• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Бүгін, 08:25

Еңбекпен ырысын еселеген әулеттер

30 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еңбек адамына көңіл бөлу, олардың жанқиярлық еңбегін дәріптеу, басқаларға үлгі ету мәселелері кенжелеп қалғанын мойындауымыз керек. Барлық материалдық игілік қарапайым еңбек адамының қолымен жасалып жатқанын білсек те, ол өз еңбегіне қарай ақысын алады, бұрынғыдай мемлекеттің жұмысын істеп жатқан жоқ, жеке кәсіпкердің немесе өз жұмысын істейді, сондықтан оны мақтаудың, дәріптеудің керегі қанша деген орынсыз ой сананы жаулап алған еді. Тек ішінара ғана ондай жандардың еңбектеріне лайықты баға берілетін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек ада­­­­мын қолдауды, марапаттауды,­ өс­келең ұрпақты қарапайым кәсіп­терге дайындау мәселесін алға шығарды. 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты: «Елі­мізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», деді.

Еңбек адамының мәртебесін көтеру мақсатында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Президент: «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деді кезекті Жолдауында. Содан бері еңбек адамын құрметтеу еселеп артып, өмір бойы қара жұмыстың қыртысын айырғандар лайықты марапаттарын көптеп алып жатыр. Соның бірі Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің механизаторы Мұрат Қаражұманов. Ол биыл Республика күні қар­саңында «Қазақстанның Еңбек Ері» жо­ғары атағын алды. Күні кеше Еңбек Ерін облыстық әкімдікте ұлықтау рәсімі болды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметов Мұрат Қаражұмановты құттықтап, оның еліміздегі ең үлкен атаққа ие бол­ғанын атап өтті.

«Облысымыз былтыр да, биыл да астық жинаудан ре­корд­тық көрсеткіштерге қол жет­кізіп отыр. Соны жоғары бағалаған Президентіміз биыл қарапайым еңбек адамы ретінде сізге «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын берді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай айтқандай, міне, бү­гін өзіңіздің адал еңбегіңіздің арқасында толағай табысқа жетіп отырсыз. Отанымыздың өркендеуі, дамуы жолында ерінбей еңбек етіп, жоғары нәтиже көрсеткен жандардың бәрінің еңбегі ақ­талады. Еліміз ондай жандарды әрқашан құрметтейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы­нан еліміздің ең үлкен наградасын алғаныңыз – соның дәлелі. Бұл құрмет – сіздің жеке табысыңыз ғана емес, әулетіңіздің елге сіңірген еңбегінің өтеуі. Ала таңнан қара кешке дейін тыным таппайтын ауыл еңбеккерлерінің маңдай теріне берілген зор баға», деді Ғауез Торсанұлы.

 

 * * *

«Бексейіт» елді мекені – Сол­түстік Қазақстанның Мамлют ауданындағы қазағы қалың ауыл. Оның арғы жағында «Ба­қайтал» деген қазақ ауылы бар еді, оған өзге тілді адамдар көбі­­рек қоныстанып, ақыры атын өзгер­тіп жіберген. Бірақ осы маңдағы бертінде «Меңгесер» кеңшары құрылғанда орталығы осы маңдағы емдік қасиеті бар көлдің атымен аталды.

«Меңгесер» атты тұзды көлдің тарихы мен қасиеті туралы айтпай кетуге болмай­ды. Жалпы көлемі 3360 га болатын көлге жазғы маусым-шілде айларында аудан, облыс қана емес, басқа өңірлерден де, Ресейден де ауыр дерттерінен арылуға келе­тіндер өте көп. Тереңдігі бір метр­ден аспаса да, бұл көл өмірі құрғамайды, қандай ыстық болса да, тұзы жарқырап жата береді. Байланған қара балшығы жүздеген сырқатқа, әсіресе тірек-қимыл аппараты мен тері ауруларына мыңда бір ем. Гинекологиялық, жүйке ауру­лары метаболизмі бұзылған кезде де пайдалы. Көл суы­ның құрылымын жергілікті де, республикалық ғалымдар да талай зерттеген. Онда хлорид мол, балшығы күкіртсутекті. Мұндай суды бальнеологиялық мақсатта ванна түрінде пайдалануға болады. Көлдің қасиеті туралы мыңдаған аңыз айтылады. Аяқ-қолын мүлде баса алмай қал­ған жандар осы көлден емделіп, құлан-таза айығып кеткені туралы әңгімелер де көп.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Көлдің жағасына «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі жағажай жасап, оның маңын абаттандырып, суға түсуге келгендерге ыңғайлы жағдай қалыптастырған. Соның ішінде дем алып жатуға қолайлы киіз үйлер, палаткалар тігілген, ас пісіретін жабдықтар да жалға беріледі. Бұл жерге жыл сайын орта есеппен 60–70 мың адам келіп, емделіп, дем алады.

