• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Кеше

Шығармашылық зертхана: Ғалым Жайлыбай өлеңді қалай жазады?

90 рет
көрсетілді

Шығармашылық зертхана туындының жазылу себебін, қаламгердің сол сәттегі көңіл ауанын, жазушы еңбегіне тән белгі-ерекшеліктерді арқау етеді. Бұл жолы біз ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбайдың көркемдік кеңістігіне бойлайтын боламыз. 

Шығармашылық зертханадағы қаламгерлік қайнар тақырыбын айтудан алдын, интермәтін ұғымымен таныс болған жөн. Асылында, кез-келген шығарма өзінің иесіне (авторына) басыбайлы тиесілі ме? Иә, десеңіз әдебиеттанушы Ролан Барт сізді теріске шығарады. Ол айтады: «мәтін – өзінің әуелгі тегін жоғалтқан көптеген мәтіндердің өз-ара астасуы», дейді. «Осылайша әрбір мәтін – асылында, интермәтін»,деп және қосады.

Демек, сіз бен біздің жазған, тіпті ойлаған дүниеміз – бізге дейінгі жинақталған тәжірибелердің қайта жаңғыруы. Неміс философы Ханс-Георг Гадамердің сөзінде жоғарыдағы ойға тиянақ табамыз. «Кез-келген сөздің мағынасы оның өзінде емес. Ол (сөзді айтады) өзінен бұрнағы айтылған сөзге және кейінгі айтылар сөзге сілтеме жасайды. Осылай болғанда ғана, сөз өзінің түпкі мазмұнына жетеді», – дейді ол. Мұқағали тілімен айтқанда, ақын – күпі киген халық өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарушы. 

Кез-келген қаламгердің шығармашылық үдерісіндей, Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерінде де әуелі халық ауыз әдебиетінің, одан кейін өзі оқыған аға буын өкілдерінің бедері көрінеді. «Есіл ағады» өлеңін тағы бір оқып көрейікші.

Есіл ағады,

Есіл ағады

Ақ бұйра толқын жарды ұрып.

Есіл аққанда есіп ағады,

Жағада жартас жаңғырып.

Ұлттық дүниетаным мен адамзат санасын қатар алғанда өзен, көл образдары тазалық пен тұнықтықтың рәмізі ретінде сипатталады. Бұған қоса туған өлкенің рухы бейнесінде әспеттелетін тұстарды байқаймыз.

XV ғасырдың даңқты жырауы Қазтуған Сүйенішұлын еске түсірейік. Оның Еділ туралы толғауы – отанпәруар жауынгер жүректің қимастық пен сағыныштың сазға айналған сартап әуені іспетті. Әрі қарай жыраудың өзі сөйлесін:

Салп-салпыншақ анау үш өзен,

Салуалы ордам қонған жер.

...Қайран, менің Еділім!

Уақыт құмсағаты қайта төңкерілген бергі заманда да қазақ ақындарында «өзен» мотиві жиі қолданыста болған. Оны Ыбырай Алтынсариннің «Өзен» өлеңінен, Абайдың «Желсіз түнде жарық айындағы» суреттерден, Мұқағали Мақатаевтың «Барлығы да менікі» деп басталатын өлеңіндегі Еділ, Жайық, Дон, Дунай мен Қарасаздың бұлағы аталатын мезеттерінен байқай береміз.

Мұның барлығы Ғ.Жайлыбайдың ойында қордаланған образ орамдары. Алайда дәл «Есіл ағады» өлеңіндегі мазмұн мен пішін үлгісі өзінен басқа қай ақындардың шығармашылығында кездесті деген сұраққа жауаптанып көрейік.

Ғ.Жайлыбай орыс поэзиясымен де жіті таныс болғанын ескерсек, оның шығармашылық зертханасына көрші халықтың да көркем әдебиеті де әсерін тигізді десек қате айтпаймыз. Айталық Лев Ошаниннің мынадай өлеңі бар. Ғ. Жайлыбайдың ырғағымен сәйкес, мазмұнымен жақын. Қазтуғаннан қалған қайырлы қонысты, яки Еділ өзенін орыс ақыны бұл жолы былай жырлайды:

Издалека долго Течет река Волга, Течет река Волга — Конца и края нет… Среди хлебов спелых, Среди снегов белых Течет моя Волга, А мне семнадцать лет.

Қайталамалы, сарынды өлең. Оқырманның жадын шаршатпайды. Негізгі ойды кезек-кезек келетін тармақ арасына салып, халыққа тез жатталатындай ету – кәсіби ақын шеберлігі. Бұл тұрғыда Ғ.Жайлыбай өлеңді өте сәтті алып шыққан.

Ал енді ақынның алдыңғы саптағы ағасы Серікбай Оспановтың «Тобыл ағады» өлеңін алып қарайық.

Өрнектеп салып көк белге,

Тобыл ағады.

Арнасында көктемде

Толып ағады.

Шумақтар 3-2-3 буынымен және екінші тармағында толымды 5 буынмен кезектесіп отырады. Осылайша «Толып ағады», «Тобыл ағады» ұйқастары және «Есіл ағады» мен «есіп ағады» арасындағы ұқсастықты байқаймыз. Осы орайда жоғарыдағы Гадамердің сөзін жадыңыздан шығармаған маңызды. Себебі теоретик З.Қабдоловтың мына сөзін еске түсірейік: «Әр жазушының қаламынан туған шығармада алдымен идеялық бірлік болғанын байқаймыз. Өйткені әр жазушы өзінің әр шығармасында әр түрлі проблема қояды да, оны шешуге бір ғана тұрғыдан – өзінің тұрақты дүниетаным тұрғысынан келеді», дейді  ғалым.

Ғ.Жайлыбайдың тағы бір тұғыры биік туындыларының бірі – «Қара кісі». Атауынан аңдағаныңыздай, өлең кейіпкері – оқырман түгілі, ақынның өзіне жұмбақ. Қара кісі бәрін сезеді: ақынның арманын, баратын бағдарын бәрін біледі. Өлеңнің өзінен ызғар байқалады. Қаламгердің жаны жазу барысында аса жайлы болмағаныны байқалады.

Көгімде – дала құсы,

Көлімде – ар ағасы.

Сен соны сезетінсің,

Қара кісі...

Ақын алыстан орағытпай, алғашқы шумағында-ақ қара кісіні ашық диологқа шақырады. Өлеңнің драмалық шиеленісі осы жерден басталып кетеді. Кей-сәтте оқырман немесе көрерменге оқиғаны басынан баян еткеннен гөрі, бұлыңғыр бейне мен дүдамал ойлар арқылы оларды елітіп әкеткен – әсерлірек. Туындыгердің «тұзағына» түскеннен кейін, қабылдаушының санасында еріксіз сұрақтар пайда болады. Ақын кімді меңзеп отыр? Өзіндей ет пен теріден жаралған адам ба екен бұл өзі? Жоқ. Оған келіңкіремейді. Арының ағысын, жүрегінің қағысын тамыршыдай тап басып отырған әруақ па екен бұл әлде? Ол да емес. Ақын әруағы – таза болады. Ол қорқыныш әкелмеуі керек еді. Ал мына «қара кісінің» қабағы қату секілді. Оның сұсы ақынды үрейлендіреді, күші қорқытады, мысы басады. Алайда ақын жүрегі одан батылырақ болуға талпынады.

Арта бер жала, күмән,

Таң асам,

Жаратылам.

Хош, ақынның өлеңін осы жерден кідерте тұрып, «қара кісі» образының ілгерідегі ақындарда қалай көрініс тапқанын зерделеп көрейік. Әрине, аталып отырған бейнені оқырман ойына ойып берген ақын болса, ол – Сергей Есенин. Оның дәл осылай аталатын поэмасы өмірінің соңғы жылдарында жазылған іргелі шығармаларының озығы болып есептеледі.

Ақынның кеудесін кернеген ар азабы, махаббат пен ғадауат арасындағы жан күрсінісі, өмірдің татымсыз тұщылығы, өлеңнің өлімдей ащы дәмі және осындай қайшылықтардан қақ айрылған болмыс дидары көрініс береді.

Есенин бұл туындысын алғаш 1923 жылы жариялаған. Артынша 1925 жылы өлең автордың өз ыждағатымен қысқартылыпты. Естеліктерде Есениннің бірінші оқығанын тыңдаған халық бірінші нұсқаның лирикалық шиеленісі күрделірек, драмалық кернеуі қаттырақ, трагизмі тереңірек екенін айтады. Қалай болғанда да тағдырлы талант иесінің бұл шығармасы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Поэманың интермәтіні халық ауыз және әлем әдебиетінен тамыр алып жатыр. Фольклорға деген Есениннің ықыласы бала кезінен басталған. Бұл туралы оның қарындасы естелігінде жазады: «Біз тура Гогольше өмір сүрдік – сайтандармен, сиқыршылармен, ырым-тыйымдармен». Ал әдеби арнасына келер болсақ, Гетенің «Фаусты» және Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» шығармалары Есениннің қаламгерлік қайнары болды десек, қателеспейміз. Әсіресе, Александр Сергеевичтің әсері ерекше болғанын байқаймыз. Өйткені орыс поэзиясында «қара кісі» тіркесі алғаш Пушкинде қолданылғанын білеміз.

