• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ 19 Ақпан, 2025

Батыр тағдырын орден шеше ме?

1390 рет
көрсетілді

Осыдан он жыл бұрын Орал қала­сының Фрунзе көшесіне аты аңызға айналған батыр Абдолла Жұма­ғалиевтің есімін беру жө­нінде бірнеше мекемеден ұсы­ныс түс­кен еді. Бірақ «жүрегін жау­ға бом­ба ғып жарған» қаһарманды ұлықтау Же­­ңіс­­тің 70 жылдығында ескерусіз қалды.

Батыс Қазақстан облысының орталығында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімін иеленген көше аз емес. Біздің есебіміз бойын­ша 70-80 көше – майдангердің атында. Өңірден шыққан барлық Кеңес Одағының батыры, «Даңқ» орденінің толық кавалері, басқа да атақты ардагерлер өзіне лайық құрмет тапқан.

Биыл, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Орал қаласының көшелеріне тағы да бірнеше майдангердің есімі берілуі мүмкін. Қазір қалалық ономастика комиссиясы 27 тұлға жөнінде ұсынысты талқылап жатыр. Әрине, тізімнің басында қолына қаруы мен қаламын қатар ұстаған қаһарман Абдолла Жұмағалиев тұр. Алайда бұл жолы да батырдың есімі еленбей қала ма деген қауіп бар.

Өйткені министрлік бекіткен қағидаға сәйкес, көше атауына ұсынылған майдангер кемінде екі мәрте жауынгерлік орденмен марапатталған болуы шарт екен. Ал Абдолла Жұмағалиевтің аты сол соғыс кезінде-ақ аңызға айналып, Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасына өзек болса да ресми марапаты жоқ екен. Оны айтасыз, Ресей Федерациясының «Мемориал» мәліметтер базасында, «Подвиг народа», «Память народа», «Календарь победы», «ЦАМО», т.б. толып жатқан соғыс туралы сайттарында да Аб­долла Жұмағалиев туралы мәлі­мет мардымсыз. Ал оның Мәскеу түбінде асқан ерлік көрсетіп, қаһар­мандықпен қаза тапқаны қаттал­маған, ресми құжатқа түспеген.

Абдолла Жұмағалиев жө­нінде бірнеше мақала жазып, батырдың есімін ұлықтау жөнін­де көптен мәселе көтеріп жү­р­ген өлкетанушы, музей арда­гері Нұр­жан Төлепов Мәскеу түбінде 1941 жылдың 20–27 қазан аралығында шейіт болған жауынгерлерді марапаттау жөнінде ұсыныс болмағанын айтады. Өйткені дәл осы аралықта Мәскеуді жау алу қаупі күшті болған, КСРО билігі Куйбышев қаласына қарай көшуге тас-түйін дайын отырған. Жан алып, жан беріскен аласапыран кезде Абдолла сынды ерлердің қаһарман ерлігі ғана астананы аман сақтап қалған еді. Өкінішке қарай, сол қырғын күндері ерлік көрсеткен боздақ­тар­дың қасық қаны, шыбын жаны баға­ланбай, сұраусыз қалғандай. Ал Қорғаныс министрлігінің ұста­нымы бойынша, шайқастан кейін марапаттау жөнінде ко­ман­дирдің жазбаша ұсынысы бол­­маса, соғыстан кейін атақ беріл­мейді.

Ресми мекемелердің пікі­рінше, Абдолла Жұмағалиевтің ер­лігін дәлел­дейтін нақты құ­жат жоқ. Қасым Аман­жолов, Әбу Сәрсенбаев, Мәриям Хәкім­жа­нова, тағы басқаларының шы­ғар­ма­сы әдеби туынды санатында тұр.

Бірақ Абдолланың батальон командирі, гвардия капитаны В.Григорьевтің «Пи­сатель-герой» («Герой ақын») атты ма­қа­ласы 1942 жылы 6 жел­тоқ­санда «Со­ветская гвардия» газе­тін­де, көп кешікпей 1943 жылы 13 қаң­тарда «Социалистік Қазақ­стан» газетінде жария­лан­ған болатын!

«Жас ақын Абдолла Жұма­ға­лиев батырлық туралы жазуды сүюші еді. Оның геройлары тамаша ерліктер жасауға ұм­тылатын. Соғыс ақынның өзін де шығармаларындағы герой­лары сияқты батыр, табанды солдат етіп шығарды» деп бас­талған мақалада командир қатардағы сар­базының ерекше ерлік көр­сет­кенін тебірене жазады:

«Соғыс үстінде біз қаһар­мандық пен ерліктің талай үлгілерін көріп жүрміз. Бірақ жау қолында қалған жалғыз үйдің ішінде арыстандай алысқан айбатты ақынды көз алдымызға келтіргенде, оның ерлік қимылы бізге ба­тырлықтың асқар шыңындай сезіледі. Ол өзінің өлерін білді. Ақтық сағат үстінде зор даңқпен өлуді тіледі. Солай болды да. Ол жан алқымға келгенде соңғы гранатасын немістерге лақтырды да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады» – біздіңше командирдің осы сөздері жауынгерді марапатқа ұсынған баянаттан кем емес қой!

