• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қаңтар, 2025

Мұнайлы шаһардан шекараға дейін

1143 рет
көрсетілді

Экономиканың әр саласын өркендетуге оң ықпалын тигізетін саланың бірі – жол. Алайда Атырау қаласынан Ресей шекарасына дейін қатынайтын жолды жаңғырту әлі толық аяқталар емес. Құрылыстың басталғанына 6 жылдан асты.

Мұнайлы шаһардан шека­раға дейін жеткізетін жолдың құ­рылысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырысымен жүр­гізі­ліп жатыр. Ұлттық компа­нияның баспасөз қызметі былтыр 15 жел­тоқ­санда аталған ба­ғыттағы жол­дың құрылысы аяқталғанын хабарлады. Жолдың ұзындығы – 272 шақырым. Жобаны жүзеге асыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алынған.

«Қайта жаңарту жұмыста­рынан кейін жол үшінші техни­калық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. Ені 3,75 метрлік екі жолақты қозғалысы бар жол салынды. Жоба аясында 6 көпір, 1 өткел, 60 су өткізгіш құбыр мен 10 демалыс алаңы абаттандырылды. Жол бойында 650 жарық тірегі орнатылып, жол пайдаланушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді», деп хабарлаған еді компанияның баспасөз қызметі.

Халықаралық стандарттарға сәйкес жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Италия, Түркия мен Әзербайжан Республикасы­ның компаниялары қатысқан. Жол құ­рылысына 650 маман мен 450 арнайы техника тартылған. Ақтөбе облысындағы Мұғалжардан, Маң­ғыстау өңіріндегі Шетпе кентінен теміржол арқылы 3,4 млн тонна инертті материал жеткізілген. Инертті материалдар 50 мыңға жуық жартылай вагонмен тасымалданыпты. Битумды жеткізуге 2,5 мың техника қажет болған.

Алайда Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Серік Ерубаев­тың пікірінше, Атырау – Ре­сей шекарасы бағытындағы жол­­дың құрылысы әлі толық аяқтал­маған. Сол себепті, ол Премьер-министрдің бірінші орын­басары Роман Склярдың аты­на депутаттық сауал жолдады.

«Мемлекет басшысы былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз үшін маңызды Астана – Балқаш – Алматы, Атырау – Астра­хань, Ақтөбе – Қан­ды­ағаш, Талдықорған – Өскемен бағы­тындағы жолдардың реконс­трукция мерзімі ұзаққа созыл­ғанын сынға алып, жедел аяқ­тау­ды тапсырған еді. Көлік ми­нистрі М.Қарабаев 23 желтоқ­санда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында аталған жолдарды жөндеу жұмыстары толық аяқта­лып, қолдануға берілгенін айтты. Оның ішінде құрылысы 2018 жылы басталып, алты жыл бойы аяқталмай жатқан Атырау – Астрахань тасжолы да бар. Алайда Исатай ауданында 17 шақырымды құрайтын Аққыстау – Тұщықұдық айналма жолы әлі басталмаған деп айтуға болады. Кейбір учаскелерде асфальттің соңғы қабаты салынбаған. Х.Ерға­лиев ауылында көпір құрылысы бітпеген. Көліктер әлі айналып өтіп жүр. Бірінші, екінші және үшін­ші лот бойынша 621-753-ша­қы­рым аралығындағы 132 шақы­рымда жылдамдық шектеуі сағатына 60 шақырым деген жол белгісі әлі алынбаған. Бұл 277 шақырымның жартысына жуығы – 132 шақырымы толық бітпеді деген сөз», дейді С.Ерубаев.

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Аты­рау облыстық филиалы ди­ректорының орынбасары Азамат Қабдығалиевтың мәліметінше, 621-833-шақырымға дейінгі учас­кеде негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Жолдың бұл бөлігіне асфальтбетон жабыны төселіп, көпір, су өткізетін құбыр, торлы қоршау, Исатай ауданындағы Тұщықұдық және Ақыстау ауылдарының тұсында жарықтандыру тіректері са­лынған.

«Жоба аясында 10-ға жуық демалыс орны, санитарлық-гигие­налық тораптар мен кемпингтер салынады. Х.Ерғалиев ауылы маңындағы Бақсай өзегі арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Енді тосқауыл және қоршау орнату жұмыстарын аяқ­тау жоспарланып отыр. Иса­тай кентінің маңындағы 753-833-шақырым аралығындағы 80 шақырымдық жол бөлігі пайдалануға беру сатысында тұр. Биыл 132 шақырымды қолданысқа беру жоспарланды», дейді А.Қабдығалиев.

Оның айтуына қарағанда, биыл жол бойында бірнеше жұ­­мыс­ты атқару көзделіпті. Бұл – жиегін нығайту, арнайы белгі­лер­ді орнату, құрылыс жүргі­зіл­ген аумақтарды рекультивациялау.

«Барлық кезеңде атқарылып жатқан жұмыстың сапасы ұдайы бақылауға алынған. Бақылауды мердігер компаниялар зертханасы, техникалық қадағалау қызметі мен Жол активтері сапа­сының ұлттық орталығы мамандары жүргізіп келеді. Атыраудан Ресейдің Астрахань облысымен шекараға дейін қатынайтын жолды қайта жаңар­ту аймақтың көлік ин­фра­құрылымының дамуына жол ашып, екі ел арасындағы эконо­микалық, іскерлік қарым-қатынасты одан әрі нығайтады. Отандық экономиканың кең қанат жаюына, еліміздің халық­аралық сауда байланысын жетіл­діруге де септеседі», деді А.Қабдығалиев.

Шекараға дейінгі жолдың жөнделуін әсіресе, Исатай және Құрманғазы ауданының тұр­ғындары ұзақ күтті. Таңатар Дәрел­ұлының айтуынша, күрде­лі жөндеуден соң көліктің жүру уақыты едеуір қысқарған.

 

Атырау облысы