Қазақстанда құрылатын Халық кеңесі мен Вице-президент институтын қаржыландыру көзі алдын ала айқындалды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жаңа құрылымдарға қажет қаражаттың басым бөлігі Үкімет резервінен бөлінуі ықтимал. Алайда нақты сома әзірге жарияланбады, деп жазады Egemen.kz.
Серік Жұманғарин алдын ала айтылған кез келген қаржылық көрсеткіш кейін ресми ұстаным ретінде қабылданатынын айтып, нақты сандарды атаудан бас тартты. Оның сөзінше, мемлекеттік органдар ұсынатын бастапқы есептер кейін қайта қаралып, қысқартылады.
«Бізге кез келген көлемдегі сома ұсынылуы мүмкін. Бірақ қаржы-экономикалық блоктың міндеті – сол шығындарды азайту. Әдетте Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінен өткеннен кейін көрсеткіштер едәуір қысқарады. Артық штаттар қысқартылып, негізсіз шығындар мен жалақы көлемі қайта қаралады», деді вице-премьер Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте.
Вице-президент және Халық кеңесі: Жаңа Ата Заң жобасы Варшавада таныстырылды
Оның айтуынша, жаңа құрылымдарды қаржыландырудың негізгі тетігі ретінде Үкімет резервін пайдалану мүмкіндігі жоғары.
Парламентте Халық кеңесі туралы заң жобасы қаралады
Еске салайық, биыл қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Халық кеңесі құрылатынын мәлімдеген еді. Жаңа орган Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын біріктіріп атқарады.
Сонымен қатар Президент елде вице-президент лауазымын енгізуді ұсынған болатын.
Вице-президентті тағайындау тәртібі: Құрылтайдың рөлі мен жаңа лауазымның маңызы