• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Кеше

Жер қойнауындағы жас маман

20 рет
көрсетілді

Биыл «Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы бойынша «Шығыстүстімет» ЖШС-де жұмыс істейтін тау-кен шебері Айбар Айдарұлы болатын.

 

Бұған қоса Айбар Айдарұлы Еңбек министрлігі үздік бес жас маманның тізіміне еңгізіпті. Бұл айтулы байқауда жеңімпаз болғандар туралы: «Жеңімпаздар түрлі мамандықтар мен салаларда еңбек өтілінің аздығына қарамастан жоғары кәсіби жетістіктерге қол жеткізді. Олардың қатарында авиация мен энергетикадан бастап кен өндірісі, аграрлық сектор сынды түрлі сала өкілдері бар. Бұл – олардың қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі тек өз тіршілігін ғана емес, бүкіл ұжымның жұмысын жандандыра алатынын дәлелдейтін жарқын мысал», дейді ұйымдастырушылар.

«Үздік жас өндіріс қызметкері» атағына ие болған Айбар Айдарұлы әріптестеріне қарағанда, ұзақ еңбек етіп үлгермесе де, қазірдің өзінде бірнеше күрделі жерасты мамандықтарын меңгеріп үлгерген көрінеді. Осы ретте биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Айбармен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

– Маған байқауға қатысуды ұсынғанда, тәуекел дедім де күшімді сынап көруге бел будым. Қатысуға қажетті бейнероликтерді түсіріп, өтінім бердік. Әрине, жеңіске жеткеніме қуаныштымын, бірақ бұл әзірге тек аймақтық кезең ғана. Алда бұдан да биік белестерді бағындыруға бар күшімді саламын, – деді ол.

Айбар Айдарұлы еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастап, қысқа мерзім ішінде таукен мастері дәрежесіне дейін көтерілген. Қазір ол бірнеше жерасты мамандығын игеріп, жас мамандарға үйретіп те жүр.

– «Шығыстүстімет» ЖШС – тек өндіріс орны емес, бұл – үлкен мектеп. Мұнда тәжірибелі мамандар мол, ең бастысы, еңбекті бағалай білетін жүйе қалыптасқан. Компания бізге үнемі оқуға, дамуға мүмкіндік береді. Сол үшін де мен өзімді осы ұжымның бір бөлшегі ретінде мақтан етемін, – дейді ол.

Оның айтуынша, шахтадағы жұмыс тәртібі қатаң болғанымен, қауіпсіздік ережесі мүлтіксіз сақталған жағдайда бұл мамандық өзіне ерекше қуат пен сенім береді.

– Мен үшін ең бастысы – осы еңбектің еленуі ғана емес, жер астындағы әріптестерімнің де еңбегінің бағалануы, – дейді Айбар Айдарұлы сөзін жалғастырып. – Біз бір команда болып жұмыс істейміз. Әр ауысым сайын тау ішінде ондаған адам бірігіп, бір мақсат үшін тер төгеді. Кен өндіру оңай шаруа емес, бірақ дәл осы ортада мен өз ісімнің маңызын сезінемін.

Жас маманның айтуынша, компания өңірлерге нақты «донор» рөлін атқарып отыр – салық түсімдері мен әлеуметтік жобалар арқылы жергілікті экономиканы қолдап келеді.

– Біздің бұл кен орындары мен үшін тек жұмыс беруші емес, тұтас өңірдің тірегі деуге болады. Осы кәсіпорынның арқасында шығыс өңірі талай шағын кент пен ауыл тіршілік етіп отыр. Мысалы, Жезкент, Орлов, Николаев сияқты елді мекендердің тұрмыс ырғағы осы зауыттың жұмысына тікелей байланысты. Мұнда мыңдаған адам еңбек етеді – кенші, механик, электрик, инженер, жүргізуші, аспаз... Әрқайсысы өндіріс тізбегінің маңызды бөлігі, – дейді тау-кен шебері.

– Көпшілік байқаған шығар, соңғы жылдары инфрақұрылым жақсарып, әлеуметтік нысандар жөнделіп жатыр. Мұның бәрі – өндіріс табысының нәтижесі. Біз өндіретін кен – ел экономикасының өзегі, ал оның артында адамдардың қажырлы еңбегі тұр. Сондықтан мен өзімді осы үлкен істің кішкентай бір бөлшегі ретінде сезінемін, – дейді Айбар Айдарұлы.

Ол алдағы уақытта өндірістің жаңа технологияларын меңгеріп, инженерлік деңгейге жетуді мақсат етіп отыр. – Еңбек – адамды шыңдайды. Ал егер сол еңбегің еленсе, одан артық қуаныш жоқ, – дейді жас маман сөзін түйіндеп.

Абай облысы