Астана қаласында Конституция көшесі бойындағы «Ильяс» дүкені маңында жас жігіттің соққыға жығылғаны белгілі болды. Зардап шегушінің туыстарының айтуынша, оқиғаға шамамен 40-қа жуық адамның қатысы болуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жанжал салдарынан жасөспірімнің мұрны сынған, сондай-ақ бір тісі зақымданып, түсіп қалған.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаға қатысы бар тұлғалар анықталып, Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
Ведомствоның хабарлауынша, жанжал тұрғын үй ауласында жастар арасында туындаған. Жарақат алған кәмелетке толмаған азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлік тексеруден кейін үйіне жіберілген.
Астанада ер адам жұбайын көпшілік көзінше соққыға жыққан
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында жаппай төбелес кезінде екі жасөспірім қаза тапқан болатын.