Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Оның салтанатты ашылуына өңір басшысы арнайы келді.
Жаңа дәрігерлік нысан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында салынған. Амбулатория ғимараты дәрігерлік қызметке қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда науқасты қабылдау, вакцинация, акушер, физиотерапия, туберкулезге қарсы ем-шаралар бөлмелері, сондай-ақ қажет кезінде науқасты оқшаулайтын палата, тіпті дәріхана бөлмесі де қарастырылған.
– Ауылда осындай амбулаторияның ашылуы халықтың өмір сапасын жақсарту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы жүйелі орындалып жатқанын көрсетеді. Біз өңірдегі денсаулық сақтау жүйесіне, соның ішінде ауыл медицинасына үнемі көңіл бөліп, дамытып келеміз. Мақсатымыз – әр тұрғын, әсіресе ауыл халқы қай жерде тұратынына қарамастан толыққанды заманауи дәрігерлік көмекке қол жеткізуге тиіс. Биыл Ақжайық ауданында денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағдарламасы аясында 8 нысан салынып жатыр. Базартөбе ауылындағы амбулатория – соның алғашқысы. Базартөбеліктерге қуаныш құтты болсын айтамыз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Расында, бұл үлкен қуаныш. Өйткені Жайық өзенінің сол жақ бетінде орналасқан елді мекен тұрғындарына аудан орталығындағы ауруханаға баруы қиын. Өзенде көпір жоқ, асфальт жолда жоқ. Енді тұрғындар жеңіл-желпі ауруға бола аудан орталығына барудың азабынан құтылды.
Өңір басшысы Ақжайық аудандық ауруханасының директоры Анарбек Белисановқа медициналық мекеме ұжымының халық арасында саламатты өмір салтын насихаттап, жұртшылықтың өз денсаулығына жауапкершілігін күшейтуі қажеттігін де ескертті. Жаңа ғимараттың лентасын облыс әкімі мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Жаналиев кесті.
– Біз бүгін өте қуаныштымыз. Туған ауылымызда осындай заманауи нысанның ашылуы біздің уақытымызда да, қаржымызда да үнемдейді. Жаңа амбулаторияны салуға атсалысқан барша жанға алғыс айтамыз, – дейді Хамит аға.
Батыс Қазақстан облысы