Ертіс-Баян өңіріндегі алғашқы баспа өнімдері қолмен басқарылатын «Hogen forst» станогінде басылып шыққан. Соның бірі қазіргі уақытта жергілікті музейдің сәнін келтіріп тұр.
Әлемдегі тұңғыш баспа станогін 1468 жылы неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг ойлап тапқан. Ол жылжымалы құйма әріпті баспа станогінің еуропалық әдісін өміршең етіп, әлемде алғашқы болып баспахана негізін қалаған.
Баспа жабдықтары содан бері үнемі жетілумен болды. Арнайы машиналары шыққанға дейін престі станоктар кең қолданылған. Соның бірі – «Hogen forst» станогі. Ол XVIII–XIX ғасырларда баспа ісінде кеңінен пайдаланылған. Павлодар қаласында XIX ғасырдың алғашқы шенінде мұндай құралдың көмегімен үндеу парақтары, кітапшалар, алғашқы газеттер басылып шыққан.
«Hogen forst» баспа станогі – толықтай механикалық әдіспен басқарылатын престі құрал. Ертіс-Баян жеріндегі алғашқы газеттер – «Объединение» мен «Дала жаршысы» 1918 жылы осы станоктың көмегімен жарық көрген. Яғни құрылғы өңірдегі алғашқы баспасөздің атасы десек жарасады. Толықтай шойыннан жасалған. Салмағы өте ауыр, 8–10 адам орнынан әрең қозғайды. Шойын жоғары температураға аса төзімді әрі кез келген діріл мен тербеліске бой бермейді. Кеңес өкіметі орнаған жылдары оның көмегімен көптеген баспа өнімдері басылған. Бірақ жылдар өте баспа машиналары қолданысқа ене бастаған соң, жұмысын тоқтатқан. Өлкетанушы И.Лагутиннің ұсынысымен Павлодар мемлекеттік баспаханасы ежелгі баспа станогін 1960 жылы музейге табыстады. Содан бері құнды жәдігерімізге айналды», деп әңгімеледі ерекше құрал туралы Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі өлке тарихын ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжанат Әлиева.
Қолмен басып шығару машинасының негізгі бөлігі – механикалық пресс, оның көмегімен мәтін қағазға немесе өзге материалға түрлі түсті басу арқылы түсірілген. Бұл өнертабыс кезінде шарап престеу станогінің және қағаз өндірісінің ұқсас механизмдеріне негізделген деп есептеледі.
ПАВЛОДАР