• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Жәдігер 13 Ақпан, 2025

Мәмбет әулие мұрасы

60 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ­­сирек кітаптар қорында ХХ ғасырдың басында баспа жүзін көрген Құран кітабы сақталып тұр. Құнды кітап – алдағыны болжаған әулие, темірден түйін түйген ұста Мәмбет Олжабайұлынан қалған жәдігер. Көп жыл әулие ұрпақтарының қолында сақталған кітап былтыр музейге тапсырылды.

Осыдан біраз бұрын облыстық музей ұжымы «Сыр өңі­ріндегі далалық экспедиция және эмпирикалық зерттеулер» ғылыми жобасын қолға алып, оның шеңберінде аймақта өткен ұсталар мен олардың мұралары кеңінен зерттелген болатын. Музей қорын этнографиялық экспонаттармен толықтыр­­ған осы бастама аясында заманында ұсталық қылып, нау­қастардың дертіне шипа берер емшілікпен айналысқан Мәмбет әулие ұстаған Құран кітабы халық игілігіне айналды.

Ел аузындағы аңызда Мәм­бет Олжабайұлының ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазіргі М.Шәменов ауыл­дық округіне қарасты «Көк­­тон­ды» асарының маңында ­дү­ниеге келгені айтылады. Кіші жүздегі Табын руының Тоқберлі аталығынан тарайтын Мәмбетке әулиелік пен ұсталық қасиет бала ке­зінде қонған деседі.

Бірде қазіргі ұстаханасы тұрған жерде топ баламен бірге мал жайып жүрген бала Мәмбет көрік басып, төстегі темірді балғамен ұрып жатқан адамдарды көреді. Қа­сындағылар байқамаған осы тылсым балаға жиі көріне берген соң әкесі Олжабай ауыл ақ­сақалдарын алып әлгі жерге келеді. Ол «Мұндайда мал шалып, құрбандық беру керек» деген қариялардың ақылымен астындағы атын шалып жі­бергенде маңындағылардың көзіне гүрсілдеген көрік, жа­лаңдаған от, шақылдаған бал­ға көрінген екен. Содан ауыл ақсақалдары: «Мына ұс­та дү­кенінің иесі Мәмбет болады», деп балаға батасын беріп­ті.

Әулиенің пірі жеті қазан, аққу, жолбарыс, қасқыр, жылан болған деседі. Ел арасында бүгінге дейін қызуы темірді балқытатын отқа қолын сүңгітіп, бір сипа­ғанда қазанның жарығын бі­тей­тін әулиелігі, адам басын­дағы жараны сипап-ақ жазатын емшілігі туралы жиі айтылады.

Құран кітабын әулиеге Қалжан ахунның балалары сыйлаған деген дерек бар. Мәм­беттің ұрпағы Телғара Орын­байұлы мәңгілік мекені Жалағаш кентінен Батысқа қарай жол бойынан бұйырған баба зиратының шырақшысы болып, өзі дүниеден өткенге дейін осы кітапты көзінің қа­рашығындай сақтаған екен. Құнды дүниені музей қорына осы Телғара ақсақалдың қызы ақын-сазгер, ұлағатты ұстаз Айкүміс Орынбаева тапсырыпты.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ләззат Жалғасбаеваның айтуынша алда құнды дүниені түрлі тақырыптық көрмелерге қою жоспарланып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА