Қазақтың әйгілі кәсіпқой боксшысы, IBF пен WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін 6 желтоқсанда АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өткізеді. Бұл бәсекені атақты «Premier Boxing Champions» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр.
«Qazaq Style» лақап атын иеленген Жәнібек кубалық 42 жастағы Эрисланди Ларамен күш сынасады. Гуантанамо тумасы 2005 жылы Қытайдың Миньян қаласында әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған. Сол жарыстың жартылай финалында біздің Бақтияр Артаевтан басым түскен. Кезінде түрлі турнирлерде Бақыт Сәрсекбаевпен екі рет жолы қиысып, екеуінде де қандасымыз жеңіске жетті. 2007 жылы Лара Бразилияда өткен Панамерика ойындары барысында шетелге қашпақ болды. Бірақ жергілікті сақшылардың қолына түскен кубалық қабылан отанына қайтарылды. 2008 жылы сол әрекетін екінші мәрте қайталады. Бұл жолы астыртын жоспары жүзеге асып, Германиядан бір-ақ шықты. Одан кейін Америкаға аттанды.
Кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін Лара 2008 жылдың жазында өткізді. Сол кезден бері 36 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 30 бәсекеде жеңіске жетті. 18 қарсыласын нокаутқа жіберді. 2011 жылы Пол Уильямстен, 2014 жылы Сауль Альварестен, 2018 жылы Джерретт Хертдтан ұпай санымен ғана ұтылды. 2011 жылы Карлос Амадо Молина, 2012 жылы Ванес Мартиросян, 2019 жылы Брайан Костаноға қарсы өткен жекпе-жектерде тең есеп тіркелді. Қазірде Эрисланди WBA нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуге ие.
Жәнібек Әлімханұлының жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 32 жастағы Жәнібек кәсіпқой боксты серік еткен тоғыз жыл аралығында 17 рет рингке көтеріліп, барлық бәсекеде жеңіс тойын тойлады. 12 қарсыласын есінен тандырды. Қазір «Qazaq Style» екі бірдей беделді нұсқа бойынша чемпиондық атақты иеленіп отыр. Енді үшінші нұсқаны да еншілесе деген ізгі тілегіміз бар.