Бұралқы иттер туралы қоғамдағы пікір екіге жарылып тұр. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға байланысты әрқилы көзқарас болғанымен, қисынға келетін пікірлер айтылғанымен, өзгеріс енгізілер емес.
Жақында Шортанды ауданында бір әйелді бұралқы иттердің талап тастағаны туралы суыт хабар тарады. Ит иттігін істеген оқиға бір бұл емес. Әлеуметтік желіде иманыңды қасым ететін небір оқыс оқиғалар көз сүріндіреді. Өткен жылы елімізде қырық мыңнан астам адамды ит қапқан. Айдың-күннің аманында бұралқы итті бұғалықтай алмай отырғанымыз қалай? Заң шеңберінде жұмыс істеп, үй жануарларына жанашырлықпен қарап, түпкі нәтижеге қол жеткізе алмай отырғанымыздың себебі оларды уақытша ұстайтын арнайы орындардың аздығы. Әзірге Көкшетау қаласында, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосында ғана бар. Ал иесіз ит дегеніңіз топ-тобымен өріп жүр. Қалада ғана емес, далада да.
– Өңірде бірнеше ауылдардың жабылып қалғаны белгілі, – дейді ел ағасы Марат Ыбыраев. – Көшкен адамдар итін алып кетпейді ғой, қотанға тастап кетеді. Тышқаншылап күн көрген бұралқы ит көбейе береді. Адам қызығатын асыл тұқымды тазы, төбет емес, әлденеше рет будандасып, жабайыланып кеткен мұндай иттерге кім қызықсын? Ең жаманы аш иттер адал малға ауызданып, ұсақ малға шауып, елдің берекесін кетіріп тұр.
Таяуда тағы бір оқыс оқиға орын алды. Облыс орталығындағы көшелердің бірінде атып өлтірілген бұралқы иттерге байланысты жан-жануарды қорғаушылар мәселе көтерді. Жергілікті билік болса бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатқанын, алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында бұралқы иттерді уақытша ұстау бекеттері салынатынын жеткізді.
– Барлығы заң аясында шешілуге тиіс, – дейді Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев, – саны тым көбейіп кетті деп заңды бұзуға болмайды.
Деректерге қарағанда, 2022 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енгеннен кейін бұралқы иттер мен мысықтарды аулау пышақ кескендей тоқтатылған. Содан кейін иесіз иттердің саны бұрынғы мөлшерден әлдеқайда артқан. Көше-көшені кезіп жүрген иесіз иттердің нақты есебін ешкім де білмейді. Әйтсе де, санын қысқартып, стерильдеуге талпыныс жасалып жатыр. Өткен жылы бұралқы иттердің санын реттеуге облыстық бюджеттен 96,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Жыл басынан облыс аумағында алты мыңға жуық бұралқы ит ауланған. Дегенмен иесіз ит қауып алған адамның да саны азаймай тұр. Облыс аумағында 1700-ден астам адамды ит қапса, оның жартысы облыс орталығының тұрғындары. Зардап шеккендердің бұралқы итті басындырып қойғандарға өкпесі қара қазандай болса, жанашырлар өз уәждерін айтады.
– Ең сорақысы, бұралқы иттерді балалардың көзінше ату оқиғаларының орын алғандығы, – дейді ерікті, жануарлар қорғаушысы Ангелина Мелетенко. – Оқиға былай өрбіген. Әлдекімдер иесі бар итті атқан. Балалар өздерінің итін құтқарып қалуға тырысқан. Олардың көзінше осындай өрескел оқиға орын алды. Біз бұралқы иттердің шамадан тыс көбейіп кеткенін түсініп отырмыз. Мемлекет тарапынан қамқорлық та жасалып жатыр. Дегенмен, өкінішке қарай, бөлінген қаражат әзірге пайдаланылған жоқ.
