Сыбайлас жемқорлықпен күрес – еліміздің стратегиялық дамуының негізгі алғышарттарының бірі. Сол себепті де қоғамда патриотизмді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ең маңызды мәселе болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресуді қатаң тапсырып, онымен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстарын күшейтті. Осы ретте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен сұхбат құрып, саладағы заңнамалық жаңашылдықтар турасында әңгіме өрбіттік.
– Нұржан Молдиярұлы, халқымыздың «Судың да сұрауы бар» деген даналығы бар. Оның ар жағында тіршілік көзін ысырап етпеуге, үнемдеуге үндейтін үлкен тәрбие жатыр. Қазір әзірленіп жатқан Су кодексі еліміздегі экожүйені қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану тұрғысынан қандай өзгерістерді, батыл қадамдарды қамти алды?
– Мемлекет басшысы «Суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады», деп нақты тапсырма берді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің су саясатын жетілдіру мақсатында жаңа Су кодексінің жобасын әзірледі. Бұл құжатта халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай экожүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды басқару есебінен экономиканы тұрақты дамытуға жол ашатын заңдық тетіктер барынша қамтылды. Мәселен, жаңа Су кодексіне алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерлерінен қорғауды қамтиды. Кодекстің әр бабы су ресурстарын үнемдеуге, қорғауға бағытталып отыр.
– Су шаруашылығындағы заң бұзушылықтарды анықтау мәселесінде әлі де жетілдіре түсетін заңнамалық кемшіліктер бар. Мәселен, бассейндік инспекциялардың жұмысын күшейтетін уақыт келген сияқты.
– Расында, заңнамалық батыл шешімдер болмайынша жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Сол себепті жаңа Су кодексінің жобасында бассейндік инспекцияларға тергеу функциясын беру қарастырылған. Бұл іс-шара судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күресті күшейтуге бағытталып отыр. Тергеу кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылаудың арнайы нысаны саналады және егер бұл болжамды бұзушылықтың мән-жайларын анықтау үшін қажет болса, кәсіпорын қызметінің кең спектрін қамтуы мүмкін.
Су кодексінің жобасында су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде өз бетінше су пайдалануға және шаруашылық қызметке қойылатын талаптардың бұзылуына байланысты жағдайлар тергеуге жататынын көздеу жоспарланып отыр. Бұдан әрі Су кодексінің жаңа редакциясының нормаларына сәйкес және су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтар үшін су қатынастары субъектілерінің жауапкершілігін арттыру үшін Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.
Заң жобасында су заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін су қатынастары субъектілерінің су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде су пайдаланудың және шаруашылық қызметтің белгіленген режімін сақтау, су заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл санкцияларының мөлшерін ұлғайту жолымен су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін қатаңдату көзделіп отыр.
– Кодекске салсақ, алдағы уақытта саладағы жұмыс ауқымы көбейетін түрі бар. Қазірдің өзінде біраз жұмыс еңсеріліп қалған сияқты. Ал кадр мәселесі қалай болмақ, маман тапшылығы кодекс көздеген көрсеткішке қол жеткізуде кедергісін келтірмей ме?
– Әрине, кадрсыз, білікті мамансыз үлкен жұмыс атқару мүмкін емес. Оның үстіне су қатынастары субъектілерінің жауапкершілігін арттыру ісі қолға алынып отыр. Сондай-ақ судың «көлеңкелі нарығымен» күресті күшейту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды.
Еліміздің су ресурстарын қорғайтын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 2,5 есе өсті. Осыған дейін елімізде бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 98 адам болса, қазір жалпы штат саны 242 адамға жетті. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.
Біз су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау жұмыстарын күшейтіп, «Қазсушар» филиалдары мен бассейндік инспекцияларға тексеріс жүргізіп, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойып, құқық бұзушылар мен лауазымды қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды жалғастырып жатырмыз. Яғни бұл бастамалар судың «көлеңкелі» нарығымен, су саласындағы заңсыз әрекеттермен күресу және тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатыр.
– Былтырғы жүргізілген аудиторлық тексеру нәтижесіне тоқтала кетсеңіз...
– Өткен жылдың басынан Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті 18 мекемеге аудиторлық тексеру жүргізіп, 30-дан аса жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке және бірнеше лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Мәселен, Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалына жүргізілген тексеріс барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі мен шаруалармен суармалы су беру келісімшарттарын жасау барысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Аудит қорытындысында мекеме басшысы мен Аса өндірістік аймағының басшысы қызметінен босатылды. Бұған қоса филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Алатау» филиалында кейбір ауызсу тұтынушыларынан су төлемдерін қызметкерлер қолма-қол алып, кәсіпорынның есепшотына түсірілмеген фактілері анықталды. Өз кезегінде қолма-қол ақша жинақтаған тұлғалар бұрын жұмыстан босатылған, яғни ауызсу тұтынушыларынан үнемі алаяқтық жолымен қаражаттар жинақтаған.
Жүргізілген тексерулер су тұтынушыларды ауызсу және суармалы сумен қамтамасыз ету барысында министрліктің ведомстволық бағыныстағы мекемелер мен кәсіпорындардың іс-әрекеттеріндегі кемшіліктер мен қолданыстағы заңнаманың одан әрі жетілдіру қажеттілігін анықтады. Аудит қорытындылары бойынша анықталған барлық заң бұзушылыққа қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Сондай-ақ министрліктің құзыретті құрылымдары мен ведомстволарына ұсынымдар мен тапсырмалар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар 2025 жылы одан әрі жүйелі түрде жалғасады.
– Саладағы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында нендей шаруалар атқарылып жатыр?
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі зор. Қазір – ақпарат заманы. Біз министрлікте атқарылып жатқан әр жұмысты ақпарат құралдарында жариялап отырмыз. Судың «көлеңкелі» нарығымен күресудегі жұмыстар мен заң бұзушылықтарды ашық түрде жариялау арқылы мекеме қызметкерлері мен тұтынушылардың құқықтық сауатын арттыруды көздеп отырмыз.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғалы қызмет етуге келген әр маманға әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша дәрістер өткізіледі. Жас мамандарды адамгершілік, әділдік пен ар-ождан рухында тәрбиелеу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, қоғам мен мемлекет тарапынан сұранысқа ие азамат болып қалыптасуына ықпал етеміз. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жағдайында жастар санасына адалдық пен әділдік, парасат пен қайырымдылық сияқты адамгершілік қасиеттерді сіңіріп тәрбиелеуге тиіспіз. Міне, біздің қоғамның санасы осындай дәрежеге жетуге тиіс. Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт.
Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру маңызды. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық саласында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күннің басты мақсаты болып қала бермек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»