Зарып Ержанұлы Жүсіпов 1915 жылы қазіргі Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылының маңындағы Киров ұжымшарында дүниеге келіп, Есіл ауданындағы Қарағаш пен Гурьяновка ауылдарының маңындағы қазақ ауылында өмір сүрген. Кеңес өкіметі орнағанда бұл аймақ Приишим ауданы атанған, орталығы – Боголюбов ауылы. Зарып ағамыз төрт ағайынды еді. Үлкені Шәріп өмірден ерте өткен, одан кейінгі – Зарып. Үлкен інісі Рамазан өзі сұранып майданға аттанып, Ленинград қоршауында болып, хабарсыз кеткен. Екінші інісі Қарып бертін қайтқан.
Зарып Жүсіпов Петропавл қаласындағы педагогикалық техникумға түсіп, оны 1939 жылы бітірген. Одан әскерге алынып, сол жылы күзде басталған фин соғысына қатысады. Кеңес тарихында «Қысқы соғыс», «Фин соғысы» деп әртүрлі аталған бұл соғыс 1939 жылдың 30 қарашасында басталып, 1940 жылдың 12 наурызына дейін созылған. Осы уақыт аралығында екі жақтан да жүздеген мың адам қырылды. КСРО адам саны көптігімен ғана шағын Финляндияны жеңе алды. Міне, осы соғысқа қазақ азаматтары да қатысқан, соның ішінде Зарып ағамыз да қан төккен.
Соғыс аяқталған соң оны елге жібермей, әскери міндетін тағы бір жыл өтеуге ұстап қалады. Бұл мерзім 1941 жылғы 22 маусымдағы Екінші дүниежүзілік соғысқа ұласады. Сөйтіп, Зарып Жүсіпов соғыстың алғашқы күнінен елдің батыс шекарасында соғысқа кіреді. Әйтеуір, олар қызмет еткен әскери бөлім Ленинград бағытында тұрғандықтан «шекарадан шегіну мектебін» көрмеген.
Көзінің тірісінде Зарып марқұм жалғыз ұлы Асқарға қайда соғысқанын, қалай жараланғанын айтпайды екен. Алайда Асқар оның жонарқасында Берлинді алу операциясында фашистердің овчаркасы киімімен қоса жұлып алған терісінің тыртығын, төбесінде снаряд жарықшақтары тигеннен қалған ақ дақтарды көріп жүреді. Егер бір үлкен адамға осыларды қалай алғанын айта бастаса, Асқарды дереу үйден шығарып жібереді екен. Сондықтан баласы оның қайда соғысқанын, қай жерлерде болғанын білмейді. Тек бірнеше алғысхаттар мен орден-медальдар иесінің қайда соғысқанын, қандай ерлік көрсеткенін тайға таңба басқандай көрсетіп тұр. Әскери әуе күштерінің механигі болған оған 1945 жылға дейін «Висладан өткені үшін», «Вроцлав қаласын алғаны үшін» және т.б. алты алғысхат беріліпті.
«Сталинградты қорғағаны үшін» медалін ол 1943 жылы 3 тамызда алған. Сөйтіп, адамзат тарихында болған ең үлкен қырғынның біріне қатысып, жараланса да аман шыққан. Үш айға созылған «Сталинград соғысынан» кейін майданда бетбұрыс басталып, Германияның КСРО-ны жеңе алмайтыны белгілі болған.
Бұдан кейін Зарып Жүсіпов «Варшаваны азат еткені үшін» медалімен 1944 жылы наградталған. Бұл – оның Польша жеріндегі соғысқа қатысқанының айғағы. Ал 1945 жылдың 22 сәуірінде табыс етілген «Кавказды қорғағаны үшін» медалі кешігіп жеткен награда екені көрініп тұр, өйткені бұл уақытта оның әскери құрамасы Еуропа жерінде жүрген.
Бір қызығы, аға сержант Жүсіповке 1945 жылы берілген «Б» сериялы №420412 куәлікте «Жауынгерлік ерлігі үшін» (№330229) және «Қызыл жұлдыз» ордені (№481571) берілгені көрсетілген. Демек екі награда бір-ақ берілген. Бұл – оның ерлігі осал болмағанының белгісі. Осы куәлікте: «Имеет право начиная с июля 1943 года на получение орденских денежных выдач и на другие льготы и преимущества согласно «Общему положению об орденах Союза ССР» деп жазылып, «Секретарь Президиума Верховного Совета СССР» деп қол қойылып, мөр басылған. Демек бұл КСРО-ның ордендерін алған адамдарға ол кезде азды-көп материалдық көмек берілгенін көрсетеді.
Зарып ағамыздың соғыстан алған соңғы марапаты – «За взятие Берлина» медалі. Оны 1945 жылдың 17 қазанында алған. «40 жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген бар ғой, З.Жүсіпов фин соғысына, одан Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, туған жеріне алты жылдан кейін аман оралған.
Соғыстан кейін ол қысқа мерзімді басқармалық курсты бітірген соң «Октябрь», «Қызыл жұлдыз» ұжымшарларында төраға болып істеген. Оның басқармалық оқуға барғанда басқалармен бірге түскен суреті сақталған. Кейін ол ұзақ жыл бойы Октябрь ауданына қарайтын, белгілі ақын Ахметжан Нұртазин басқарған орман шаруашылығында трагедиялық жағдайда қаза болғанға дейін орманшы болып істеген.
Қанды қырғыннан аман келген ол осы қызметте жүргенде 1969 жылы Чириковка ауылындағы автобус аялдамасында көлік күтіп отырғанда есерсоқ солдат айдап жүрген жүк көлігінің соғуынан 54 жасында қайтыс болды. Тағдырдың жазуы ғой, дәл сол аялдамада інісі Қарып та 10 жылдан кейін 1979 жылы жол апатынан қаза тапты. Ат-шанамен келе жатқан оны да жүк машинасы соғыпты.
Зарып Жүсіпов 1939 жылы әскерге алынғанға дейін педтехникум бітірген Сабиға деген сүйген қызына үйленген. Іште қалған тұңғыш қызы 1940 жылы туады. Алайда сол жылдардағы ауыр тұрмыстан жас бала шейіт болады. Ал соғыстан кейін оның үш ұл, үш қызы өмірге келген. Олардың ішінен Роза мен Гүлнәр есімді екі қызы, жалғыз ұлы Асқар ғана ер жетіп, аман-есен өмір сүріп жатыр. Асқар Зарыпұлы Алматының архитектуралық-құрылыс институтын бітірген, бұрынғы Возвышен ауданындағы «Советский» кеңшарында ұзақ жыл сәулетші болып абыройлы қызмет атқарды. Ал кеңшар тарауға айналғанда Петропавл қаласы архитекторын таңдауға арналған байқауда жеңіп шықты. Одан кейін Бурабай ауданының орталығы, курортты қала Щучинскіде де архитектор қызметін атқарды, қазір зейнет демалысында. Асқар мен Жұмабикенің Шыңғыс, Дана есімді балалары бар. Шыңғыс ішкі істер органдарында жауапты қызметте, ал қызы Дана әкесі Асқардың жолын қуып, архитекторлық мамандық алған.
Кіші інісі Қарыптан Бақыт, Ғалия, Мұрат, Сара есімді ұл-қыздар бар. Бақыт Қызылжар ауданындағы Преснов ауылында, Ғалия деген қызы осы ауданның Налобино ауылында ауыл шаруашылығымен айналысады. Мұрат елдің қауіпсіздік саласының жауапты қызметкері, ең кішісі Сара Астанада сауда саласында қызмет атқарады. Рамазаннан ұрпақ қалмаған, ол жастай пысық, белсенді азамат болып өсіп, өз еркімен соғысқа сұранып, Ленинград қоршауында хабарсыз кеткенін жоғарыда айттық.
Міне, бір отбасының соғыс салдарынан бастан кешкен тағдыры – осындай. «Орнында бар оңалар» дегендей, ұрпақтары аман өсіп, еліміздің айтулы азаматтары болып отыр.
ПЕТРОПАВЛ