Осындай қасиетті жердің бір пұшпағында отырған «Бексейіт» ауылында Мұрат Қаражұманов 1964 жылы 11 қаңтарда өмірге келген. Мұрат – осы мекенде еңбек етіп, 600 жылдай жұмыс өтілін жинаған Қаражұман әуле­тінің белді өкілі. Әулеттің барлық ұрпағын санап шыққандар олар­дың 30 адамнан артық екенін анықтаған. Бір жерде жұмыс істеп, туған елін түлеткен мұндай ұр­пақ сирек. Сондықтан да бүгін ел аузында осы әулеттің еңбек жолы жиі айтылады.

Қаражұман әулетінің негізін қалаған – 1906 жылы туған Қуат Ысқақұлы. Ауыл құрылып, ұжым­шар орнаған алғашқы күннен ол қара жердің қыртысын айыр­ған қатардағы жұмысшының бірі ­болды. Ол кезең барынша ауыр жылдар еді. Жұмыстың бәрін қол­мен атқарасың. Соқаға жегетін сиыр мен жылқы да жиі болдырып қалады. Техника әлі келмеген кез. Жұмыс таңның атысынан күн батып, қас қарайғанша созылады. Ешбір адам мен жұмыс күнімді аяқтадым ғой деп тоқмейілсуді білмейді, қашан көзге түртсе көргісіз қараң­ғы түскенше жүре береді. Сонымен бірге басқа жерге кетіп, күнкөрісі жеңіл жерді де ешкім іздемейді. Солай жүрсе де, ел-жұрт жоқ нәрсеге қуанып, бала туса шағын той-томалақ жасау­ды да ұмытпайды. Қуаттың үйін­де де арыстай үш ұл дүниеге келіп, қиын күндерде көңілдерін көтерген екен.

Қуат Қаражұмановтың Ермек, Кеңес, Мұрат есімді үш ұлы да алыс­тан жұмыс іздемей, өз ауы­лында нәпақасын айырған. Үшеуінің де кәсібі туған жердегі кеңшардың жұмысы еді. Олардан тараған Мұрат, Сәкен, Қалкен, Қайсар, Оралбай, Амантай, Мақ­саттар да әке жолын қуып, қара­пайым тірлікті қанағат тұтқан.

Мұрат Қаражұманов мектеп бітірген соң, 1980 жылы «Интер­национал» деген ауылдағы тракторист-машинист даярлайтын №69 кәсіптік-техникалық училищеге түскен. Оны ойдағыдай аяқта­ған соң, тракторист мамандығын алып, туған ауылына оралады. Содан бері 44 жыл бойы ауылдағы ең күрделі техника – «К-701» алып тракторының рулінен түскен жоқ.

«Маған темір тұлпарым ең күшті техника сияқты. Біздің жердің май топырағына көктемгі, күзгі сазда талай техника тұрып қалып жатқанда бәрін басып озып өте шыққанның өзі неге тұрады. Талай мықты техника мінген жандар маған күні түсіп, тартып жі­беруді өтініп жатады. Өзім көп уақыт руліне отырмасам, сағы­нып та қаламын. Тіпті кейде түсіме де кіріп жүреді», дейді ол күліп.

Мұрат «К-701» тракторымен жер айыру, сүрлем дайындау, ауыр тіркемелермен жүк тасу сынды ауылдағы барлық жұмысты атқарған. Жүгеріден сүрлем дайын­дау – соның ішіндегі ең күрделі жұмыстың бірі. Өйткені сүрлемді әбден нығыздау үшін ерсілі-қарсылы жүріп, барынша таптау керек. Селкілдеген каби­надағы орындық адамды әбден шаршатып, ұрып тастайды. Соған қара­мастан осы жұмыста Мұрат Кеңесұлы үнемі алда болды. Егіс даласынан қырманға тіркемемен астық тасымалдау одан әлдеқайда жеңіл. Ол бірнеше тіркемені бір-ақ қосақтап, қырманға рекордтық көлемде астық жеткізіп жүрді. Мысалы, 2023 жылы 3480 тонна астық тартса, 2024 жылы 4311 тонна астық жеткізген. Биылғы көрсеткішін әлі ешкім есептеп шығара қойған жоқ.

Мұраттың қарапайымды­лы­ғы, ақкөңілдігі үшін қатарластары қатты сыйлайды. Қайсыбіріне көмек қолын созу керек болса, Мұрат алдымен жүгіретінін айтты бір әріптесі. Осыған дейін «Еңбек даңқы» орденінің ІІІ дәрежесі­мен наградталғанда да әріптестері қат­ты қуаныпты.

