«Алтын жас» жобасы Қарағандыда да қанат қақты. Бағдарламаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта жекеменшік білім беру орталықтары көп. Зейнеткерлердің көбісі сол жерде сабақ беріп жүр.
Облыс әкімдігімен аймақтағы 146 білім беру орталығы осы жоба аясында келісімшартқа қол қойған. Орталықтарға 96 зейнеткер жұмысқа қабылданған. Жоба аясында жұмысқа орналасқан зейнеткерлер «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңмен бекітілген ең төменгі жалақы мөлшерін, 85 мың теңге алады. Зейнеткер жалақысының жартысы субсидияланса, қалған жартысы жеке кәсіпкердің есебінен төленеді.
Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов ортақ келісімге келген білім беру ұйымдарына 641 зейнеткерді жұмысқа орналастыруды ойластырып отырмыз дейді. Осы мақсатта жұмыс беруші тарап алдын ала Мансап орталықтарына өтініш береді. Жоба аясында жұмысқа қабылдануға ерлер – 63 жастан, әйелдер – 61 жастан асып барып қана өтініш жолдай алады.
– «Денсаулығым жақсы, жұмыс істеуге шамам келеді, ниетім бар» деген зейнеткерлер болса, біздің тараптан қолдау бар. Егер ол кісі басқа салада қызмет істеп зейнетке шықса, онда күзет қызметіне орналастыра аламыз. Хабарласқан әр зейнеткерге жұмыс ұсынамыз. Жыл соңына дейін 500-ге жуық зейнеткерді жұмыспен қамтысақ деп отырмыз, – дейді Н.Сыздықов.
«Алтын жас» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан зейнеткердің бірі – Ләззат Асылбекова. Педагог Қарқаралы ауданы, Томар ауылының мектебінде 42 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан. Қолы босап, қалаға қоныс аударған соң үйге сыймадым дейді. Жобаның шарапатын сезінген ұстаз «Қазсарапсервис» ЖШС-на тиесілі орталықта жұмысқа қабылданады. Мектепке дейінгі даярлық бөлімінде сабақ береді. Әзірге түске дейін балаға, түстен кейін 2-4 сынып аралығындағы 8 балаға қосымша сабағын өткізеді.
Бұл орталықта жоба аясында жұмыс істеп жатқан әзірге Ләззат Кәрібайқызы ғана. Орталық басшысы екі ағылшын тілі мен екі бастауыш сынып мұғалімін жұмысқа алуға өтініш беріп қойыпты. Олардың да жұмысқа орналасатын күні алыс емес.
Дария Нурекина да осы жобамен жұмысқа орналасқан зейнеткердің бірі. Ол Қарағандыдағы «Aisha» ЖШС тиесілі «Happy kids» орталығында мектепке даярлық курсын өткізеді. Ғұмыр бойы ұстаздық қызмет атқарған. Шет ауданы, Ақжал кентіндегі мектепте 44 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Зейнет демалысына 2016 жылы шығып, қалаға қоныс аударады. Он жылға жуық уақыт өткен соң сүйікті жұмысымен қайта қауышады. Жоба жайлы әлеуметтік желіден көріп қалған зейнеткер бұл мүмкіндікті қалт жібермейді.
– Зейнетке шыққаннан кейін біраз уақыт дем алдым. Қырық жыл ғұмырымда тақта алдында тұрғаннан болар, үйде көп отыра алмадым. Балаларым күні бойы жұмыста. Немерелерім де сабақта. Үйде өзім ғана қаламын. Жұмыс іздеп көріп едім, әлеуметтік желіден «Алтын жас» жобасы туралы білдім. Толық ақпарат алып, өтініш қалдырдым. Жұмыс орным үйдің іргесінде. Жаяу қатынаймын. Жобаның жетекшілеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Д.Нурекина.
Қазір Дария Жаманқұлқызының 10 оқушысы бар. Таңертеңгі 9-дан 12-ге дейін мектепке даярлық курсын өткізсе, түстен кейін 7-13 жас аралығындағыларға қосымша сабақ береді. Оқу үлгерімі жақсарған балалардың ата-аналары білікті педагогке алғыс білдіреді.
«Happy kids» орталығы екі ауысыммен жұмыс істейді. Мұнда бастауыш сынып оқушылары мен мектепке даярлық жасындағы, яғни бестен жеті жасқа дейінгі балалар дәріс алады.
– Бүгінде балалар бес жаста балабақшаны тәмамдайды. Көп ата-ана баласын мектепке ерте бермейді. Осы мәселе жөнінде ата-аналар ұсыныс білдірген соң курсты қолға алдық. Мұнымен қоса бастауыш сынып оқушыларына арналған «Ұзартылған күн тобы» бағдарламасы сәтті жұмыс істеп тұр. Ата-аналардың өтінішімен бағдарламаға баланы тасымалдау қызметін де қостық. Мектептен баланы өзіміз алып келіп, үй тапсырмасын бірге орындаймыз. Тамағын да осы жерде ішеді, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсия Рышкен.
Қарағанды облысы