: «Мырзашым қорғады! Жеңіске жеткен, бақытты күнім!» – деп қысқа да, нұсқа көңіл күй әуенін ақ қағазға түсіріпті. М.Жолдасбековтің диссертациясын сәтті қорғауына қуанған бір Бейсекең емес, ғұлама Әлкей Марғұланнан бастап ұлт әдебиетінің терең тарихына тілеулес жандардың бәрі де бір кісідей қуанды. 1967 жылы профессор Бейсембай Кенжебайұлы басшылығымен көп авторлы (Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдықов) «Ертедегі әдебиет нұсқалары» оқу құралы әупірім тәңірмен жарық көрді. Әупірім тәңірмен дейтініміз, кітаптың жарыққа қалай қиналыспен шыққанын білгендіктен де айтамыз. Ұлттық әдебиеттің ежелгі тарихына тартылған алғашқы сүрлеу жол дерлік оқу құралы жарық көргенде одақтық «Вопросы литературы» журналы «Хрестоматия «Памятники ранней литературы» имеет большое научное значение. С выходом ее в свет «возраст» казахской литературы увеличился на двенадцать столетий» («Вопросы литературы», №6, Москва, 1968. 224-225 стр.)-деп жазуы – Бейсембай Кенжебайұлының «Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебінің» алғашқы мойындалуы. «12 ғасыр» дегенде сыншының ден қойыңқырап отырғаны, әрине, Мырзекеңнің өрісті қиялы мен қуатты қаламынан туған түрік ұлт-ұлыстарына ортақ әдеби ескерткіштер жайындағы зерттеуі! Айтар сөзімізді бір түйіп өтсек, «Асыл арналар», «Тастар сөйлейді» атауларымен жарияланып жүрген М.Жолдасбеков зерттеуі – қазақ әдебиеттануына құбылыс, түріктануға жаңалық болып енген еді. Жаугершіліктен жылаған жұртымызды түгендеп, түрік ұлт-ұлысын (Қазақ) ұлықтаған еңбек болып келді руханиятымызға! Одан бері де М.Жолдасбеков «Қорқыт ата», «Оғызнамедан» тартып, Жамбыл жырауды ақындық айналасымен зерттеп шықты. Жамбылды ортасымен алып тұлғалағанда Мырзекең көбіне Есмағамбет ұстазын алдына ұстап, әмсе ұлы Мұхтар Әуезовше көсіліп толғанған. Әңгімеміз Мырзекеңдей кемеліміз жайында еді-ау. Ұлы М.Әуезов, ғылыми ойлары толымды С.Мұқанов, күллі қазақ халық ақындарының рухани қазығына айналдырып зерттеген («Ақындар» аталатын монография жазған) Е.Ысмайылов, ақындық құпиясына үңіліп ауызша шығармашылық психологиясына ене жазған Ә.Тәжібаев, тіпті Жәкең аузынан «Ақболат батыр» атағын алған Б.Кенжебайұлынан кейін Жамбыл шығармашылығына бару, бара алу оңай емесі анық. Мырзатай Жолдасбеков ұлы жырау тұлғасына бара алды. Барғанда да арғы тарихынан, ұстаздарынан тартып, өмірлік үп еткен дерек-дәйегіне дейін тергіштеп, ақындық айналасын түп-түгел қамтып, Кенен, Үмбетәлі, Әбдіғани шәкірттеріне жалғап «Жамбылды көш-керуенімен тұтас арамызға алып келді» (Ә.Кекілбайұлы)! Мырзекеңнің бұл бағыттағы толғаныстары биографиялық ғұмырнамалық әдебиеттің, материал жинап, жиналған материалды қорыта талдаудың, тың дерек тауып, оны жаңаша сөйлетудің, бұрын-соңды айтылған ой-пікірді безбендеп саралаудың әмбебап асыл үлгісі дер едік. Одан бері жер бетінен қаншама су ақты? Онан бері бодан қазақ қоғамы түбірінен жаңарды. Тәуелсіздік алды. Тәубе десе-ді. Қазақ ғылымы орынсыз ауыздықтаудан арылып, ұлттық арнада дербес дамуға бағыт алды. Бүгінде аса дарынды шәкіртін ғасырлар тереңін зерттеуге қинап қосқан ғұлама да жоқ мына жарық жалғанда. Есесіне түрік жұртының баршасына ортақ асыл арналарға ұстаз міндеттеуімен еріксіз барған шәкірт ақ басты аға ғалымға айналды, «Түрік қағанаты» дәуірін егжей-тегжейлі