• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Ақпан, 2025

Шораның шоң мұрасы

374 рет
көрсетілді

Ұлттық ғылым академиясы­ның академигі, көрнекті тіл­ші Шора Сарыбаевтың өмір жолы мен қызметіне арналған «Фило­лог­тің әлемі» атты кітап­ жарық көрді.

Шора Шамғалиұлы – нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам ғой. Ғалымның алтайтану мен түркітану, қазақ тіл білімі салаларына қосқан үлесі ұшан теңіз. Профессор Мырзаберген Малбақұлының алғысөзімен жарық көрген жинақта ғалымның ғасырға жуық тағылымды өмірі, таңғаларлық нәтижелі қызметі жан-жақты қам­тылған.

– Бұл жинақ – ғалымның био­гра­фиялық мәліметтері жүйелен­ген алғашқы ғылыми-көпшілік басы­­­лым. Кітапта Шамғали Шораұлының ­­­жеке архивіндегі құжаттар сарала­­нып, жүйеленіп берілді, – дейді жи­нақ авторы, ғалымның қызы Майра Сарыбай.

Жеке архив демекші, Шора атамыз – қазақ ғалымдарының ішінде құжат­қа мұқият, ерекше тәртіпті, ғажайып мұражайшы, коллекционер адам. Бұл үрдіс ғалымға өз әкесі Шамғали Харесұлынан дарыса керек. Жалпы, Сарыбай әулеті – жеті атасынан бері мешіт ұстап, медреседе шәкірт тәрбиелеген ағартушылар династиясы дер едік. Орынбордағы «Хусаиния» медресесін бітірген Шамғали Сары­баев әйгілі Молда Мұсаның шақы­руымен Түркістан өңіріне келіп, мұғалімдік етеді. Кейін қазақ тілі әдіс­намасының негізін салушылар­дың бірі санатында ғылым кандидаты, доцент атанады. Бір ғажабы, осы Шамғали атамыздың медреседе бітірген құжаты, фотосуреті сақталып қалған! Небір аласапыран заман, репрессия, қуғынды көрген ұрпақтың мұраға осыншалық мұқият, жәдігерге жанашыр болғаны таңғалдырады. 1958 жылы әкесі өмірден өткенде, оның артында қалған бүкіл мұрасын Шора атамыз көзінің қарашығындай сақтаған. Ғалым архивінде жеке құжаттар, сирек суреттер; кеңестік және шетелдік ғалымдардың хаттары, мақала көшірмелері, қолжазбалар, пікірлер мен рецензия­лар, ғылыми есептер, күнделіктер, тіл, тарих пен мәдениет мәселелері туралы мақала қиындылары, театр, конференциялар бағдарламалары, шақыру билеттері, т.б. мыңдаған құжат бар екен.

Архив жинау оңай емес, оны жүйелеп, пайдаға асыру одан да қиын. Шора Сарыбаев әке мұрасын сақтап қана қоймай, жеке архивіндегі кейбір қолжазбаны араб жазуынан кириллицаға көшірген, көнер­ген құжаттарды қайта терген, кей мақа­ланың шығу деректерін нақтылаған, жаңа материалдармен толықтырған, құжаттарға түсініктемелер мен пікір­лер жазған, әкесінің әріптестері мен туысқандарының естеліктерін жазып алып, архив тізімін жасаған.

Айта кетейік, 2021 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапха­насында Шора Сарыбаев атындағы оқу залы ашылып, ғалымның жеке кітапханасынан 5000-нан аса кітап пен брошюра тапсырылған еді.

Шора Шамғалиұлы әрбір отандық мекеме – балабақшадан зауыт-фабрикаға дейін – бәрінің өз мұражайы болу керек деп есептеген. «Себебі музей жалпыадамзаттық және ұлттық рухани құндылықтарды қалыптастырып, сақтайды» дейді екен. Ол өзінің коллекциялары негізінде Алматы қаласында «Түркі әлемі», «Қазақ әйелі», «Қазақ халық медицинасы», «Қазақстан футболы» музейлерін, Шоқан Уәлихановтың мемориалдық мұражайын ашуды армандаған. Бұлардың біразы белгілі бір дәрежеде жүзеге асты да: 1997 жылы Ш.Сарыбаев коллекциясы негізінде №12 мектепте Шоқан Уәлиханов музейі ашылды, 2015 жылы «Қайрат футбол командасы» коллекциясын ғалым футбол академиясына клуб музейін ашу үшін өз қолымен тапсырды. «Қазақ әйелдері» коллекциясын ғалымның тұңғыш немересі Д.А.Асанова жаңа жәдігерлермен толықтырып, атасының көзі тірісінде «Women of Kazakhstan» қорын ашты. Бұл виртуалды музей қазір де жұмыс істеп тұр.

Шора Шамғалиұлының туған інісі, ғалым-музыкатанушы Болат Са­­рыбаевтың ұлттық музыкалық ас­пап­­тарды жинап, қазақ музыкалық аспап­тарының алғашқы жеке музейін құрғанын, қазақ этнорганология­сы­ның негізін қалап, әйгілі «Отырар сазы» ұлттық аспаптар ансамблінің бастауында тұрғанын айтсақ, бұл әулеттің қазақ мәдениетіне қосқан үлесін бағамдай беріңіз!

Бір қызығы, Шора Шамғалиұлы­ның 100 жылдық мерейтойы қарсаңын­да жарық көрген жаңа кітаптан дәл осындай жүйелі еңбекті, ұрпақтан ұрпақ­қа жалғасқан шынжырлы шежі­ре­ні, дәстүр сабақтастығын көріп отыр­мыз. Өзі де ғалым, филоло­гия ғы­лымдарының кандидаты Май­ра Шорақызы әке мұрасын көзінің қарашы­ғындай сақтап, саралап, ға­жайып еңбек жасап шыққан. Өзінің ай­туын­ша, бұл кітапты дайындау­ға 6 жыл уақыт кетіпті. Жинақ А.Бай­тұр­с­ынұлы атындағы Тіл білімі институ­тының қолдауымен жарық көрген.

«Аса көрнекті ғалымның мұрасын жан-жақты және толық бағалау үшін әлі көп жұмыс жасалуы керек» деп мойындайды автор. Дегенмен, 2019 жылдан бері Шора Сарыбаевтың өмірі мен мұрасына арналған бірнеше кітап, бірнеше ғылыми конференция, дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Алда да жоспар аз емес сияқты. Бола­шақта талай-талай зерттеу еңбектері мен кітаптар жазылып, фильмдер түсірілсе, оның бәрі бір әулеттің емес, тұтас қазақ халқының қазынасына айналары анық.

 

Батыс Қазақстан облысы