Осыдан тура 100 жыл бұрын, «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылы 22 наурыздағы санында Бейімбеттің «Наурыз күні» деген өлеңі жарияланды. Дәл осы жылдан бері Наурыз мерекесі «ескіліктің қалдығы» саналып, оны тойлауға тыйым салынды. 1988 жылдан бастап Наурыз қайтадан тойлана бастады. Осыған байланысты «Социалистік Қазақстан» газетінің 1989 жылғы 22 наурыздағы №68 санында Бейімбеттің «Наурыз күні» өлеңі қайта басылды.
Бейімбет өлеңінде Наурыз мерекесі, көктемнің келуімен, ауыл өмірі мен халықтың тұрмыс-тіршілігін қатар суреттейді. Мерекемен бірге халықтың тұрмысындағы қиындықтарды да шынайы бейнелейді. Сол себепті өлеңді оқып отырғанда екі түрлі көңіл күй қатар берілгенін байқайсың.
Өлең үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көктемнің келуі, Ұлжан ананың балаға деген мейірімі сөз болады. Табиғаттың жанданғанын көрген Ұлжан ана:
«Қалың қар еріп, су болып,
Сай салалар күрілдер.
Көк шөбі шығып желкілдеп,
Ертең дүние күлімдер.
Күлімдер дүние... ойнарсың,
Күрең тайың ат болып,
Бәйгеге қоссаң келерсің,
Жұрттан жеке тақ болып»,
деп баласына үміт артады. Бұл шумақта жылылық, мейірім, үміт бар. Ал екінші бөлімде Бейімбет екі әйелдің диалогі арқылы бірінің Наурызға барынша дайындалып жатқанын, ал екіншісінің жоқшылықтан көз ашпай отырғанын қаз-қалпында жеткізеді.
«Күн шырайы келіп-ау,
Жаз боп қалған секілді.
Айтпақшы, әже, наурызға
Астың ба көже, етіңді?»,
дей келіп, бірінің Наурыз күні ет асқанын, ал екіншісінің «Наурызды тойлар не күй бар, Сойған жоқпыз соғымды» деуі арқылы асар еті жоқ екенін жеткізеді. Осылайша, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті ашып көрсетеді.
Өлеңнің үшінші бөлімінде Беркімбай деген байдың үйіндегі көрініс баяндалады. Беркімбайдың дастарқаны жайылған, адамдар Наурызды тойлауға кіріскен. Мұны Бейімбет: «Беркімбайдың үйінде, Бидай көже буланып, Бір жая піскен күйінде», деп суреттейді. Одан әрі:
«Шалдар кірді кеңеске,
Баяғыдан басталды.
Қынынан пышақ суырып,
Шал қолына басты алды»,
деп Наурыз күні асқа қол созған ауқатты жандардың тіршілігі көрініс береді.
Бейімбет «Наурыз күні» өлеңінде үш қазақ отбасын мысалға келтіру арқылы кімнің Наурызды қалай қарсы алатынын жазады. Бейімбеттің өлеңінде Наурыз күні тіршіліктің жанданғаны, табиғаттың жаңарғаны, сөйтіп, адамдарға қуаныш сыйлағаны суреттеледі. Алайда мерекені тойлауға жұрттың бәрінің жағдайы жете бермейтіне көз жеткізесің. Осылайша, Бейімбет Наурызды халықтың тұрмысымен байланыстыра суреттеп, жаңару тек табиғатта емес, адам өмірінде де болуы керек деген ой салады.