«AMANAT» партиясы фракция депутаттары Жанарбек Әшімжан әріптестері Аманжол Әлтай, Қазыбек Әлішевпен бірге Премьер министр Олжас Бектеновке ұлттық кинодағы маңызды мәселелерді айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат түсіріліп жатқан фильмдердің сапалық деңгейі төмен екендігін жеткізіп, оның елімізге теріс имидж тудыратынын атап өтті.
«Ең қиыны – қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар, дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес», деді ол.
Бұған қоса Жанарбек Әшімжан отандық фильмдерге мемлекет тарапынан қолдауды күшейту керектігін алға тартты.
«Германия кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөледі. Ал Оңтүстік Корея отандық киноны қолдау үшін кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектейді», деп мысал келтіріп, салаға жауапты министрлік төмендегі шараларды жеделдетіп қолға алу керектігін жеткізді.
-Бірінші, бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру;
-Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру;
-Үшінші, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормалары бұзылуын қатаң қадағалау;
-Төртінші, халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету.