Биыл республика оқушылары «PISA» халықаралық зерттеулеріне алтыншы рет қатысып, жаратылыстану ғылымдарымен бірге, инновациялық сауаттылығы, цифрлық технологияларға бейімділігі тұрғысынан сынаққа түседі.
«PISA-2022» ұлттық есебінің қорытындысына сүйенсек, зерттеу 15 жастағы оқушылардың дағдылары бағаланған алғашқы цикл болды. Өйткені COVID-19 пандемиясының салдарынан білім сапасы ЭЫДҰ елдерінде едәуір төмендегенін көрсетеді. «PISA» тарихында ЭЫДҰ елдеріндегі орташа балл 4-тен арыға азаймаған. Ал еліміз математикадан – 425, оқу сауаттылығы жағынан – 386 балл, жаратылыстану бойынша 423 балды құрап, пандемияның ықпалына қарамастан, 2018 жылғы деңгейді сақтай отырып, 26 ұпаймен айтарлықтай өсім көрсеткен.
Осы орайда халықаралық зерттеулер, оның ішінде «PISA» тестілеуінің елдегі білім сапасын анықтауға, жақсартуға ықпалына қатысты сұрағымызға Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов былай деп жауап берді:
– Әлемде оқушылардың білім сапасын анықтауда қолданылатын «PISA» зерттеуінде математика, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша 6 деңгейлі тапсырмалар беріледі. 2022 жылғы зерттеуде оқушыларымыздың 3-4 пайызы ғана 5-6 деңгейдегі тапсырмаларды орындаған болса, 96-97 пайызы орындай алмады. Бұл олардың білім сапасы төмен екенін көрсетеді. Білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының сапасын көтеру үшін орта білім беру моделін, оқушыларға қай сыныпта не оқыту және қалай оқыту керегін анықтап алу керек. «PISA» зерттеулерін саралай отырып, білім сапасы озық елдерде 6 + 3 + 3 моделі негізінде жұмыс істейтін 12 жылдық орта мектеп бар екенін анықтадық. Нақты айтқанда, 6 жыл – бастауыш мектеп; 3 жыл – орта мектеп; 3 жыл – жоғары мектеп. Бастауыш мектепте, 6-11 жас аралығында бала бойында әртүрлі ғылымдардың негізін меңгеру үшін қажетті қабілет қалыптаса бастаса, орта мектепте, 12–14 жас аралығында дербес, өз бетімен жұмыс жасау қабілеті қалыптасып, оқу іс-әрекеті жаңа деңгейге көтеріледі. Ал жоғары мектепте, 15-18 жаста әртүрлі білімді, соның ішінде, қалаған пәндерін терең меңгеруге талпыныс жасайды. Бұл модель балалардың психо-физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес әрі алған білімін еркін меңгере алады. Еліміздегі 11 жылдық мектеп 4+5+2 моделі негізінде жұмыс жасайды: 4 жыл – бастауыш мектеп, 5 жыл – орта мектеп, 2 жыл – жоғары мектеп. Бұл модель негізінде балаларға олардың психо-физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес білім берілмейді. 10 жаста 5-сыныпқа келген балаларға әртүрлі ғылымның негізін беретін пәндер оқытылғанмен, оқушы бұл пәндерді меңгере алмайды, салдарынан білім сапасы күрт төмендейді. Оны тәжірибе дәлелдеп отыр.
Атап өткендей, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада елдерінің оқу жоспарларына салыстырмалы түрде талдау жасаған кезде 1-4 (6)-сынып оқушылары нақты ғылым салаларына қатысты пәндерді бізде көп сағатпен артық оқитыны анықталған. Технология және өнер, дене шынықтыру пәндерін, керісінше, аз оқиды. 7-9-сыныптарда, бұл елдерде, нақты ғылым салаларына қатысты 4-6 пән оқитын болса, бізде 7-8-сыныптарда – 15, ал 9-сыныпта 16 пән оқытылады. Оқушылар осынша пәнді терең меңгере алмайды. 10-11-сыныптарда оқытылатын пәндерде көп айырмашылық жоқ, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда, аталған елдерде 10-12-сыныпта болашақта таңдаған мамандықтарын университеттерде жақсы меңгерулеріне қажетті білім беріледі.
Мектеп мұғалімдерімен пікірлескенімізде халықаралық зерттеулерге қатысудың оң ықпалы бар екенін айта келіп, оқушылардың білім сапасын арттыруға әсер ететін бірқатар жайтты атап өтті.
