• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 10:57

Астана туралы заң қаланы қалай өзгертеді?

Парламент «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат елорданың құқықтық мәртебесін бекітіп, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және жайлы, қауіпсіз орта жасауға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Заңда астананың республиканың саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы ретіндегі рөлін нығайту, инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейту, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі орталық ретіндегі әлеуетін арттыру көзделген.

Құжатқа сәйкес, елорда мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері нақты айқындалды. Мәслихат шетелдік жергілікті өкілді органдармен байланыс орнату, қала құрылысы құжаттарын бекіту және жер телімдерін иеліктен шығару сияқты мәселелерді қарайды.

Ал әкімдікке қала құрылысы жобаларын бақылау, апаттық тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру, қаланың архитектуралық келбетін қалыптастыру және жол қозғалысын ұйымдастыру схемаларын әзірлеу сияқты міндеттер жүктеледі.

Сонымен қатар, қала аумағы мен қала маңы аймағын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және орманды-саябақ аймақтарының экологиялық мәртебесін айқындау тәртібі де заңмен реттеледі.

Сондай-ақ, Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Президент туралы» Конституциялық заң қабылданып, Құрылтайдың өкілеттігі мен депутат мәртебесі заңмен бекітілді.

Соңғы жаңалықтар