• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Білім 29 Тамыз, 2024

Өзекті мәселені бірлесе шешуге шақырды

70 рет
көрсетілді

Түркістан облысының білім саласына қатысты көп сын айтылады және ол негізсіз емес. Тексерулер нәтижесінде облыс­та 500-ге жуық мұғалім­нің жалған дипломмен жұ­мыс істеп келгені анықталған. Соны­мен қатар директор мен қызметкер арасындағы 16 дау Президент Әкімшілігіне дейін жетіп, қаралған. Білім саласын табыс табу көзіне ай­налдырғандар көп. Ол бойынша қызметкерлердің үстінен бірнеше қылмыстық іс қаралған және бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.

Түркістанда өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды осындай деректер келтірді. Жемқорлық фак­тілеріне байланысты өңірде бух­галтерлік жүйені өзгерту қолға алын­ған. «Біз мектептерді тексеріп шық­тық. 1 383 артық штат жасап, қаржы алып отырғаны анықталды. Оларды кезең-кезеңімен қысқарту жұмысы жүріп жатыр. Мұны қоғам болып бірлесіп шешуіміз қажет», деді облыс әкімі. Жыл басынан бері 7 мыңнан аса бала балабақшада жалған тіркеліп тұрғаны белгілі болған. Бұл бойынша да тиісті тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ облыс әкімі: «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – балдырған кезден бастап көрген тәрбиесі мен өнегесі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болып, еліміздің болашағының жарқын болуы біздің бүгінгі адал еңбегімізге байланысты. Баршаңызды бірлікте күш қосып, бала оқытудан кеш қалмауға шақырамын», деді. Өңір басшысының айтуына қарағанда, жемқорлыққа барған жандардан тәркіленген қаражатқа 20 мектеп салу қолға алынған. Оның 12-сі биыл пайдалануға берілмек. Одан бөлек 300-ден аса білім ұйымында жөндеу жұмысы жүргізіліп, 63 «Жайлы мектеп» салу көзделген. Оның 29-ын биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыстағы орта білім ұйымдары­ның желісі 1060-қа артты. Оқушылар­дың болжамды контингенті – 530 000, оның ішінде 1-сыныпқа қабылдана­тын балалар саны – 52 593. Өңірдің білім сала­сында 65 762 педагог қызмет етеді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 220 920 оқушы бір рет­тік ыстық тамақпен қамтамасыз еті­леді. Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қар­саңында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеті алынады. Жаңа оқу жылында 17 081 оқушы тасымалданады.

Тамыз кеңесінде 10 ұстазға Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталып, облыс әкімінің атынан 10 педагог марапатталды. Сон­дай-ақ «Инновациялық жобалар» көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында әр аудандық білім бөлім басшылары жоба жасаушылардың жаңа жұмыстарын қорғады. Яғни 17 аудан 17 түрлі инновациялық жобаларын таныстырды. Жобалардың басым бөлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын же­­тіл­діріп, мемлекеттік қызмет көрсе­ту­ді цифрландыруды көздейді. Маман­дардың мәлімдеуінше, өңірдегі білім беру ұйымдарында «Е-асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand» , «Face ID» сын­ды автоматтандырылған жүйелер қанатқақты жоба ретінде тексеруден өтіп, оң нәтиже берген. Сонымен қатар  «Алақан» жобасы, «Tolem», «Matatalab» роботы, «IoT board», «Codrone» робот­техникалық құралдары көрсетіліп, түрлі басылымдар мен логикалық «Intellectum» сынды жаңа технологиялар ұсынылды.

 

Түркістан облысы