Атырауда Жайық өзенінің жағалауында құтқару стансасы ашылды. Жаңа нысанның құрылысы 2,5 айда жедел жүргізілді.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, бірегей құтқару стансасының ТМД елдері аумағында баламасы жоқ. Құрылысына жоғары сапалы әрі тез құрастырылатын модульдік материалдар қолданылды.
«Құтқару стансасының ашылуы – Атырау облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы маңызды қадам. Оны салу, заманауи жабдықтармен жабдықтау жылдамдығы құтқарушыларымыздың жоғары кәсібилігін көрсетті. Осындай бөлімшелеріміздің инфрақұрылымы мен жабдықталуын жақсартып, тұрғындарды қорғау бағытында инновациялық, тиімді шешімдерді енгізуді жалғастыра береміз», деді Ш.Әрінов.
Құтқару стансасында жұмыс кабинеттері, диспетчерлік, құтқарушыларға арналған демалыс, киім ауыстыратын, ас ішуге арналған, жуынатын бөлмелер бар. Аумағында арнайы техника мен жүзу құралдарына арналған бокс ашылды. Жаңа стансаның жанынан құтқарушылардың отбасыларына арналған екі қабатты, 11 бөлмелі жатақхана бой көтерді. Оған станса қызметкерлерінің отбасылары қоныстанды.
Министр жергілікті департаментке авариялық-құтқару жұмыстарына арналған жаңа көліктердің кілтін табыс етті. Осы заманғы құтқару құралдарымен жабдықталған машиналарды сатып алуға республикалық бюджет есебінен арнайы қаржы бөлініпті. Сондай-ақ су айдындарында құтқару операцияларын жүргізуге бірегей жүзу құралы – «Alligator» аэроқайығы берілді.
«Былтыр атыраулық құтқарушылар 559 рет шақыртуға барып, 100-ден астам адамды, оның ішінде 70 баланы құтқарды. Ауқымды су тасқыны кезінде жедел-құтқару жасағының қызметкерлері 3 мыңнан астам жергілікті тұрғынды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Биыл Жайық өзенінен 9 тұрғын құтқарылды. Оның ішінде 4 бала бар», деп мәлімдеді облыстық департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.
Атырау облысы