Обалы не керек, замандас­тары кезінде Абдолланы көп жоқтаған. Ақынның жан досы Қасым Аманжоловтың әйгілі дастанынан бөлек, Қалижан Бекқожин, Павел Кузнецов, Қажым Жұмалиев, Мәриям Хәкімжанова, Сырбай Мәуленов, Дмитрий Снегин, Сағынғали Сейітовтер мақала, өлең арнады. Әбу Сәрсенбаев 1985 жылы Абдолланың артында қалған әдеби мұрасынан «Өшпес өмір дастаны» атты жинақ құрас­тырып, «Ақын жүрегінің алауы» атты алғысөз жазды. Бұл шығармаларда небәрі 27 жасында шейіт болған ақынның бар болмысы, «Болғандықтан атақты атым адам, Міндетім көп мойныма арқалаған» деген кредосы анық көрінеді.

«Айнымас досым, әрі туған інімдей болып кеткен Абдолланың қайсарлықпен қаза тапқанын Қиыр Шығыста сырқат­танып, әскери емханада жатқанда естідім. Ол сұмдық хабардың бүкіл болмысымды аударып-төңкеріп кеткені сонша, бірнеше түнді жан есірік күйде дөңбекшіп өткіздім. Көзімнен жасым тыйыл­мады. Мен сол жасты көздің арасынан қиялымда оның жаумен жалғыз өзі өрт құшағында тұрып айқасқанын көрдім. Қайта-қайта көрдім. Содан соң барып қолыма қалам алдым. Қатты қайғырып, толғанып, түні бойы ұйықтамай өлең жаздым, дәрігерлер «нау­қастарға ұйқы бермей неғып отырсың» деп ұрысты. Менің ол күйімді ұқпаған дәрігерлер дәптерімді екі-үш рет алып қойды. Соңғы рет аяқтауға жақындағанымда да алмақшы болды. Мен айбат шегіп алдыртпадым. Түрімнен шошыған болар, қайтіп тимеді. Ешқандай күш ақынның кеудесін жарып шыққан жырдың ағынын тоқтата алмайды. Мен майданда ерлікпен қаза тапқан досым жайлы өлең жазып отырмын деп жұмысымды жалғастыра бердім». Бұл – Қасым Аманжо­лов­тың жан сыры еді.

Әдебиет алыптарының әрекет-әдеттері де бөлек қой. Ақын Қадыр Мырза Әли «Жазмыш» кітабында Абдолла мен Қасымның достығы туралы былай деп жазған еді: «Соғыстың алдында Абдолла Жұмағалиев деген қазақ ақыны болған. Соның мінезі де тура Лермонтовтың мінезіндей... Тұрған өрт болса керек. Қасым Аманжоловты сұмдық жақсы көрген. Пір тұтқан. Қасым жоқ жерде біреу-міреу ол туралы қолайсыздау сөз айтса, атып тұрып: «Жаңағы сөзіңізді тағы бір қайталаңызшы!», дейді екен. Қайта­ласа, қып-қызыл төбе­лес шығарады екен. Қасым да оны керемет жақсы көрген. «Абдол­ла» сияқты поэма тек сондай махаб­баттан ғана туады деп білем. Ғажап дүние».

Осы Қадыр ағамыз «Иірім» кітабында Абдоллаға тағы тоқ­талады. «Абдолла Жұмағалиев қай жағынан да Кеңес Одағының батыры болуға лайық жан еді. Бермеді. Тырнағы темір, азуы алмас неміс басқыншыларынан Мәскеуді қорғап қалуда ересен ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы да қаншама жыл алтын жұлдызсыз жүрді. Бірақ шындық жеңбей тұрмайды ғой. Күндердің күнінде еліміздің, қуатты Қазақстанның талап етуі­мен Кремль Бауыржан Момыш­ұлын батыр деп мойындады. Бұл, ең алдымен, Әділеттің жеңісі еді. Мінезі жағынан Баукеңе ұқсас, ұқсас болғанда әбден ұқсас бір қазақ ақыны – Абдолла Жұмағалиев!» деп жазды Қадыр ағамыз. Алып-қосары жоқ қой.

Айтпақшы, өткен жылы ақынның жерлестері – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауда­нының жұртшылығы, аудандық мәслихат депутаттары Жеңістің 80 жылдығына және Абдолла Жұма­ғалиевтің 110 жылдығына орай аты аңызға айналған ақынға «Ха­лық қаһарманы» атағы бері­луін сұрап, хат жазған болатын.

Бұл хатқа Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Мәдениет және ақпарат министрлігінен «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғысында көрсеткен ерлігі мен жан­қиярлығы үшін Абдолла Жұм­а­ғалиевке «Халық қаһар­маны» атағын беру туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің комиссия қарауына енгізілетіні» жөнінде жауап та келді. Бүгінде Батыс Қазақстан жұрт­шылығы Астана жақтан жақсы хабарды елеңдеп күтіп жүр...

 

Батыс Қазақстан облысы