• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Көрме 28 Қаңтар, 2025

Кенептегі көзқарас

87 рет
көрсетілді

Президент орталығында Көркем академияның корреспондент-мүшесі Ақжан Әли мен белгілі аустралиялық суретші Джеральд Флориан Месснердің «Біз біргеміз!» атты бірлескен көрмесі ашылды. Бұл вернисаж бірлік пен жасампаздықтың символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналады.

Аталған іс-шара «Мәдениет арқылы үнқатысу» жобасы аясын­да ұйым­дас­тырылып, ПІБ Прези­денттік орталығында биылғы көр­ме маусымын ашты. Флюид-арт техникасы мен абстракты бей­нелеу бағытында кең танылған Әли Ақ­жан­ның еңбектері көптеген республикалық және халықаралық көрмеде қойылып жүр. Атап айтсақ, Сурет академиясының, Өнер ака­де­миясының халықаралық көрмелерінде, сон­дай-ақ «Astana Finance Days», «Әлемнің жа­рығы», «Түркі әйелдерінің зергерлік әше­кей­лері», «Шексіз ғарыш», «13 метаморфоза» көрме­ле­рінде ұсынылған. Бүгін­де суретші туындылары елімізден бөлек Аустрия, Германия, Жапония, Нидерланды Корольдігінің және Марокконың жеке коллекцияларында сақтаулы.

Ал Джеральд Флориан Месснердің шығар­малары БАӘ, Аустрия, Қытай және Қазақстан көрмелерінде қойылған. Өзі ғалым, өзі доктор, жазушы һәм әнші үшін бұл қабілеттері бір-бірімен тығыз байланысты.

«Көрме авторлары Президент орталы­ғы­­ның биылғы көрме маусымын ашу құрме­тіне ие ­болды. Бұл жоба Қазақстан мен Аустрия арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға септігін тигі­зеті­ніне сенімдіміз. «Біз біргеміз!» деген атау түрлі елден келген мәдениеті әртүр­лі, өмір­ге көзқарасы бөлек екі суретшіні бірік­тір­ген терең философиялық хабарды бейне­лейді. Өнер арқылы кез келген шектер мен шең­берлер жойылып, екі суретшінің диалогі бізді шығармашылықтың таңғажайып әле­міне батырады. Біз бұл вернисажды бір­лік пен жасампаздықтың нышанына айнал­ған Қа­зақстан халқы Ассамблеясының 30 жылды­ғына арнадық», деп атап өтті Президент орта­лығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Өз кезегінде Аустрия Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі, сонымен қоса Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасындағы атқарушы елшісі Андреа Бахер де сөз алды.

«Мен елші лауазымына жақында ғана таға­йындалдым. Қызметімдегі алғашқы іс-шара, елдеріміз арасындағы екіжақты ынты­мақ­­тастықты одан әрі нығайтуға арналған осын­дай маңызды мәдени жиын болғанына қуа­ныш­тымын», деді ол.

Бүгінде цифрлық технологиялар және жаһан­дану дәуірінде, адамдар арасындағы байланыстар алшақтап бара жатқан әлемде өмір сүріп жатқанымыз рас. Бір идеяға тоғыс­қан екі суретші – әлемге деген екі көзқарас. «Біз біргеміз!» көрмесі – сөзбен жеткізе алмайтын көріністерді бейнелейтін өнер ғана екендігінің тағы бір дәлелі. Мұндағы әрбір жұмыс өмірдің түрлі сюжеттерінен құралған мозаиканың ерекше фрагменті сынды.

«Өз ойым мен сезімімді бейнелейтін туын­дыларымды ұсыну – мен үшін үлкен мәртебе. Әр­бір картина – менің жолымның тарихы. Дже­ральд Флориан Месснермен бірлескен көр­­ме шамамен үш ай бұрын пісіп-жетілді. Мақ­саты – әртүрлі ел, әр толқындағы ұрпақ­­тар су­ретшілерінің жұмыстарын көр­сету, көз­қарасын бай­қа­ту. Бұл көрме келу­ші­лерді мә­дени әр­түр­лілік­пен таныстыруға және автор­лар­дың шы­ғар­машылық ізденісін сезінуге тама­ша мүм­кіндік екені сөзсіз. Бүгінгі іс-шара әр­­кімге өзі туралы, жалпы әлем туралы жаңа дү­ниені ашуға мүмкіндік береді», дейді Ақжан Әли.

Экспозицияда Әли Ақжанның 25 туындысы және Флориан Месснердің 27 туындысы ұсынылып отыр.

Айта кетейік, көрме 24 ақпанға дейін жұмыс істейді.