• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Еңбек 23 Қаңтар, 2025

Орманшы

103 рет
көрсетілді

Кейіпкеріміздің пайымдауына қарағанда, төл табиғатты жан-тәнімен сүйген адам орман шаруашылығында жұмыс істеймін дегеннен гөрі орманға қызмет етемін деуі керек екен.

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын­дағы Айыртау филиалы орман­шыларының ішіндегі Асқаров­тар әулетінің еңбек өтілі 78 жылды құрайды. Атасы да, баласы да, немересі де орман­шы. Атам қазақтың «әке көр­ген оқ жонар» деген аталы сөзін осы жерде қолдануға болар. Тал бесікте тербеліп ержет­келі бері көргені – тамаша табиғат­тың аясы. Түйсінгені – сол таби­ғаттың тыныс-тіршілігі, әні мен жыры. Арагідік мұңы. Бәлкім соншалықты көз қарықтырар сұлулықтың ортасында жүріп мұңайғаны несі дерсіз. Суық қолын сұғушылар бар. Аң-құсына жеріктер де кездеседі.

Омырауына сексен көлден моншақ таққан Көкше өңірі сыңсыған орман деп ұғу қате. Алаштың бар даласы мұндай байлыққа мелтектеп тұрған жоқ. Тұлпардың тұяғын, сұң­қардың қанатын тоздыратын дарқан даланың 4,6 пайызы ғана орманды өңір. Демек көздің қарашығындай қорғауды қажет етеді. Өтпелі кезеңнің өкпек желі қайыңның желегін жұлмалап, қарағайдың діңін қаусатқан. Бұл өлкедегі шалғайдағы шағын ауылдар әлі күнге дейін сау қайыңды отқа жағады. Көмір тасу артық шығын, бел кететін бейнет деп санайды. Әрине, орман шаруашылығы тарапынан белгіленген тәртіппен босатылған ағаш болғаны­мен, көркемдікке құмар көңіл қимайды екен.

Дәтке қуаты, орманшылар осы олқылықтың орнын толтырып, бір ағаш кесілсе, орны­на екі көшет егуді мұрат тұт­қан. Кемі кемеріне келсін деген ниет. Айыртау филиалына басшылық ететін кіші Асқаровтың айтуынша, жыл сайын жүздеген қайың-қарағай көшеттері отырғызылады. Қара жерге тал еккен жан оның жайқалып өскенін, көктегенін көріп қуанады. Шүкіршілік етеді. Филиал өткен жылы ғана 26,2 гектарға көшет егіпті.

Қаулаған орманның келеше­гін ойлап жүрген Асқаровтар әулеті туралы таратып айта кетелік. Орманға ой көзімен қарап, табаны тастан таймаған тарланбоздай еңбегін сіңірген аталары Асқар Сұпыбеков 1904 жылы дүниеге келген. Әуел баста ұжымшар төрағасы, сауда саласының қызметкері болса, 1953 жылдан бастап ет жүрегі орманды қалапты. Бар тағдыр-талайы табиғатпен тамырлас. Орманшының еңбегі көзге көрінбегенімен, шаруасы қияпат. Уақытпен санаспайды, тәулігіне 12-13 сағат жұмыс істеуге бар. Жылы төсегінде жайбарақат жатқызбайтындар – браконьерлер. Санитарлық тазалау жұмыстары таусылып бітпейтін машақат. Қай ағаштың ауырып тұрғанын сезіне білуі керек. Жұқпалы ауруларды таратпау үшін алдын алып, залалсыздандыру қажет. Әр ауру ағашты тауып белгілеу, уақытында тазарту – орманшының міндеті. Бұл істе немересі Қайролла көмекші. Сабақтан кейін қолына орманшының балғасын алып көкмұнарлы сағым көмкерген орман ішін аралайды. Әр ағашқа белгі соғады, есепке алады. Бұл отбасындағы жарық дүние есігін ашқан әр бала орманды өз үйі, өз көркем мүйісі санайды. Иен байлыққа ындыны құрып тұратын суық қолды сұғанақ­тар бұл отбасының қызмет ете­тін ор­манды алқаптарына көз алар­та алмайды. Себебі атадан балаға мұра болып келе жат­қан мәнді мамандықты қала­ған, төл табиғатты аялаған әулет ел мұрасын құтты шекараны күзет­кендей кірпік ілмей күзетеді.

