Жетісуда «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қолға алынып жатқан түрлі жобалар аясында «Еңбекпен ер атанған» көш керуен мәдени іс-шаралары басталды. Ауыл-аймақтағы мамандық иелерін қанаттандыру мақсатындағы жоба барысында тұрғындар аудан орталығына жиналып, өз топырағынан шыққан еңбек майталмандарының ерлігін насихаттайды. Арнайы көрмелер ұйымдастырылып, мәртебелі мамандардың еңбегі айшықталады.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруы-мен қолға алынған іс-шарада еңбектің құндылығын ұғындыратын кітаптар мен суреттер көрмесі өтті. Одан бөлек, музей жәдігерлерінен көрмелер қойылып, концерттік бағдарламалар ұсынылды. Бүгінге дейін осындай көш керуен Ескелді, Көксу аудандарында болып өтті. Іс-шара барысында Қарабұлақ, Балпық би ауылдарындағы мәдениет үйлерінде С.Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапхана «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Әдебиеттегі еңбек адамының бейнесін ашатын көркем шығармалар да көрмеден табылды. Көш керуеннің қорытындысында конференция ұйымдастырылып, еңбек адамдарына арналған журнал шығарылады деп жоспарланып отыр.
«Жобаның мақсаты – еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу, қоғамдағы рөлін көтеру, еңбек адамдарының өмірлік жолын әдебиет, өнер туындылары арқылы таныту. Сол арқылы жастарды еңбекке, адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу, аймақтың еңбек дәстүрлерін жаңғырту әрі сақтау, жұмысшы мамандықтарының тарихы мен заманауи мүмкіндіктерін таныстыру», дейді Халық шығармашылығы орталығының маманы, ақын Жангелді Немеребаев.
Жетісу облысы