• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қаңтар, 2025

Көпбалалы отбасы қанша жәрдемақы алады?

290 рет
көрсетілді

Былтыр көпбалалы отбасыларға, наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 818,1 мың отбасы қамтылды. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы 546,3 млрд теңге мөлшерінде болды. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 579,5 мың отбасыға 474,1 млрд теңге мөлшерінде тисе, наградталған анаға берілетін жәрдемақы 238,5 мың адамға, жалпы сомасы 72,1 млрд теңге мөлшерінде төленді.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласымен бірге тұратын отбасылар үміткер бола алады. Үйдегі балаларымен қоса, 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент баласы бар отбасылар да жәрдемақыдан құр қалмайды. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы табысына қарамастан тиесілі. Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп, нақтылана­ды. Мысалы, көпбалалы отбасылар бала санына қарай ай сайын төмендегідей жәрдемақы алып отырады:

4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге; 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге; 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге; 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге; 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленеді.

Биыл қаңтардан балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқан. Бұл ретте көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғайды. Дегенмен әр балаға төленетін айлық есептік көрсеткіш көлемі өзгеріссіз қалды. Яғни жәрдемақы көлемінің биылғы АЕК мөлшеріне қарай көбейгені заңды өзгеріс.

Наградталған анаға беріле­тін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне неме­се бұрын «Батыр ана» атағын алған, І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орден­де­рімен наградталған аналарға тағайындалады. Сәйкесінше, биыл наградталған анаға берілетін жәр­демақы мөлшері де көбейген. «Күміс алқа» алқалы аналарға 6,40 АЕК – 25 165 теңге төленеді. «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 7,40 АЕК – 29 097 теңгеден ай сайын аударылып отырады.