• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Ақпан, 2025

Туристік байланыс тұралап тұр

143 рет
көрсетілді

Былтыр Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы алдыңғы жылға қарағанда 12 пайызға артып, 340 млн долларға жетті. Өсімнің негізгі бөлігін Қазақстаннан жеткізілетін ет және астық экспортының артуы құраған. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Әли Әкбар Джоукар журналистермен кездесуінде айтты.

11 ақпан – Иранның ұлттық күні. Биыл Иран ислам төңкерісінің орнағанына 46 жыл толып отыр. Осы мереке қарсаңында ирандық елші Астанада БАҚ өкілдерін жинап, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, саяси, мәдени және туристік байланыстар, сондай-ақ Иранның бүгінгі жетістіктері жайында айтып берді.

«Осыдан 46 жыл бұрын біздің елімізде көп ғасырға созылған патшалық жүйе күйреп, оның орнына заманауи республика өмірге келді. Соның арқасында қоғамда сая­си деңгейде демократия мен діни-мәдени құндылықтарға мән беретін жаңа диалог пайда болды. Ол уақытта әлем екі үлкен блокқа бөлініп тұрған: бірі – АҚШ бастаған капиталистік батыс, екіншісі – Кеңес одағы бастаған социалистік шығыс блогі. Иран ислам төңкерісінің басты ұрандарының бірі – батысқа да, шығысқа да мойын бұрмай, өз жолын таңдау еді. Біз халқымыздың дәстүрі мен мәдениетіне сай жолымызды табу арқылы барлық салада үлкен жетістікке жеттік», деп атап өтті Ә.Джоукар.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас өзара достық пен ынтымақтастықтың теңдессіз үлгісі саналады. Соның ішінде былтырғы айқын табыстың бірі – Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалығы кезінде әрі оның тікелей қолдауымен Иранның осы ұйымға мүше болып қабылдануы.

«Бұл оқиға біздің екіжақты қарым-қатынасымызды одан сайын жақындата түсеріне сенім мол. Былтыр Қазақстанда ұйымдастырылған ШЫҰ-ның барлық жиы­нына Иранның лауазымды тұлғалары да қатысып, сауда-экономикалық байланыс­тарымызды арттыруға бағытталған істерді бірлесіп талқылады», деді ол.

Әли Әкбар мырза өткен жылы Иранның Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы ретінде қосылғанын әрі одақ елдерімен еркін сауда айналымы келісімдерін жасауын да басты жетістіктің бірі ретінде атады. Оның айтуынша, бұл шешімнің қабылдануына да Қазақстан тарапының ықпалы аз болмаған.

«Қазіргі таңда Қазақстан мен Иран қарым-қатынасы үлкен әлеуетке ие. Өкінішке қарай, біз сол әлеуетті ең төменгі деңгейде пайдаланып келеміз. Дегенмен алдағы уақытта қарым-қатынасымыз артып, жаңа деңгейге көтерілеміз деген үміт зор. Өйткені екі ел арасында түрлі жобалар, соның ішінде логистика саласында қолға алған істер бар. Атап айтқанда, Иран-Түрікменстан-Қазақстан-Өзбекстан, Иран-Түрікменстан-Қазақстан-Қытай бағыт­тарында көлік дәліздерін жетілдіру жоспарда тұр. Бұл жұмыстың бәрі сауда-экономикалық байланыстармен қатар, туристік ынтымақтастығымызды да арттырады деп сенеміз», деді елші.

Оның айтуынша, әзірге Қазақстан мен Иран арасында туризм байланысы төмен деңгейде қалып отыр. Бұған дейін бұл салада айтарлықтай жетістік болады деп күткенімен, бүгінгі нәтиже көңіл көншітпейді. Елші Иран туристерінің Қазақстаннан гөрі Орталық Азияның кейбір елдеріне көбірек баратынын, сондай-ақ Иранға қазақтарға қарағанда еуропалық және америкалық саяхатшылар көбірек келетінін айтты.

«Біз туризм саласындағы барыс-келісті арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне көп үміт артамыз. Егер сіздер екі елдегі туристік мүм­кін­діктерді көбірек насихаттап, үлес қоссаңыздар, айтарлықтай жетістік боларына шүбә жоқ. Біз бір-бірімізге көмек көрсетуіміз керек. Мен Иранды қазақ саяхатшылары үшін ең тиімді әрі арзан туристік бағыттың бірі деп есептеймін. Біздің елде тамашалауға болатын тарихи орындар да жетерлік, экотуризм де жақсы дамыған, сондай-ақ медициналық туризм сұранысқа ие», деп атап өтті Ә.Джоукар. 

Соңғы жаңалықтар