• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Айбын 01 Ақпан, 2025

Топогеодезия – әскерді дәл бағыттайтын қызмет

90 рет
көрсетілді

Армияның қуаты – бомбалаушы ұшақтары мен артил­ле­рия­сы­ның, шабуылдаушы танкілері мен дрондарының көптігінде ғана емес. Қарулы күштер құрамында майдан даласында қо­лы­на қару алып жүрмесе де, әскердің дұрыс әрекет етуі үшін ба­ғыт-бағдар беріп, жол сілтеп отыратын дербес бөліністер бар. Жедел жауынгерлік қамтамасыз етудің маңызды түрінен саналатын Топогеодезиялық қызмет – соның бірі.

Әскери өнер теория­сының негізін қалау­шы­­лар­дың бірі Ф.Ллойд:­ «Жер­ – со­ғыс­тың жал­ғыз­ ұлы кіта­бы: кім оны оқи ал­ма­­са, қаһар­ман деген атақпен шектеліп, гене­рал болудан үмітін үзгені дұрыс» деген. Расында, топогеодезистер ұсынатын сенімді деректер болмаса, майдан даласында шешім қабылдау мен жоспар құру, жа­уын­герлік іс-қимыл жүргізу өте қиын, тіпті кейде мүмкін емес. Одан қалды, әскер тектері арасында бай­ланыс орнату мен оларды бас­қару, қару-жарақ пен әскери тех­­никаны тиімді қолдану үшін де топо­геодезиялық қамтамасыз ету қыз­метінің маңызы зор.

Елімізде 30 қаңтар әскери топо­­­­гра­ф­тардың кәсіби мерекесі ретін­де атап өтіледі. Өйткені 1992 жылдың 30 қаңтарында Қарулы күш­теріміздің құрамында Топо­гра­­фиялық қызмет бөлінісі құ­рыл­ған еді. Бұл қызметтің тарихы 1969 жылы 24 маусымда Алматыда қ­ұ­рыл­ған КСРО Ортаазиялық әскери округі Топографиялық қыз­ме­тімен тығыз байланысты. Тәуел­­сіздік алғаннан кейін де то­по­­граф­­тардың даңқты дәстүрі жал­­ға­сын тауып, кейінгі 30 жылдан аса уақыт ішінде қызмет атауы түрліше өзгеріп, бүгінде Гео­ақ­параттық қамтамасыз ету депар­та­менті деген атпен жұмыс істеп жатыр. Әр жылдары оны А.Чер­­нов, Е.Маусымбеков, Н.Қара­ба­лаев, М.Саматов, М.Жанпейісов, С.Гера­симов секілді майталмандар басқарды.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қызметтің ең басты мақсаты – әскерді картамен қамтамасыз ету. Сол арқылы қолбасшылар қалай әрекет ету, қай жаққа бару керек екені жайында шешім қабылдайды. КСРО құлаған кезде барлық топогеодезиялық жасақ пен картографиялық фабрикалар, картографиялық бөлімдер Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының аумақтарын­да қалып қойған еді. Ал біздің жерімізде орталыққа бағына­тын екі топографиялық карталар қоймасы мен бір топографиялық бөлім, яғни 92835 әскери бөлімі ғана болды. 1997 жылы штаттық өзгерістерге сай аталған қоймалар әскери бөліммен қосылып, топо­гра­фиялық базаға біріктірілді. Тәуел­сіздіктің алғашқы жыл­да­рын­­да топогеодезиялық қам­та­ма­сыз ету қызметінің алдында әск­ер­ді кар­тамен үзіліссіз қамту, сон­дай-ақ ар­найы карталар мен жерг­і­лікті жердің макеттерін дайын­дау міндеті қойылды.

«Топографиялық қызмет­тің даму тарихындағы айрық­ша кезеңнің бірі – 1998 жыл мен 2001 жыл аралығы. Осы уақытта «Қазақ­­стан ГИС орталығы» рес­пуб­ликалық мемлекеттік кәсіп­орны құрылып, цифрлық картография мәселесін шешуге бел шеше кірісті. Оның міндеті қа­ғаз карталарды цифрландырып, әскерді қамтамасыз ету еді», дей­ді Қару­лы күштер Бас штабы Гео­­ақ­параттық қамтамасыз ету де­партаментінің бастығы, пол­ков­­ник Серік Жолдыбаев.

Иә, заман көші орнында тұр­майды. Жаңа технологиялар өмір­ге келіп, ғылым алға басқан са­йын топогеодезистердің де алдына қо­йылып отырған міндеттер ауқы­мы кеңейе түскен. Қазіргі таңда «топо­геодезиялық қамтамасыз ету» деген сөздің ішіне әскерді тек кар­­тамен жабдықтау емес, нави­га­­­циялық қамтамасыз ету мен гео­ке­ңіс­тікті барлау қызметтері де кіреді. Бұл аталған бөліністің Қару­лы күштер ішіндегі рөлін бұрын­ғы­дан да биікке көтергені талассыз.