зерттеуді бір сәт те тоқтатқан емес, қиын-қиын мемлекеттік, қоғамдық қызметтер атқара жүріп «Көне түрік әдеби ескерткіштерінің Атласын» жасады. Қатарлас еңбек еткен, қанаттас жүрген ірілі-ұсақты азаматтар жайында «Кісілік кітабын» жазды. Көңіл ауанына еріп өлең жазды, жанының қылын шертіп ән шығарды. Күйініш, сүйініш сезімін балқытып құйып «Күндерімнің куәсі» атап үзбей күнделік жүргізеді. Драматургия, кинодраматургияға ден қойып, пьеса, киносценарий жазды. Шәкірт тәрбиеледі. Мырзекең мемлекет қызметіне араласты, халық деген қоғамдық істен шет қалып көрген емес. Музей ісіне ден қойып «Президенттік Орталық» жасақтады, Абылай ханның алтын зерлі қамқа тонын, Қаз дауысты Қазыбектің шапанын ел ішінен сабылып іздеп, қиылып сұрап алып, музей жәдігерлігіне айналдырды. Жәдігерлікке екінші өмір сыйлады. Баспасөз жаңалық көріп шулап жазып жатты. Біз де үн қостық. Шет елден Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» журналын, әл-Фарабидің парсы тілінде басылған трактаттарын әкеліп отандық кітапханаларға тапсырды. Осының баршасы ұлтым, жұртым деген ұланымыздың көрініп қалайыны жоқ, шын болмысы. Мырзекеңдей бар ғұмырын ел-жұртымыздың ескі жұртын тарихи тұрғыдан анықтап, байырғы әдеби ескерткіштерін байыпты зерттеп, ұлтымызды ұлықтауға арнап келе жатқан асыл азаматымыз ғана ақ жүріп, адал атқара алатын шаруалар! Өйткені, ол ұлттық болмысты ұлы жүректі азаматымыз! Бір ұлттың тәш-пүші бір азаматқа аздық етпесі хақ. Десек те, біздің Мырзекең қазақ әдебиеттану ғылымымен шектеліп қалмай, түріктануға мейлінше үлес қосып, күллі түрік халықтары ұлт-ұлыстарының тағдырына жаны ашып қимылдайтын, содан да тамыры бір – түрік халықтарының ортақ мақтанышына айналып, арамызда аман жүр. Өзімді Мырзекеңнің шәкірті санаймын. Ә.Тәжібаевтың «Асыл арналарды» оқығанда...» аталатын қолжазбасына байланысты хаты, «Бейсембай Кенжебаев − әдебиет тарихшысы» аталатын дипломдық жұмысыма қатысты Мемлекеттік Орталық архив Басқармасына филология факультетінің деканы райында жазып берген қызмет хатын көздің қарашығындай сақтап келемін. Ұстазына мейлінше ақ-адал Мырзекеңе біз де адалмыз, мейлінше. Ақыл қосып, бағыттауымен жәдігер шаһар – «Түрік халықтарының рухани астанасы» (Н.Ә.Назарбаев), «Түрік халықтарының мәдени астанасы» (ТҮРКСОЙ), Түркістанда «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» экспонатын жинақтап, ғылыми экспозициялап аштым. 2016 жылдың 5-6 мамыр күндері арнайы халықаралық конференция өткізіп, ұстаз Бейсекең музейінің тұсауын Мырзекеңдей болымды шәкірті кесті. Иә, өзі «Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілердің пірі» атаған ұстазы көрінбейді мынау бейопа жалғанда. Есесіне, бізді ізіне ертіп, қайтсек тар кезеңде ұлы жолға салып, ұлан-асыр тілегін айтқан, ақ жолды аңғар, дұрыс бағдар сілтеген ұстаздың көп томдық шығармалар жинағын академиялық басылыммен жарыққа шығарамыз, қайтсек өзі түлеп ұшқан Шымкенттен, ащы-тұщы тіршілік кешіп тұрған Алматы, өзі армандаған тәуелсіздік астанасы − Астанадан көшеге қалай атын алып береміз? – деп «күндіз күлмей, түнде ұйықтамай» ой үстінде! Ашылмаған жылғаларды аршып асыл арналарға айналдырған, бар ғұмырын қазақтың көне жұртын анықтап, қазақтай ұлтын ұлықтап асыл азаматымызға айналған Мырзатай Жолдасбековке шығармашылық табыс тілейміз!
Құлбек ЕРГӨБЕК