Мне день и ночь покоя не даёт

Мой чёрный человек. За мною всюду

Как тень он гонится. Вот и теперь

Мне кажется, он с нами сам третий

Сидит.

Сондай-ақ зерттеушілер С. Городецкий кітапханасында Есениннің ақын Константин Батюшковтың «Күнделік-жазбаларымен» таныс болғанын жеткіздеді. Онда да мынадай мәтін кездеседі: Жақында біртүрлі бір жанмен танысудың сәті бұйырды. Оның ішінде екі адам бар: «біреуі қайырымды, қарапайым, көңілді, тәрбиелі, құдайшыл; ал екіншісі – залым, қатыгез, қызғаншақ, сараң, аяр, кәззап және сондай нәпсіқұмар. Дәл сол адам (қара кісі) – нағыз құбыжық. Екі кісі де менің ішімде. ...Бұл – менмін».

Задына келсек, «Қара кісі» – ақындық парық туралы поэма. Лирикалық кейіпкер қара ниетті күшпен таласқа түседі. Бұл Гетелік сюжетке сілтеме жасайды. Мұндай мотивтер Есенинге өте жақын болған. Осылайша, Гетенің «Фауст» трагедиясына жүгіне отырып, ақын пушкиндік жаратушы-дарынды қабылдаудағы полемиканың кернеуін күшейте түседі.

Есениннің аталып отырған поэмасында драмаға қатысушы үш кейіпкерді көреміз: лирикалық қаһарман, қара кісі және ақынның өзін. Ал Ғалым Жайлыбайда олардың саны – екеу ғана: антогонист пен ақынның өзі.

Заманында «Қара кісіні» Мұқағали да көргенін баян етеді. Орыс ақынымен диолог сипатында құрылған өлеңінде бұл образды шешуші шумақ ретінде екшеп жазады.

Шаршағанда ширығам шарап ішіп, Саған ұқсап менің де жанады ішім. Құлағыма сыбырлап «құран» оқып, Иектейді мені де «Қара кісі».

Ендігі жерде Ғалымның өз антогонисіне тоқталайық. Өлеңнің өзегіне үңілсек, мұндағы «Қара кісінің» жоғарыдағы ақындардан бөгенайы бөлек екенін байқаймыз. Төрт шумаққа құрылған шағын өлеңінде ақын оның образын ашып суреттемейді. Оқырманның ой таразысына қалдырады жүктің көбін. Кейді бір-ақ шумақ басқа шумақтарды асырап тұрады. Біздіңше, Ғалым ақын «Қара кісінің» болмысын соңғы шумағында ғана ашып қалдырған.

Тартылған аралдайсың,

Толмаған бір кенерең.

Сен мені көре алмайсың ­–

Мен сені күнде көрем... 

Байқағаныңыздай, мұндай Гетенің «Фаустындағы» әзәзілмен уағдаласу да жоқ, Есениндегідей экспрессивті‑эмоционалды айқай да жоқ. Ақын әдетінше жылы ағыспен ой жағасын жуып жіберді. Мұнда төл қазақы дүниетанымға негізделген діни уә мифологиялық контекст көрінеді. Қорқыттың ажалмен айқасуы секілді мұндағы мазмұн. Оны «Тартылғн аралдайсың, толмаған бір кенерең» тармақтарынан аңдауға болады. Алайда «Сыртыңнан өлім бағым жүр, бір күні сізді көрем деп», келетін Наурызбай жырау жырындағы дәстүрлі сарындағы қалыптасқан түсінік мұнда теріске шығарылады. «Ол ақынды көре алмайды, ал ақын оны күнде көреді». Бәлкім, ағарған самайдан, қураған жапырақтан. Не болса да,  Ғалым Жайлыбайдың осы өлеңінде өмірдің өлеңдей үйлесімі, жамандық пен жақсылықтың қатар жүруі шебер суреттелген. А. Блок тілімен айтсақ, өзі құлақ түрген дыбыстарға еліктей отырып, өмір шындығын өзінше қабылдаған.Кірпіштей кітап жазуға Хеопс пирамидасындай еңбек қажет. Ақын жүрегінен тырс етіп құлаған өлең оның санасындағы мұхиттай ойдың тамшысы екенін ұққан жөн.