Жоғарыдағы оқиға қоғамда кәдімгідей пікірталас туғызды. «Шанс на спасение» қоғамдық ұйымының жетекшісі Антон Малийдің айтуынша, тиісті орындарға арыз жазылғанымен, іс қозғалмаған. Жауапты адамдардың мәлімдеуінше, ұйықтататын дәрімен атылған. Оққа сараптама да жасалған жоқ.
Қоғамдағы пікірдің екіге жарылып, әр тарап өз уәжін айтып жатқаны белгілі. Бірі бұралқы ит-мысықты аулағаннан кейін 15 тәулік ішінде иелері тауып алып кетпеген жағдайда эвтаназиялауды енгізу туралы ұсыныс білдіреді. Бұл ұсынысты жақтаушылардың пікірінше, бұралқы иттердің санын азайтуға ықпал ететін тиімді тетік осы. Ал қарсылар «Аулау, стерильдеу, екпе егу және кері қайтару» бағдарламасының ықпалы мол болатынына сенімді. Әрі жануарларды бақпай, қараусыз тастап кеткендерге жауапкершілік жүктеу керектігі де айтылады.
– Бұрын да иттерді атқан, бірақ одан түйткілді мәселенің түйіні шешіле қойған жоқ, – дейді ерікті Ангелина Мелетенко. – Егер бағдарлама бойынша дұрыс жұмыс істелсе, бірер жылдың ішінде бұралқы иттердің саны азаюы мүмкін. Біріншіден, стерильденген иттер топқа қосылмайды. Табиғи көбеймегендіктен, өсуі тоқырайды. Негізінде бұралқы иттер көп өмір сүрмейді. Үнемі аш жүретін олар солтүстіктің қатаң қысын көтере алмайды.
Еріктінің айтуына қарағанда, стерильдеудің қымбат болуына байланысты, қала тұрғындары иттері күшіктесе, күшіктерін әлдебір қалтарыстарға апарып тастайды. Стерильдеудің құны – 35 мың теңге. Мұндай бағаны қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Мәселені түпкілікті шешу үшін әлі де біршама қаражат бөлінуге тиіс. Дамыған елдерде үй жануарларын бақпай, көшеге шығарып тастаса айыппұл салынады.
Екінші тарап қайтарусыз аулауды ұсынады. Қайтарусыз аулаудың өзі екіге бөлінбек. Біріншісі өмір бойы ұстау болса, екіншісі эвтанизация жасау. Сайып келгенде, қайтарусыз аулауды қолдайтындардың қатары басым.
Соңғы мәліметтерге жүгінсек, елімізде 300 мыңнан астам бұралқы ит бар. Нақты есебін жүргізген ешкім жоқ. Жорамал. Бәлкім одан да көп болуы. Алдын ала жасалған есепке қарағанда қыруар итті стерильдеуге 15 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет. Оның үстіне жыл сайын екпе жүргізу міндеті тұр. Осының барлығы мемлекеттік бюджетке салмақ.
Бұралқы иттердің тарапынан туындайтын ендігі бір қауіп – жұқпалы аурулардың етек алуы. Жыл сайын құтыруға қарсы екі жүз мыңға жуық екпе егіледі. Себебі, бұралқы иттерден жапа шеккен адамдардың саны көбейіп келеді. Нақты қанша екенін де айту қиын. Өткен жылдың он айы ішінде 44 мыңнан астам адамды ит қауыпты.
– Айдың-күннің аманында адамдарды итке талатып қойғанымыз қалай болады, – дейді облыс орталығының тұрғыны Дархан Әбілев. – Менің білуімше, үй жануарларын стерильдеуге міндеттейтін заң да жоқ. Сайып келгенде, бірыңғай бекітілген жүйе де болмай тұр. Оған қоса асылтұқымды иттерді сататындардың қызметін реттейтін ереже де жоқ. Заң болғанымен, бұралқы иттерді уақытша бағатын орынды әзірлей алмай отырмыз.
Қалай болған күнде де бір шешімге келетін уақыт жетті.
Ақмола облысы