«Uzbekistan Airways» әуе компаниясының Ташкент – Нью-Йорк рейсінің бортында ұл бала дүниеге келді.
Сәтін салғанда жолаушылар арасында акушер-дәрігер мен хирург болған екен. Олар дер кезінде көмек көрсетіп, сәбиді аман-есен босандырып алған. Осыған байланысты экипаж Исландияның Кефлавик қаласындағы резервтік аэродромға шұғыл қону туралы шешім қабылдапты. Ұшақ сәтті қонғаннан кейін, анасы мен сәби жергілікті емханаға жеткізілген.
Робот бишілер
Құлтемірдің құдіреті тек өндірісте ғана емес, мәдени жиындарда да көріне бастады.
Қытайдың «CCTV» арнасы ұйымдастырған думанды кеште роботтар мың бұралған биімен жиналған жұртшылықты таң-тамаша қалдырды. «Юшу технология» компаниясы құрастырған роботтың биіктігі 180 сантиметр болса, салмағы шамамен – 70 килограмм. Мұндай технология болашақта «темір адамдар» өнердің түрлі саласында қолданылуы мүмкін екенін дәлелдей түспек.
ЖИ жасаған мультфильм
«AiMation» атты британдық студия анимация әлемінде жаңа белесті бағындырды.
Жасанды зерде жасаған толықметрі мультфильмнің атауы – «Роботтар қайда өседі?». Фильм ұзақтығы – 87 минут, оны жасауға 9 адамнан тұратын команда атсалысқан. Бұл – әдеттегі анимациялық жобалармен салыстырғанда айтарлықтай аз құрам. Айта кетейік, мультфильм қазір «Youtube» платформасында қолжетімді.