Талдықорған қаласындағы Ш. Уалиханов атындағы № 10 орта мектеп-гимназиясында Қаңтар оқиғасында қаза тапқан сарбаз, ІІМ Ұлттық ұлан батыры ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Айбат Амановқа арналған «Ерлік сыныбының» ашылу салтанаты өтті.
Аталған іс-шараға батырдың жақындары, 5514 әскери бөлімнің басшылығы мен жеке құрамы, мектеп оқушылары, қала әкімдігінің, құқық қорғаушы органдарының және Қарулы күштер өкілдері мен ардагерлері қатысты.
Алғашқы сөзді Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жеткізді. Қала басшысы ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Ұлттық ұлан әскерінің орны және Айбат Амановтың ерлігі туралы айтып өтті. Одан кейін сөз кезегі Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешевке берілді.
«Ұлтық ұлан батыры Айбат Амановтың ерлігі ұмытылмайды. Мектепте ұландық батырдың есіміне сыныптың берілуі оқушылардың батыр, патриот болып өсулеріне өз септігін тигізетініне кәміл сенемін», деді Н.Әлкешев.
Қатардағы сарбаз Айбат Ерболұлының анасы Гүлназ Әлкенқызы ұлы туралы өз естеліктерімен бөлісті. Одан соң «Ерлік сыныбының» лентасын Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы мен полковник Ниязтай Болатұлын және Айбат батырымыздың әпкесі Инабат Ерболқызы қиды.
«Айбат екеуміз қатар өстік. Ол әскерге барып, кейін Астанада әскери қызметті жалғастыруды армандады. Енді мен оның арманын орындап, Астанаға әскери қызметке орналастым. Осындай іс-шараға қолдау көрсеткен Ұлттық ұлан басшылығына, қала әкімдігі мен мектеп директоры Айжан Жұмаділоваға алғысымды білдіремін», деді әпкесі Инабат Аманова.
Ділнәз Сағатбекқызы мен Айша Талғатқызы атты оқушылар сөз сөйлеп, Айбат Амановқа арналған өлеңдерін оқыды.
Полковник Ниязтай Әлкешев арнайы «Жас бүркіт» сыныбының символикасы бейнеленген шеврондар мен Ұлттық ұланның формасын және «Бүркіт» журналын табыстады.
«Ерлік сыныбының» ашылу салтанаты аяқталған соң, шақырылған қонақтар мектептің 1 қабатында орналасқан «Акт залына» түсті. Онда «Ерлік сыныбының» ашылуына атсалысқан бірқатар лауазымды тұлға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтің құқығымен марапатталды. Әкімдік тарапынан Айбат Амановтың анасы Гүлназ Әлкенқызына естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңы Талдықорған қаласы Ш.Уалиханов атындағы №10 мектеп гимназия оқушылары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.