Сексен көлді омырауына сексен моншақ етіп таққан сулы, нулы өңірде ауызсу мәселесі әлі де түбегейлі шешімін таппай келеді. Өңірдегі 788 396 адам тұратын 604 елді мекеннің 393-і ауызсуды су құбыры арқылы пайдаланады. 193 елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылмаған суды қанағат тұтады.
Орталықтандырылмаған деген ұғымның аражігін ажыратып айтатын болсақ, бұл елді мекендердің тұрғындары ұңғымадан шыққан сумен күнелтеді. 17 елді мекеннің тұрғындары ауызсуды тасымалдап ішіп отыр. Егер орталықтандырылған сумен жабдықталған елді мекендердің республикадағы көрсеткіші 97%-ды құраса, біздің өңірде 93,3% ғана. 2024 жылы микробиологиялық көрсеткіштер сарапталып, ауызсудан жеті мың сынама алынған. 312 cынаманың талапқа сай емес екендігі анықталған. Сондай-ақ санитарлық-химиялық көрсеткіштер жөніндегі 7384 сынаманың 804-і жарамсыз болған. Яғни пайдалануға болмайды. Әсіресе Жарқайың, Шортанды, Есіл, Атбасар, Астрахан аудандарындағы ауызсудың сапасы мәз емес.
Мамандардың айтуынша, қысқы маусымда микробиологиялық көрсеткіштердің талапқа сай болмауы сирек. Ауызсудың сапасы қызыл су жүретін көктемгі кезде қатты байқалады. Облыс орталығында да дәл осындай көрініс. Өңірде табиғи судың тұздылығы да жиі. Мәселен, Шортанды ауданында бірнеше елді мекен амалсыздан тұзды суды пайдаланып отыр. Ондай жерлерде ауызсу көзін алмастырған ләзім.
Тығырықтан шығар екінші жол – таза су көзінен құбыр тарту. Құбырдың жайы да ойландырарлық. 2024 жылы су құбырларына 11 мәрте тексеріс жұмыстары жүргізілген. Біржан сал, Атбасар, Целиноград аудандарында санитарлық талаптың сақтала бермейтіндігі анықталған. Жауапты мекемелерге айыппұл салынған. Әйтсе де, жоспардан тыс жасалған тексерістер барысында бір мекеменің ұйғарымды орындамағаны анықталған. Сондықтан сотқа жүгінуге тура келген. Ол дегеніңіз, қосымша айыппұл арқалау. Айыппұл да ештеңе емес шығар, оның арғы жағында «бірінші байлық – денсаулық» деп пайымдайтын жұрттың денсаулығына келер зиянды айтсаңызшы.
Өңірдегі жағдай осындай болғанда облыс орталығындағы ауызсудың сапасы тіпті сын көтермейді. Бұл арада мемлекетке өкпелеудің еш қисыны жоқ. Қаншама жылдан бері сапасы күмәнді су ішіп келе жатқан қала тұрғындары арыз-шағымын жолдағанымен, әлі де нәтиже шығар емес. Бюджеттің миллиондаған теңге қаражаты босқа кеткен сыңайлы.
2011 жылы су желілерін тазарту құрылғыларын жаңғыртып, бастапқы қалыптан әлдеқайда кеңейту арқылы 60 мың текше метр су өткізуге қаптал жететін су тазалау қондырғысының құрылысы басталған болатын. Сары судан сағы сынған қала тұрғындары жағымды жаңалықтан құлақтанып, бір желпініп қалды. Тапсырыс беруші – қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі. Жұмысты «AEGISinc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 1,623 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды. Алғашқы жылы қаржының 538,1 миллион теңгесі игерілді. Мердігер ұйым цехтың, су сапасын сараптайтын зертхананың ғимараттарын жарым-жартылай көтерді. Әйтсе де келесі жылы конкурстың жұмысынан кінәрат шығып, қалалық сот құрылыс жұмысын тоқтату туралы шешім шығарды.
2012-2013 жылдары конкурс қайта өткізілді. Бұл жолы «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. Қала тұрғындарының үміт оты қайта лаулады. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, 2013 жылы 181,24 миллион теңге игерілгенімен, бар жұмыс кілт тоқтады. Сол кезде мемлекеттік аудиторлар қаржы заңнамасының көп бұзылғандығы туралы мәлімдеме жасаған. 2021 жылдың басында соңғы мердігер келісімшартты орындамады. Бұл жолы Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі шартты бұзу жөніндегі тиісті шаралар қабылдамады. Алдын ала төлемақы есебінде жасалған қаражат бюджетке қайтарылмады. Іле-шала жобаның құны бірнеше есе қымбаттап кетті. Міне, сол уақыттан бері Көкшетау халқы ауызсуға жарыған емес. Қазір құрылыс жұмыстары қайта жалғасып жатыр. Сүзгілердің негізгі бөлігі ауыстырылған. Қала тұрғындарына қажетті судың 70%-ы Шағалалы суқоймасынан алынады. Қалғаны Сергеев суқоймасының құбыры арқылы жеткізіледі.
Есіл ауданында ашық су көзінен ауызсу алып, кәдеге жаратып отырғандар да бар. Бір жақсысы, жергілікті кәсіпкер суды тазалайтын құрылғы орнатқан. Ауызсудың талапқа сай болмауы жұқпалы аурулардың өршуіне себепші. Өткен жылы Атбасар қаласында бір мезгілде үш бірдей адам сары ауруға ұшыраған. Кейін талдау жүргізілген кезде кәріз жолдарының жарылғаны анықталған. Аурудың таралуына осы апаттың себеп болуы әбден мүмкін.
Өңір тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында биыл 34 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұған дейін ауызсудың азабын тартып келген елді мекен тұрғындары сапалы суға қол жеткізуі әбден мүмкін. Оның ішінде Көкшетау да бар. Су тазарту құрылғыларын салып, сүзгілерді жаңарту жобасы биыл аяқталмақ. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалғыз құрал-жабдықтар ғана емес, жұмыс істейтін қызметкерлерді оқытып, үйрету ісі де қолға алынған.
Қаланың кәріз тазарту жүйесі әбден ескірген. Станционный кентін сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге келесі жылы жеткілікті қаражат қарастырылмақ. Желілерді қайта құру ісі де қолға алынатын болады.
Қиын түйіннің шешімі табылғанша қала тұрғындары көше бойлай азық-түлік дүкендері мен көпқабатты үйлердің жанындағы су сүзгісінен ауызсуын тасымалдап жүр. Бұл қолқанаты жоқ егде адамдарға қиындық тудырып отыр. Алда көктем. Жыл сайын құбыр суының лай болып ағатынынан әбден зәрезап болған қала тұрғындары ішкен суымыз адал болса екен деп тілейді. Қазіргі су ішпек түгіл жуынуға да жарамсыз.
КӨКШЕТАУ