Күзетсе күзеткендей, таби­ғаты ғана емес, тағылымы­ның өзі талайды таңғалдырар өңір. Көркем сұлулық қана емес, қойнауы толған қазына. Саябақ аумағында республикалық ма­ңы­зы бар 13 табиғат ескерт­кіші бар. Парк ұжымы олар­дың әрқайсысына туристік бағыт­тар ашып отыр. Көркем таби­ғат­тың қойнауына келген жан сұлулығына сұқтанып қана қой­май, рухани нәр алмақ, көкіре­гіндегі қыздар тіккен кестедей кестеленіп жатқан байлықты еселей түспек. Бәлкім содан ба екен, алыстан ат арытып жететін ойлы да ізденімпаз меймандардың әдейілеп келіп, иен байлыққа шөлін қандыратын жері. Анау көз ұшында көкторғын сағымды сәл ғана сіліксеңіз, ғажайып бейнесі жарқ ете түсетін Айыр­тау шоқысы қозыкөш жерден менмұндалап, қойнауына шақыратындай. Айыртау ауылынан батысқа қарай беттесеңіз, он екі шақырым қашықтықта орналасқан екі жота табиғат тамашасына тоятаттады. Жалғыз сұлулығымен ғана емес, есті жанды елітетін естелігімен. Мына бір ғажапты қараңызшы, екі жота шамамен үш жүз метрге дейін қойындаса құшақтасып барады да, қақ айырылады. Түпкі етек, әлде тамыр дейік пе, қос жотаның қойындасқан тұсы жұмырлана бітіп, кірігіп кеткен. Бірін-бірі құшақтап, мағына үстеп, мазмұнын байытып тұратындай. Осы өлкенің көне тарихын көкірегіне қатта­ған ақсақалдардың айтуынша, батырлардың білегінен тамған тамшыдан, жүрегінен аққан қаннан жеміс-жидектер пайда болыпты. Көптігі сондай, қырық күн шілдеде орман аралаған салт атты жолаушы көлігінің тұяғы қып-қызыл болып жеміс сөліне боялып қалады екен.

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, орманды отау оқиғасы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болыпты. Күзету де оңайға соқпаған. Аң-құс­тың қарауылға көбірек іліккені де осы кезең екен. 1996 жылы Үкімет қаулысымен «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи  паркі құрылған. Осы кезеңнен бастап келер ұрпаққа қалар сыбаға дін аман. Әулеттің бір өкілі Қайролла Асқарұлы орман шаруашылығында қырық жыл қызмет еткен. Мінсіз, үлгілі қызмет. Ұлы Ардақ қазір фи­лиалдың директоры. Ұрпақтар сабақтастығы осылайша жалға­сып жатыр. Адал еңбек жастарға үлгі, жақсы мысал. 

– Филиал орман өсіру өнді­рі­сі­­мен 1961 жылдан бері айна­лыса­ды, – дейді  Ардақ Асқаров. – Жүз жылдан астам тари­хы бар дендрологиялық парк­тің екпе­леріне ғылыми бақылау жүргізі­леді. Айыртау филиалының дендро­паркі Сырымбет-Түкті орман шаруашылығы 55-ора­мы­ның солтүстік-батыс бұры­шын­да орналасқан. Шығыс жағы­нан паркке филиал кеңсесі орналас­қан Айыртау елді мекеніне қосы­лады. Дендропарк түрлі ағаш-бұта тұқымдарының, таби­ғи текті қайың ағашының негізін­де құрылды. Алғашқы отыр­ғызу­лар 1904-1905 жылдары жүргі­зіл­ді. Қазіргі уақытта паркте ағаш-бұта тұқымдарының отыз­дан ас­там түрі өседі. Оның ішінде, қара­ғай, шырша, балқара­ғай, қа­йың, көктерек, ұсақ жа­пы­рақ­ты жөке, терек, татар үйең­кісі, өткір жапырақты үйеңкі, тал, шегір­гүл, алма, басқа да түрлер, бір да­на май­қара­ғай өседі. Сары акация, жұ­паргүл, ырғай, таңқурай, қара­қат, аю­бадам, итмұрын тәрізді бұ­та­лар бар. Парктің оңтүстік-батыс бағы­тында 1962-1965 жыл­дары жеміс бақшасы ұйымдастырылған. 

Орман шаруашылығындағы маңызды мәселенің бірі – пісіп-же­тілген ағаштан арылу. Жалау­лы жасыл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ, ағаш та қартаяды. Солып, шіріп, молаққа айналады. Шіріген соң ауру таратпақ. Бірақ заң бойынша кесе алмай­сың. Ауру ағаштан тараған тұқым да әлсіз. Кей орманның ішінде қурап қалғанның көбеюі содан. Қазір бұл мәселені мәртебелі мінбелерден айтып жүр.

– Парктегі бес филиалдың үздігі Айыр­тауда, – дейді «Көк­ше­тау» мемлекеттік ұлттық табиғи  паркінің бас директоры Ербол Сағдиев. – Барлық көрсет­кіш жөнінде оқ бойы озып тұр. 

 

Ақмола облысы