Парламент екінші оқылымда Конституция нормаларын іске асыру үшін әзірленген «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Құжат халықтың мүдделерін білдіруді қамтамасыз етуге, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қоғамның қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған жаңа институтты бекітеді, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң Қазақстан Халық Кеңесінің Жоғары Конституциялық консультативтік орган ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындайды. Ұсынылған институт келісілген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу алаңы ретінде әрекет етеді.
Қазақстан Халық Кеңесіне ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз ету өкілеттіктері беріледі. Сонымен қатар, оған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктеліп отыр.
Парламент «Қазақстан Халық Кеңесі» туралы заңды мақұлдады
Қоғамның негізгі топтары – этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың және коммерциялық емес сектордың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің теңгерімді өкілдігі көзделеді, әрқайсынан 42 адамнан болады. Оларға қойылатын талаптар, құқықтары мен міндеттері бөлек реттеледі.
Сонымен қатар заң бойынша Қазақстан Халық Кеңесінің нақты ұйымдастырушылық моделі қалыптасады. Негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын Сессия оның жоғарғы органы болады. Жекелеген нақты бағыттарды пысықтау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру көзделіп отыр. Ал жұмысты ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыда қолдауды мемлекеттік орган ретінде құрылатын Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы қамтамасыз етеді.
«Қазақстан Халық Кеңесі» мүшелерінің өкілеттік мерзімі 4 жыл болады