• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Кино 05 Ақпан, 2025

Онкүндіктің олжасы: «Қажымұқан» мен «Дос-Мұқасан»

154 рет
көрсетілді

Қазақ киносының онкүндігі Қарағандыдан басталды. Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қажымұқан» киносының шығармашылық ұжымы жұма күні «Сарыжайлау» кинотеатрына келіп, көрерменмен қауышты. Онкүндіктің олжасы қазақ кинолары ауылдарға жетіп, тегін көрсетіледі.

Қазақ киносының көші Мәдениет және ақпарат министрлігі және Кино орталығының қолдауымен жолға шықты. Көрермен назарына отандық бірнеше фильм ұсынылады.

«Көрсетілімді Қарағанды облы­сынан бастауымыздың өзіндік сыры бар. Бұл аймақ өндірістің қайнаған ­ортасында орналасқан. Биылғы жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтары ­жылы деп жариялағаны белгілі. Сол себеп­ті де ауқымды шараны осы аймақ­тан бастауымыздың рәміздік мәні бар. Қарағандыдан бас­тап еліміздің әр бұрышында қазақ кино­сының күндерін өткізу отан­дық кинематографияны ілгерілетуге сер­пін сыйлайды. Себебі әрбір фильмнің ең басты жеңісі – оның өз көрерменін табуы. Біз­дің мақсатымыз да ұлттық киноны халыққа қолжетімді ету», дейді Кино орталығы басқарма төрағасы­ның киножобалар мониторингі жө­нін­дегі орынбасары Әділет Омаров.

Ұйымдастырушылар отандық ки­но­ның көкжиегін кеңейтіп жүр­ген отандық киногерлердің жетіс­ті­гін ел-жұрт білсе дейді. Осылайша, аудан-қала мен шалғай ауылдағы аға­йын ел тарихы мен мәдениетін айшық­тайтын үздік фильмдерімен қауышады.

Бұған дейін Кино орталығының қолдауымен 117 картина жарыққа шықты. Оның 72-сі – көркем, 37-сі – деректі, 8-і – анимациялық фильм. Прокатқа шыққан туындылардың ­да қатары көбейіп келеді.

«Кино күндері аясында көрсе­тілетін «Қажымұқан» ұлттық рухымызды асқақтатса, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» фильмдері арқылы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қанығады. «Опе­ра­ция Набат», «Время патриотов» құ­қық қорғаушыларымыздың ең­бегін көрсетіп, Отанға деген сүйіспен­ші­лікті арттырады. «Боксер» филь­мінің ­бас­ты прототипі Серік Сә­пиев еке­нін де айта кету керек. «Бауы­ры­на салу» деп аталатын кинода дәс­­тү­ріміз дәріптеледі. Кішкентай көрер­мендерге арналған «Тайқазан» деп аталатын анимациялық фильм де на­зарларыңызға ұсынылады. «Алматы, я люблю тебя!», «Соңғы үкім», «Дала қасқыры», «Стоп, ночь», «Шулама» фильмдерінің де айтар ойы бар. Биыл тағы оннан аса туынды прокатқа шығады деп жоспарланып отыр», дейді Ә.Омаров.

«Сарыжайлау» кинотеатрын­да Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігінің, Ұлттық киноны қол­дау ор­талығының қолда­уымен түсірілген «Қажымұқан» киносы көрсетілді.

Режиссер Қанағат Мұстафин тарихи фильм сценарийіне 2012 жылы кірісіп, тақырыпты 10 жылдан аса зерттепті. Түсірілімі 2020 жылы басталған кинотуынды былтыр көрермен назарына ұсынылған.

«Осы бір фильмді түсіру үшін көп жүгірдім. Қолдау таппадым. Сөйтіп жүргенде отандық киноны қолдау орталығы ашылды. Бірден сценариімді апарып, қорғап шықтым. Қажымұқан атамыздың тағдыры қандай қиын болса, киноны да түсіру ауыр болды. Еліміздегі прокаты аяқталды. Енді Ресейде көрсетіледі. «Борец. Кажымукан – чемпион мира» деген атаумен. Өзбекстан мен Қырғызстанда дубляж жасалып жатыр», дейді фильм режиссері.

Басты рөлдерді ағайынды Ербол мен Диас Төлепберген сомдап шығады. Балуанның жас кезін сомдаған Диас та Қарағандыға арнайы келді. Жас актер ағасы екеуі 1,5 жыл бойы мамандар әзірлеген рационмен тамақтанып шыққан­да­рын айтты. Тіпті ет жеуге шектеу ­қо­йылыпты. Бұлшық етін өсіру үшін бодибилдингпен айналысып, ­жат­тығу залында тер төккен. 2,5 ай каска­дер­лік тәсілдерді үйреніп, ­фильмде дублерсіз барлық қимылды өз­дері жасап шыққан.

Көрсетілім соңында кинотеатр директоры Саят Әбдіғали меймандарға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

 

Қарағанды облысы