Биыл наурыз айында Орал қаласында әйгілі опера әншісі Амангелді Сембинді еске алуға арналған «Опералия» атты ерекше концерт өтеді.
Биыл дүниеге келгеніне 80 жыл болатын ерекше таланттың есімін халық жадында жаңғырту жөнінде бастама көтерген – Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының басшысы Бауыржан Халиолла.
«Классикалық жанрда, опера саласында ән айтатын әншілер біздің Батыс Қазақстан облысында аз емес. Осы көштің басында Қанатқали Қожақов, Мұрат Әмірханов, Жұмағаным Рахимова сынды танымал өнерпаздарымыз тұр. Биылғы 29 наурызда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастырумен, Шамғон Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «Атамекен» өнер ордасында «Опералия» атты концерт ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл іс-шара Ла-Скалада ән салған тұңғыш қазақ, әйгілі әнші Амангелді Сембинді еске алуға арналады» дейді Бауыржан Ергенұлы.
Амангелді Нақыпұлы Сембин 1945 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1971 жылы Мәскеу консерваториясының вокалдық бөлімін бітірген соң Абай атындағы қазақ академиялық опера және балет театрына орналасты. Ерекше талантты әнші келген бетте сахнаға Евгений Брусиловскийдiң «Қыз Жiбек» операсындағы Төлеген партиясын алып шыққан. Ал Қыз Жiбек партиясын Бибiгүл Төлегенова орындаған екен.
Амангелді Сембиннің есімі 1973–1975 жылдары Италияның Милан қаласындағы әйгілі «Ла Скала» опера театрында тәжірибе жинақтап, сол өнер ордасында ән шырқаған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды. Алайда ұлтымыздың классикалық ән өнерін әлемдік деңгейде танытқан тағдырлы тұлғаның өмірі күнгей мен көлеңкеге толы болған. Осынау ғаламат әнші туралы кезінде Шерхан Мұртаза, Қали Сәрсенбай, Жанарбек Әшімжан сынды қаламгерлер мақала жазды. Бірақ насихаты кем, жанашыры аз осынау әнші туралы мамандар болмаса, жалпы көпшілік біле бермейтіні рас.
– Біз бұл концертте Амангелді Сембиннің репертуарындағы кейбір шығармаларды халыққа қайта ұсынамыз. Сонымен бірге классикалық туындыларды сүйетін көрерменнің талғамына татитын мағыналы кеш болады деген ойдамыз. Осы арқылы тірі кезінде күншілдік пен қызғаныштың, бақастық пен көреалмаушылықтың құрбанына айналған, отбасында да бақыт құшағына ене алмаған Амангелді ағаның мерейлі датасын, арнаулы жасын күтпей-ақ дәріптеуді жөн санадық! – дейді Бауыржан Халиолла.
Батыс Қазақстан облысы