Топографиялық қызмет та­ри­­хының тағы бір маңызды кезеңі – 2008 бен 2011 жылдар ара­­лы­ғы. 2008 жылы цифрлық кар­­то­­­гра­фия саласындағы алғаш­қы жетіс­тіктер Жоғарғы Бас қол­бас­­шы­ға таныстырылған еді. Соны­­мен қатар Ұжымдық қауіп­сіздік шарты ұйымының «Өзара әре­кет­тестік-2009», Шанхай ынты­мақ­тас­­тық ұйымының «Бейбіт миссия-2010» оқу-жаттығуларында Қо­р­­­­ғаныс министрлігінің топо­гра­фия­­­лық қызметі мемлекеттік гео­де­зия­­лық желі мен «Мәтібұлақ» поли­­­­го­нындағы арнаулы геоде­зия­­­лық желіні толықтай қалпына кел­­тірді.

«Осы жылдары елімізде тұң­ғыш рет отандық оқу орын­да­ры­­ның әскери кафедралары база­сында топогеодезиялық білімі бар запастағы офицерлер даяр­лау қолға алынды. 2011 жылдан топогеодезиялық жұмыс жүргізу үшін әскерді заманауи топо­гео­дезиялық құрылғылармен жаб­дықтау басталды. Жылжымалы на­вигациялық кешендер сатып алынып, олар жауынгерлік іс-қи­мыл жүргізілетін аудандарда то­по­геодезиялық даярлық мәсе­ле­­ле­рін жедел шешуге мүмкін­дік бер­ді», дейді полковник С.Жол­ды­баев.

Қазіргі таңда әлемнің барлық дамыған елі «цифрлық майдан даласын», яғни бірыңғай басқару жүйесін құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйе тікелей уақыт режімінде соққы беретін нысандарды табу, ақпарат алмасу, бұйрық беру, әскер мен техниканың жағдайын бақы­­лау сынды өзекті тапсырмаларды­ орын­дауға мүмкіндік береді. С.Жол­дыбаевтың айтуынша, қа­зіргі күні еліміздің Қарулы күш­­­терінде екі жылжымалы кешен бар. Біріншісі – навигация­лық топо­­графиялық, екіншісі – на­ви­га­­­­­ция­лық геодезиялық ­ке­шен­дер. Бұлар барлық қажетті жаб­дықпен қамтылған: өздері­нің ұш­қыш­сыз ұшу аппараттары бар, солар арқылы жерді суретке түсіріп, да­йын картаны басып шы­ғарады. Ал биыл әскери топографтар қатары­на еліміздің қор­­­ғаныс-өнеркәсіп кешені жасап шығарған 3 жаңа тех­ника қо­сылып, отандық өнімдер «Оң­түс­тік», «Шығыс», «Батыс» өңір­­лік қол­­­­бас­шылықтарына бе­ріл­ген.

Кадр мәселесіне келсек, бүгінде Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін­де, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, сондай-ақ «Astana IT University»-де аэрофотогеодезист, астрономогео­дезист және картограф ма­ман­дықтары бойынша офицерлер даяр­ланады. 2015 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде «Гео­ақпараттық жүйе» және «Әскер­ді то­погеодезиялық қамтамасыз ету» мамандықтары енгізілген.

Полковник С.Жолдыбаев Гео­ақпараттық қамтамасыз ету де­па­р­­таменті әскерді жер туралы дәлме-дәл әрі шынайы ақпарат беру, топографиялық, теңіз және арнайы карталарды дайындау мен басып шығару, зымыран әскерлері мен артиллерияны және Әуеге қарсы қорғаныс әскерлерін негізгі астрономиялық-геодезиялық мәлі­меттермен қамтамасыз ету жұ­мыс­тарын атқаратынын айтады.

«Қарулы күштерге цифрлық геоақпараттық технологияларды енгізу жөніндегі департамент алдына қойылған ауқым­ды міндеттерді ескере отырып, Қорғаныс министрі 2019 жыл­дың 27 шілдесінде еліміз­дің Қарулы күштерін геоақ­па­рат­тық қам­тамасыз ету жүйесін дамы­­тудың жол картасын бекітті. Соны­мен қатар ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы бізге геоақ­парат­тық технологиялар бағы­тын­да­ғы әскери-ғылыми әлеуе­ті­­мізді арт­тыру бойынша тапсыр­ма жүк­­теді. Біз алыс-жақын шетел­дер­дің технологиялық даму тәжі­ри­белерін зерделей отырып, осы ба­ғытта үздіксіз жұмыс атқарып ке­леміз. Айта кетсек, бұл тұрғыда біз ТМД елдерінің ішінде көп жағ­дайда көш басындамыз», дейді ол.

Заман ағымына сай Қарулы күштеріміз де цифрдандыру мен жасанды интеллект секілді ғы­­лым жетістіктерін пайдаланудан кен­­­­­­де қа­лып жатқан жоқ. «Бес қаруы­мыз»­ сай болу үшін саладағы әрбір мүм­­­­­­кіндікті қалт жібермеген жөн. Бұл әскеріміздің әлеуетті, аспанымыз ашық, ұйқымыз тыныш болуы­­на өз септігін тигізері сөзсіз. 

Соңғы жаңалықтар