«Жігітке жеті өнер де аз» де­мекші, М.Қаражұмановтың домбырашы екенін жұрт біле бер­мейді. Атасынан жұққан бұл өнер – еңбеккердің жан қалауы. Абай­дың, Мағжан­ның өлеңде­рін ыңылдап айтып, отбасын­да­ғы көңілді кештерде домбырасын қолынан тастамайды. Ол – ол ма, қыстың жайлы кештерінде серіктестіктің клубына барып, домбыра үйренгісі келетін ауыл жастарына өзінің өнерін үйретеді екен.

«Бұл мезгілде серіктестік жұ­мысшылары негізінен дем аламыз, демалыс кезінде өзіммен өзім болмай, ұмтылған жастардың талабын ұштаудың өзі бір бақыт емес пе?» деп жымияды ол.

Жалпы, қазір Мәжіліс депутаты болып жүрген Еркебұлан Мәмбе-тов басқарған бұл шаруашылықта еңбекке ғана емес, демалыс сағат­тарын ұйымдастыруға да ежелден көңіл бөлінеді. Мұнда көркемөнер мен спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Серік­тес­тіктің жұмысшылары сол үшін де басшыларына риза.

Биыл 16 қыркүйекте Мұрат Қаражұманов әу­леті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаты­суы­мен өткен телекөпірдің қо­­на­­ғы болды. Бұл шара – үлкен әулет ­үшін есте қаларлық оқиға. Мем­ле­кет басшысы отандас­тарымызды Отбасы күнімен құттықтай келіп: «Бұл – ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен аза­маттық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке. Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым», деді. Мұраттың отбасы да – еңбек майталманының берік діңгегі. «Екі ұлым мен бір қызым­нан туған немере-жиендер аталап келіп мойныма асылған­ғанда, шаршағанымды ұмытамын», дейді ол.

Қорыта келгенде, Мұрат Кеңес­­­ұлы – осындай қарапа­йым, еңбекке әбден берілген, жан-жағындағы жан­дардың бәріне жұғымды, отбасына қамқор жан. Оның басына қонған бақ – адал ниеті, таза жүрегі, кең пейіліне келген сый-құрмет.

 

* * *

Қазіргі Жамбыл ауданында ертеректе «Орталық» атты іргелі ауыл болды. Бұрын қазақтар мал шаруашылығының ыңғайымен әрбір қайыңды орманның қой­науында шағын ауылдар болып отыра берген ғой. Ұжымдастыру жылдарында бәрін бір орталыққа күшпен шоғырландырып, үлкен кеңестік ауылдар өмірге келді. Соның бірі – осы Орталық. Ол бұрынғы «Орман» ауылының негізінде құрылған, сондықтан мектебі өмір бойы «Орман орта мектебі» деп аталды.

Ауыл іріленіп, мектеп салынып, мал көбейіп, жұмыс орындары ашылған сайын мұнда қоныс аударушылар да көбейе түсті. Соның бірі Қыздар Жүсіпов еді. Ол кейін Ленин ауылы атанған, көршілес Мамлют ауданына қаратылған жерде 1899 жылы өмірге келген, бірақ Орман ауылы тұрғындарымен ағайын, жақын. Туысқандары Орталық ауылын құрып, ұжымшар болып жатқанда ол туған елге алғашқылардың бірі болып көшіп келеді. Ауыл молдасынан сауатын ашқан оның хат танитын білімі болады. Сонымен қатар көршілес орыс ауылдарының мектебінен үзіп-жұлып оқып, орысшаны да біршама айырады. Сондықтан көшіп келген оны ауыл­дастары Орталықтағы «Орман ауылдық кеңесі» аталған жергілікті биліктің төрағалығына сайлайды. Сөйтіп, Қыздар Жүсіпов Орталық ауылында «Жүсіповтердің еңбек әулетін» қалаған жандардың басы болады. Осы ата-тектің бүгінгі еңбек өтілі 200 жылдан асып отыр.

Қыздардың ұлы Сапар осы ауылда еңбек жолын бастаған. Алдымен Көкшетаудағы үш айлық педагогикалық курсты бітіріп, Становской ауылдық мектебіне ұстаздық қызметке тұрады. Одан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданнан оралған соң, Мамлют ауданындағы қазіргі Бике ауылында мұғалім болып еңбек етеді. Бірақ өмірінің кейінгі жылдарында туған ауылындағы ауыл шаруашылығы саласына оралып, ауыл қырманының кілтшісі болып, өмірінің соңғы күндеріне дейін істейді.

Жүсіповтер әулеті Сапардың ұлы Төлегеннің тұсында қатты өрледі. Төлеген мен жары Құра­лайдың Сабыржан, Ақан есімді ұлдары, Сабыржаннан туатын Аяз­хан атты немересі – бәрі ауыл шаруа­шылығының дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қо­сып келеді.

