Елде мал басы мен құс саны артқан. Дарқан даламызда 4,4 млн сиыр, 4,1 млн жылқы, 2,8 млн түйе бар. Әйткенмен бүгінде мал бағу, төл алу мен мал өнімдерін өндіріп сату қиындап барады. Оның басты себебі – мал өнімдерінің нарықтағы бағасының төмендігінде.
Экспортты арттыруға не кедергі?
Салыстырмалы түрде қарасақ, қой етінің бір килосы Швейцарияда – 9,5 мың теңге, Германия мен Нидерландыда – 5,5 мың теңге, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Кореяда 5 мың теңгеден асады. Елімізде 1 кг қой етінің нарықтағы бағасы – 1,8–2 мың теңге. «Ауыл» партиясы Ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Жұмановтың айтуынша, бағаның төмендігі әлемдегі геосаяси мәселелерге де байланысты. Ресей мен Беларусь елінен келіп жатқан өнімдер ішкі нарыққа әсер етіп, экономикаға теріс ықпалын тигізді.
«2024 жылдың 1 қарашасындағы мәліметте сүт өндірісі 3 млн тоннаға жетті. Оның 1,1 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы құрылымдарына, 1,9 млн тоннасы жекеменшік шаруаларға тиесілі. Тауық жұмыртқасын өндіру 3,7 млрд данаға дейін жетті. Салада шағын шаруашылық пен жеке шаруашылықтың үлесі – 0,6 млрд дана немесе 16,2%. Бірақ осы жеке шаруашылықтарды мемлекет тарапынан жүйелі қолдау ақсап тұр. Бұл бағытты қолдау үшін арнайы заң қажет», дейді.
Ұсақ және қара мал етіне, әсіресе жайылымда өскен малға Орта Азия елдерінен сұраныс жоғары. Алайда ішкі нарықты реттеуге байланысты Үкіметтің тірі мал басын экспорттауға қойылған шектеуі бар. Ірі қара мал басының 20,6%-ға өсуінің ең басты себептерінің бірі де осы.
«Аналық малды сыртқа әкетуге толық тыйым салу мен квота түрінде тірі малдың экспортын тежеу салдарынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз қызметінен жоғары пайда ала алмай отыр. Қазақстаннан тірі ұсақ және ірі қара малдың тұрақты импорттаушысы – Өзбекстан елі. 2021 жылы 142,5 мың ірі қара мал экспортталса, 2024 жылдың 9 айында 47 мың бас шығарылған. 2021 жылы 115,3 мың қой сатылса, 2024 жылдың 9 айында 35,5 мың қой сатылып немесе 2021 жылмен салыстырғанда ірі қара малды экспорттау 3 есе, қой 3,2 есе азайған», деді Қ.Жұманов.
Саладағы тағы бір мәселе – мал сапасын жақсарту. Мемлекет селекциялық асыл тұқымдық жұмыспен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия береді. Яғни генетикалық әлеуеті жоғары жануарлар өсімін көбейтумен және оларды сақтаумен, өсірумен айналысатын өндіруші шығынының бір бөлігін өтейді. Оған қоса асыл тұқымды орталықтар, мал тұқымы мен эмбрионын сату жөніндегі дистрибьютерлік орталықтар, ауыл шаруашылығы малының аналық басын қолдан ұрықтандыруда қызмет көрсететін ұрықтандыру техникасы да субсидияланады. 2023 жылы Үкімет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, оның өнімділігі мен сапасын арттыруға субсидиялау ретінде – 147 млрд теңге, 2024 жылы 114,6 млрд теңге бөлінген. Бірақ мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаражатқа қарамастан, елдегі асыл тұқымды мал басының жалпы сандағы үлесі: ірі қар мал бойынша – 13,4%-ды, қой бойынша – 11,8%-ды, ешкі бойынша – 0,08%-ды, жылқы бойынша – 1,2%-ды, түйе бойынша – 0,7%-ды, құс бойынша 2,9%-ды құрап отыр.
«Осы бағытты дамытуға кедергі болып тұрған бірқатар мәселе бар. Біріншіден, субсидиялау кезінде асыл тұқымды малға арналған нормативтер санаты сараланбайды. Осылайша, субсидиялау бірінші санаттағы асыл тұқымды жануарлар санын көбейтпейді. Бірінші санаттағы етті асыл тұқымды ірі қара малды тағайындау үшін молекулалық-генетикалық сараптама негізінде әкесі бойынша шығу тегін растау қажет. Бірақ асыл тұқымды мал палаталарының бұл іске қызығушылығы жоқ. Өйткені палаталар мал басына екінші санатты асыл тұқымды мәртебе бере отырып, асыл тұқымды мал басын көбейту арқылы палата мүшелерінен жарна жинайды және мәртебе бергені үшін қызметіне құн сұрайды. Осыған байланысты елдегі екінші санаттағы асыл тұқымды етті ірі қара мал саны жалпы асыл тұқымды мал санының 99%-ына жетті. Бірінші санаттағы асыл тұқымды мал басының аз болуы экспорт бағытындағы еттің бағасына әсер етіп, сыртқы нарыққа өткізуге кедергі», деді спикер.
Екіншіден, отандық зертханалардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігінен ДНҚ талдаулары мен малды асыл тұқымды деп тану бойынша сапасыз зертханалық мәліметтер беру қаупі үлкен. Сапасыз, күмәнді өнімдерді әкелуді болдырмау үшін биологиялық материалдар зертханалық талдаудан өтуі керек. Сапасыз, күмәнді өнімдерді қолдануға, оның қатарында импорттық асыл тұқымды өнімдерді әкелуді болдырмас үшін биологиялық материал зертханалық талдаудан өткені жөн. Үшіншіден, мал тұқымын жақсартумен және жаңа тұқым өсірумен айналысатын мамандандырылған асыл тұқымды шаруашылық санын көбейткен дұрыс. Төртіншіден, Үкімет тарапынан жиі қабылданатын әкімшілік шектеулер шаруаларды асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ынталандырмайды, өйткені түсетін пайда аз деп ой қорытады сарапшылар.