Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық» футбол клубы таратылып, орнына «Жайық» атты жаңа клуб құрылады. Бұл жөнінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
Өткен жылы «Ақжайық» футбол клубы борышкерлер тізіміне еніп, басынан дау кетпеді. Клуб мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатыса алмай, 36 қызметкер 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жалақысын да ала алмаған. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО департаменті қарыздың жалпы көлемі 65,2 миллион теңгеге жеткенін айтады.
«Ақжайық» клубының құрылтайшыларына 10 ақпанға дейін демеушілер мен инвесторлар есебінен мәселені шешуге уақыт берілгенімен, жағдай реттелмеді. Осыған байланысты облыс әкімдігі жедел шара қарастырып, «Жайық» футбол клубын құру туралы шешім қабылдады», деді басқарма басшысы Бақдәулет Сәбитов клуб мүшелерімен болған кездесуде.
Жаңадан құрылатын «Жайық» футбол клубы бұрынғы «Ақжайық» ойыншылары мен жаттықтырушыларының жалақы қарыздарын төлеуді өз міндетіне алды. Алдағы маусымда «Жайық» ел чемпионатының екінші лигасында өнер көрсетеді. Сонымен қатар клубтың жастар құрамасы QJ League (Қазақстанның жасөспірімдер лигасы) турниріне қатысуы мүмкін. Клубтың алға қойған негізгі мақсатының бірі – балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға ерекше назар аудару.