Мақсат Көшеген, педагог-зерттеуші, М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның физика пәні мұғалімі:
– Дамыған елдердің оқу бағдарламасы негізінде дайындалған «PISA» халықаралық зерттеулеріне оқушыларымыздың қатысуын құптаймын. Бірақ кез келген шетелдің оқу бағдарламасын көшірудің тиімді бола бермейтінін де ескерген жөн. «PISA» тапсырмалары біріншіден, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға ықпал етеді, яғни оқушы алған білімін өмірде қолдануға машықтанады. Z зейінді ұрпақты әңгіме немесе тарихи уақиғалар арқылы қоғамда туындаған ақпараттарды беру арқылы білімге баурай аламыз. Мақсатымыз есеп шығарту болса, оны тікелей емес, жанамалай, қоғамдық мәселелерді қозғау арқылы шешуді үйретеміз. Екіншіден, есеп шығаруды қиынсынатын оқушы да, мұғалім де бар. Осы орайда «PISA» тапсырмалары есепті шешуде жеңілдетілген форма ұсынады. Оқушы бір мәселені шешу арқылы өзінің қоғамға қажеттілігін сезіне алады әрі есеп шығаруға қызығушылығы оянады. Ал физика тапсырмаларын орындаған кезде оқушыларды үрейге емес, бір мәселені шешуге үндейміз. Яғни есепті күрделіліктен бейімделікке қарай ауыстыруға машықтандыру. Үшіншіден, оқушылар күнделікті өмірде күрделі сұрақтарға жауап бере отырып, тарихи мәселелерге араласа отырып, өмірде өзі де бір мәселе шеше алатындығын сезіну. Ғылымның қиын жол емес екенін оқушылардың түсінігіне физика тапсырмаларын жеңіл шешу арқылы жеткізе аламыз. Нәтижесінде, жаңалық жаратуға, қоғамдық мәселелерді жылдам шешуге, мүмкіндік туады. Қоршаған орта қиындықтан ғана тұрмайтыны, жаңалық жарату жеңіл әрі жылдам екені түсінікті болуы шарт. Ал білім сапасын арттыруда «PISA» тапсырмаларын дамытып отыру қажет.
Жасұлан Жұмахан, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, №57 мектеп физика пәнінің мұғалімі:
– Еліміздегі білім беру сапасын арттыруда халықаралық тестілеулердің рөлі үлкен. Әсіресе «PISA» зерттеуі білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігіне, басым, әлсіз тұстарымызды анықтауға ықпал етеді. Зерттеуге қатысу арқылы оқушы алған білімін өмірде қолдануға, сабақ барысында тәжірибе жасау арқылы оны өмірде қолданып үйренуге, түрлі халықаралық деңгейдегі тестерді шешуге бейімделеді. Негізгі пән ретінде математикалық сауаттылық арқылы көптеген жетістікке жететінімізді байқауға болады. Осы орайда мектеп оқушыларын дарынды, дарынды емес, деп бөліп жара қарау негізсіз екенін айта кеткім келеді. Өйткені әр баланың қандай да бір салаға икемі, құштарлығы бар. Жаратылыстану пәндерін жеткілікті игере алмағанымен, гуманитарлық пәндерден жоғары көрсеткішке жетіп жүрген оқушылар көп. Сондықтан жас дарындардың бойында сыни ойлау, шығармашылық, зерттеу және сұрау салу, өзін-өзі басқару, бастамашылық және табандылық, ақпаратты пайдалану, жүйелік ойлау, байланыс және әрбір іске кері байланыс әрекетін дамыту маңызды. «PISA»-ның негізгі мақсаты да осы. Дағдысы қалыптасқан оқушы өздігінен түсіндіру, бағалау, тұжырымдау, қолдану мен пайымдауға үйренеді. Халықаралық тестілеулер білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, оқушылардың білім деңгейін жақсартуға және ұлттық білім беру саясатын тиімді түзетуге ықпал етеді. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелейміз десек, білім бағдарламаларын қайта қарап, оқулықтарды жаңа бағдарламаларға сай жазу қажет. Ал білікті, кәсіби мұғалімнен тәлім алған оқушының да білімге құштар болатынын тәжірибе көрсетіп отыр.
Бақдәулет Карсиманов, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, №49 ЖББМ физика пәнінің мұғалімі:
– «PISA» зерттеуінің жалпы білім беру жүйесіне ықпалы айқын екенін көреміз. Тестілеу нәтижелері елдегі білім беру реформаларының қажеттігін және оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауды талап етеді. Халықаралық тестілеу нәтижесіне мұқият талдау жасап, сәйкесінше, тиісті шаралар қабылдау қажет. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін, оқу бағдарламаларын жақсартып, технологиялық ресурстарды тиімді пайдаланғанда ғана білім сапасын арттыруға болады. Халықаралық зерттеу елдегі білім сапасын бағалауға және ұлттық білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. 2009 жылы еліміздің 15 жастағы оқушылары алғаш рет «PISA» зерттеуіне қатысты. Сол жылы еліміз 59-орында болып, орташа көрсеткіші 390 балды құраса, 2012 жылы 393 балды құрап, 63-орынға шықты. Алайда 2015 жылы білім сапасы едәуір жақсарғанын көреміз. Нәтижесінде, 427 балл болды, 52-орынды иеленуге мүмкіндік алдық. Бірақ 2018 жылы 387 балл жинап, 69-орынға төмендесе, 2022 жылы 386 балмен 61-орынға тұрақтады. 2015 жылғы нәтижелерге қарап, білім сапасының жақсарғанын көрсек, кейінгі жылдарда салада шешілмеген мәселе бар екенін көреміз. Осы тұста оқушылардың жеке жетістіктеріне назар аударып, жан-жақты қолдау көрсету қажет. «PISA» нәтижелері – оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған реформаларға түрткі. Осыған орай мұғалімдер мен білім беру мекемелері «PISA» зерттеулері нәтижелеріне сүйене отырып, оқу жоспарларын қайта қарастырып, оқушылардың дағдыларын дамытуға ерекше назар аударғаны абзал.
АЛМАТЫ