Елімізде жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау мен қадағалауды енгізу жоспарланып жатыр. Бұл туралы былтыр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеген еді.
2024 жылдың соңында «Ашық құқықтық нормалар» порталында реттеушілік әсердің талдауы жарияланды. Онда ел аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларының көлеңкелі айналымының көлемі 59%-ды, құндық мәнде 925 502 млн теңгені құрап отырғаны көрсетілген. Елімізге алыс-жақын шетелдерден контрафактілік және контрабандалық жеңіл өнеркәсіп тауарлары айтарлықтай көлемде еніп жатыр. Мұндай өнімдердің салығы мен төлемдерін төлемеу отандық өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай кедергілер тудыратыны жазылған.
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізудің мақсаты – отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін дамыту мен арттыру. Сондай-ақ тауарлардың ел ішіндегі құн үлесін ұлғайту мен құқықтық айналымды қамтамасыз ету. Оған қоса, тұтынушы құқығын қорғау мен салық және кедендік төлемдерді жинауды арттыра отырып, адал бәсекелестікті алға оздыру да – бірегей міндет. Құжатта таңбалау енгізілген соң 5 жылдан кейін жеңіл өнеркәсіп тауарлары нарығын ағартудың болжамдық көрсеткіштері келтірілген:
2025 жылға дейін – жеңіл өнеркәсіп тауарларының заңсыз айналымын 5%-ға қысқарту, 46 275,1 млн теңге; 2026 жылға – 6%-ға қысқарту, 52 753,6 млн теңге; 2027 жылға – 7%-ға қысқарту, 57853,1 млн теңге; 2028 жылға – 8%-ға қысқарту, 61 489,6 млн теңге; 2029 жылға – 9%-ға қысқарту, 63 641,7 млн теңге.Мамандардың бағалауынша, 5 жылда заңсыз тауар айналымы 282 013,1 миллион теңгеге немесе 35%-ға азаяды. Ал ведомство таңбалау енгізілгеннен кейін 5 жылда отандық өнімнің үлесі 15,5%-ға дейін артады деп болжап отыр.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бөлшек саудада өткiзу кезiнде таңбаланған тауарларды айналымнан мiндеттi түрде алып тастай отырып, ел аумағына әкелiнетiн немесе өндiрiлетiн жеңiл өнеркәсiп тауарларын мiндеттi таңбалау енгізілмек. 2027 жылғы 1 маусымнан бастап сәйкестендіру құралдарымен таңбаланбаған жеңіл өнеркәсіп тауарларының айналысына және айналыстан алынуына тыйым салынады.
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің I санатты сарапшысы Бақытжан Момбековтің айтуынша, жеңіл өнеркәсіп тауарын өндірушілер өнімінің таңбаланғанына қарсы емес, керісінше қолдап отыр.
«Десек те, өнімдерді импорттаушылар қарсы пікір білдіретін тағы бір позиция бар. Онда қымбат технологиялық жабдықты енгізуге байланысты өнім бағасын көтеретінін түсіндіреді. Күрделі таңбалау үдерісі, сондай-ақ өнімге қолданылатын әрбір код пен қосымша жұмысшылар мен қызмет үшін операторға қосымша ақы төлеуі қажет», деді сарапшы.
Жүйеге тауарларды енгізу мен алып тастаудың реттелмеген және реттелмейтін үдерісі, шалғай аймақтарда интернеттің нашарлығы, техникалық қолдау мәселесі сияқты мәселелер әлі де пысықтауды қажет етеді.
«Елдегі екі ұйым – QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық қауымдастығы» ұйымы мен «ҚР жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы» жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын 200-ден астам кәсіпорынды біріктіреді. Аталған бірлестіктер жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, сондай-ақ аяқ киімді таңбалауды толық қолдайды», дейді Бақытжан Ертемірұлы.