Төлеген Сапарұлының өзі Есіл ауданының Покровка ауы­лындағы Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы техникумынан мал дәрігері мамандығын алған. Одан әрі Алматының зооветеринарлық институтын сырттай оқып бітіреді. 1974 жылдан Мамлют ауданы шаруашылықтарында веттехник, бас мал дәрігері қызметтерін атқарады. 1987 жылы Жамбыл ауданындағы Пресноредут ауы­лына бөлімше басқарушысы қыз­метіне тағайындалады. Еліміз егемендік алған соң, 1996 жылы Төлегеннің қызметі өсіп, «Миро­любовский» кеңшарына бас зоотехник қызметіне ауыс­тырылады. Келесі жылы осы шаруашылықтың директоры қызметіне тағайындалады.

Ауыл шаруашылығына күр­делі реформалар жүргізі­ліп, жеке­шелендіру саясаты бас­тал­ғанда, Төлеген шаруашы­лықтың негізгі бөлігін таратпай, «Ақан» атты шаруа қожалығын құрып, ұстап қалады. Халықпен ортақ тіл табысудың, еселі еңбектің арқасында оның шаруашылығы жылдан-жылға алға басып, биік табысқа қол жеткізді.

2002 жылы қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойына орай «Егемен Қазақстан» газеті «Талантқа тағ­зым» атты бастама көтеріп, жазу­­шының Қызылжардан 240 шақырым жердегі Жаңажол ауылына жаяу жорық ұйымдастырған. Алматыдағы «Егеменнің» қосынын басқаратын ардагер журналист Мамадияр Жақып бастаған сол топқа көрнекті әдебиетші ғалым Зейнолла Серікқалиұлы, Абайдың жиен ұрпағы Балтабек Ерсәлімұлы, «Егеменнің» Семейдегі меншікті тілшісі Дәулет Сейсенұлымен қатар Қызылжардан Қайролла Мұқанов, Сағындық Салмұрзин, осы жолдардың авторы қосылып, жазушының ауылына жаяу бар­ған едік. Сол сапарда бізді жергілікті билік әрбір 35–40 шақырым сайын жолдағы ауыл­дарға қондырып, демалдырып отырды. Мамлют, Дубровное ауыл­дарынан соң, «Миролюбовтағы» Төлеген Жүсіповтің үйіне тоқтаған едік. Сол үйде аунап-қунап, тамаша дем алдық. Сонда үй иесінің бекем тұрмысын, шалқыған ша­руасын, берекелі дастарқаны мен ниетін көріп тәнті болғанбыз. Көпті көрген ағаларымыз шын пейілімен алғысын айтып, батасын берген еді. Содан бері Төлеген Жүсіповтің қол жеткізген биік табысын жиі естіп жүрдік.

Қазір Төкеңнің «Ақан» ша­руа­шылығы барынша өскен, ондағы барлық шаруаға баласы Сабыржан басшылық етеді. Заңгер мамандығын алса да, әкесінің қасында жүріп, қара топырақтың қыр-сырын үйренген ол қазір өскіннің жайын әбден үйреніп алған. Әсіресе ас атасы бидайдың қашан себіліп, қай кезде орылуы керектігін жан-тәнімен сезінеді. Інісі Ақан – сенімді серігі, шаруашылықтың техникалық жағын бақылайды. Қара жердің қасиетін бойына сіңірген екеуі мамандығы басқа болғанымен, туған жерден табан тайдырған жоқ. Сабыржанның ұлы Аязхан да осы қатарда. Төкеңнің Жұлдыз, Әсемгүл, Шолпан, Кәмшат есім­ді төрт қызы Астана, Алматы, Петро­павл қалаларында тұрады. Міне, басы өскен, малы өрген үлгілі әулеттің тыныс-тіршілігі осындай.

* * *

Жалпы, еселі еңбегімен танылып, биік табысқа жетіп отыр­ған әулеттер Солтүстік Қазақ­­стан облы­сында өте көп. Айта­лық, Қызыл­жар ауданындағы әкелі-балалы-немерелі Николай, Алек­сандр, Виктор Мелехин­дер «Налобин» ЖШС-де бар­лығын еңбек өтілін қосқанда жүз жылға жуық уақыт жұмыс істейді. Сондай-ақ Уәлиханов ауда­нын­дағы «Сағындықов» ШҚ еңбек ететін Ұйым­шыл Қаб­дуалиұлының әулеті де көпке үлгі. Отағасы екі ұлы Қайрат, Алмаспен бірге шаруа­шылығын табыстың қайнар көзіне айналдырып отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы