• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Білім 23 Қаңтар, 2025

«Талапкер» жобасы

65 рет
көрсетілді

Өңірде өткен жылдан бастап экспериментальді білім беру бағдарламасы енгізіліп, білім ошақ­­­та­рындағы жоғары сынып оқушылары жұ­­мыс­­шы мамандықтарын игеріп отыр.

Таяуда кәсіптік білім алған мектеп оқушылары­ның алғашқы легі аспаз және кондитер мамандық­та­рын оқып игеріп, дипломға ие болды. Облыс орта­лы­ғын­дағы осы саладағы ұжымдар жас толқынды алда­ғы уа­қытта жұмысқа тартып, игілікті істің алғаш­қы әліп­пе­­сін үйретпек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жұмысшы мамандығына назар аударуы тегін емес.

– Бұл шынында да өте өзекті мәселе, – дейді ардагер ұстаз Рауза Бәйкенова, – атам қазақ «баланы жас­тан» деп тегін айтпаған. Кейінгі жылдары жастардың еңбекке деген құлшынысы кеміп кетті. Әрине, жоғары білім алған, жаңа технологияларды игерген жақсы. Дегенмен табиғат сыйлаған қабілет әрқилы. Әркім өзінің қолынан келер шаруаны атқаруы керек. Бойкүйез баланың өсіп жетілуіне ата-ана да, мектеп те кінәлі. Көбіне ата-аналар бауыр еті балаларын өбектеп, желге, күнге тигізбей өсіреді. Мұндай балалар шеге қаға алмаса, қыздар ине ұстай алмайды. Сондықтан «еті сенікі, сүйегі менікі» демекші, кішкентайынан еңбекке баулу керек. Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша кәсіп игеріп жатқан балалар жерде қалмайды, тек әрқайсысы өз саласының мықты маманы болуы керек. Сонда бағы жанады.

Өңірде қазір «Талапкер» қанатқақты жобасы аясында елуден астам оқушы кәсіби білім алып отыр. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, өңірде бірнеше колледж анықталған. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасын ескере отырып, Көкшетау құрылыс-техникалық және Степногор жоғары колледждері таңдалған. 10-сынып оқушылары арасында болашаққа бағдар беріліп, мамандық таңдау төңірегінде жұмыс жүргізілген. Оқушылар екі жыл бойы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша мектептегі сабағын колледждегі оқуымен ұштастырады. Осылайша, олар күні ертең кәсіби маман иесі атанады.

Мемлекет басшысының Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттілігі айтылған болатын. Бұл өте маңызды мәселе. Тапсырманы тап-тұйнақтай орындау үшін біздің өңірде мектеп жасынан бастап жұмысшы мамандығын игеру қолға алынып отыр.

 

Көкшетау