
Бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда кінәлілер жазадан құтылып кетеді деп еш ойламаппын. «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қорғаушы ма, қорлаушы ма?» деген мақаланы (28 ақпан) оқып, жағамды ұстадым. «Сұмдық-ай» дегеннен басқа сөз аузыма түсер емес.
Жарты ғасырға жуық уақыт прокуратура саласында қызмет істедім. Ол уақыттарда да түрлі қылмыстар орын алып жататын. Бірақ заң талаптары мүлтіксіз сақталатын. Әділдіктің үстемдік құруына мүдделі органдардың, оның ішінде адвокатура да бар, он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың “ащы өліміне” бейжай қарағаны жанымды қатты ауыртты. Өрімдей қыздың ащы өлімін жылы жауып қою әрекеттері түсініксіз.
Аудан прокуроры қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс тоқтатылғанын алға тартады. Зорлау фактісі бойынша ғана қылмыскер жазасын алған. Ал жасөспірімді суицидке мәжбүрлегендер сүттен ақ, судан таза кейіп танытып, тайраңдап жүр. Мұндайлар жазасыз қалмауы тиіс. Адам өмірін ойыншыққа айналдыру – барып тұрған бассыздық. Соның кесірінен өрімдей баланың өмірі қиылды.
Бұл оқиға шаңырағында әлпештеп ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналарға да, ұстаздарға да сабақ болуы керек. «Көзімнің қарашығы» деп өсірген баласын әлдебіреулер мазаққа айналдырса, әке-шешенің жарық күні түнге айналғаны емес пе? Обал-ай, қыршыннан қиылған ғұмырдың өтеуін кімнен сұраймыз?
Ең сорақысы, адвокат бейкүнә сәбиді айналасындағыларға жеккөрінішті қылып көрсету үшін өсек-аяңға жол беріп, жала жапқан, қолынан келгенше қаралаған. Шындықты өтірікпен бүркемелеген мұндай қорғаушыдан не үміт, не қайыр? Қызғалдақ гүлдей ғана ғұмыр кешіп, арын ажалмен арашалаған бейкүнә қыздың мүшкіл халін маңайындағылардың түсінбегені, қолұшын бермегендері өте өкінішті.
Абыз жасқа келген шағымда қолыма қалам алып, бір отбасына бақытсыздық әкелген оқиғаға бекерден-бекер үн қосып отырған жоқпын. Жас қыздың өліміне кінәлі жандар өз жазасын алса екен деген өтінішімді құзырлы органдар ескеріп, зерделейтін шығар деген сенімдемін.
Сапар ДҮЙСЕНОВ,
соғыс және еңбек ардагері, прокуратураның құрметті қызметкері
ПЕТРОПАВЛ