• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Суицид 25 Ақпан, 2025

Суицидтің емі – рухани тәрбие

143 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне жүгінсек, әлемде әр 45 секунд сайын бір суицид оқиғасы тіркеледі. Бұл – сағатына 80, тәулігіне 2 мыңға жуық, ал жылына 700 мыңнан аса адам өз-өзіне қол жұмсап, ажал құшады деген сөз. Кейінгі 25 жылдың ішінде суицид саны едәуір қысқарғанымен, әлі күнге аса өзекті проблема күйінде қалып отыр.

Адам өмірін жалмау тұрғы­сы­нан соғыс пен кісі өлтіру қыл­мысынан асып түскен бұл кесел­дің себептері жайында сөз сөйлеген сарапшылар пікірі сан-саққа жүгіреді. Біреу оған итермелейтін жайтты өмірден түңілген жанның айналасынан іздесе, енді бірі бар кінәрат адамның өз ішінде екенін алға тартады. Бәлкім бұл екі пікірде де шындықтың табы бар шығар. Қалай десек те, елімізде өз өмірін өзі қиғандар жұрттың жағасын ұстатып отыр.

Ересек адам суицид жасаса, оның себебін өмірдің түрлі қиыншылығынан іздеуге болатын шығар. Бәлкім, несиесін төлей алмай, қарызға белшесінен бату, отбасылық қиындықтар, ажыра­су, маскүнемдік пен наша­қор­лыққа салыну, т.б. Ал он екіде бір гүлі ашылмаған мектеп оқу­шыларының өз-өзіне қол жұм­сауын қалай түсінуге болады? Өмірдің ащы-тұщысын татып көрмеген, әке-шешесінің айналасынан шықпаған жасөспірімнің дүниеден баз кешуіне не себеп? Бұл мәселенің шығу төркіні тереңде екенін көрсетеді. Атап айтқанда, оның түп-тұқиянын отбасын­дағы тәрбие мен иманды­лық­тың әлсіздігінен, ішкі рухани шиеленісінен іздеген жөн секілді.

Бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған ауыр шындықтың бірі – отбасында ата-ана мен бала арасындағы байланыстың үзілуі. Жұмысбасты әке-шешенің балаға қарайтын шамасы жоқ, олар өз ісімен әлек. Ал бала үлкеннің мейірімі мен назарынан тыс қал­ған­дықтан, өзін жалғанда жа­на­шыры жоқ жалғыз адамдай сезініп, алдынан шыққан әрбір қиындықты түпсіз трагедия деп қабылдайды. Депрессияға түседі, өмірден түңіледі. Оған қолдау болар ата-ананың көңілі – далада.

Мамандардың айтуынша, өмірде оң-солын енді танып келе жатқан жасөспірімге әке-шеше мен үлкендердің қолдауы ауадай қажет. Соның ішінде рухани қолдау – имандылық тәрбиенің орны айрықша. Бұл – ұлы иманды, қызы ибалы болып өсуін қалайтын әрбір шаңырақтан табылуға тиіс тәрбие. Өйткені жас­тайынан адамгершіліктің арда қасиетін бойына сіңірген бала мінезі көркем болумен қатар, өмірдің қиыншылықтарына тө­зімді келеді. Ақыл кіре баста­ған шағынан баланың өмір туралы түсінігін қалыптастыру, жақ­сы амалдардың қайыры, жаман істердің сұрауы болатынын ұғындырудың маңызы зор.

Дінтанушы Ысқақ Әбдірах­ма­новтың айтуынша, ең алдымен ата-ана мен бала арасындағы көркем қатынас үзілмей, оларға өмірдің керемет сәттері жайында жиі айтып отыру керек. Жара­тылыстағы көз жа­уын алар табиғи құбылыстар, олар­дың шығу тегі, өмірдегі әсерлі оқиғалар туралы әңгіме қозғалса, жас бала қиялға беріліп, өзі-ақ көз алдына керемет өмірді елес­те­тіп, алдына жарқын мақсат қоя біледі.

«Есі кірген балаға адамның өз-өзіне қол жұмсауы үлкен күнә екенін Құран аятттары мен хадистер негізінде дәлелдеу дұ­рыс болмақ. Құранда «Өз қол­дарыңмен өздеріңе қауіп төн­дірмеңдер» делінген. Өмірде басына түскен бәлекеттен өлім арқылы оңай құтыламын деу тура жолдан адастыратынын, бұл Алланың ісіне қарсы шығу­мен пара-пар екенін, сол үшін қандайда іске барарда алдымен сау ақылға салу қажет екенін айтып түсіндіру керек. Мұның бәрін балаға қарапайым тілмен жеткізіп, имани тәрбие беру – ата-анаға міндет. Әрбір істелген әрекет үшін жауапкершілік болатынын сезінген жасөспірімде өз-өзіне қол жұмсауға деген ниет болмайды. Жүрегіндегі иманы күнәлі істен қорғап тұрады. Ақылды таяқпен миға қон­ды­ру мүмкін емес. Баламен дос­пен сыр­ласқандай тұщымды әң­гі­ме өрбіткен маңызды», дейді Ы.Әбдірахманов.

Ал жастайынан имандылық тәрбие алған саналы пенде басына келетін түрлі жағымсыз ойдың бәрі ізгі жолдан тайдыруға тырысқан ібілістің айласы мен тұзағы екенін жақсы біледі де, тиісінше бұл оны суицид секілді қате қадам жасаудан тыятынын айтады.

Осы орайда суицид жасаудың дініміздегі үкімі жа­йында айта кеткен орынды болар. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімі арнайы пәтуа шығарған. Онда адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы адамдық тұрғыдан да, дін тұрғысынан да үлкен күнә екені айтылады.

«Алла тағала қасиетті Құранда: «...өз-өздеріңді өлтір­меңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді», деген... Өзіне қол жұмсаған кісі ауыр күнәға батқанымен, діннен шықпай­ды. Ғұламалардың көпшілігі өз-өзін өлтірген адамның жаназасы оқылады деп пәтуа берген. Алайда мұндай жағдайда күнәнің ауырлығын білдіру әрі басқаларға сабақ болу мақсатында жаназаны мүфти, дін ғалымдары, имамдар емес, жергілікті имамның ұйғарымымен жаназа шарттарын білетін басқа кісілердің шығар­ғаны жөн», делінген пәтуада.

Сөз соңында біздің дініміз адам баласын қорқытушы емес, ең алдымен жақсылыққа талпын­дырып, дүниенің қиындығы мен сынағына шыдап, сабыр қыл­ған­дарды жақсылықпен қуан­ды­рушы әрі жәннатпен сүйін­шілеуші екенін ұмытпаған абзал. Қасиетті Құранда: «Кім Алладан шын қорықса, Алла оны кез келген қиындықтан құтқа­рады және күтпеген жерден ризық-несібе береді», делінген.

Ізгі амал жасағандардың өмір­де қуа­нышқа кенелетіні, қан­­дай қиын­дыққа тап болса да, оны өткінші сынақ деп қабыл­дап, мойымағандардың жолы ашы­латыны, өзгеге мейірім­ділік көр­сеткендердің өзі де айналасынан мейірім көретіні, т.б. хадис­терде де кеңінен баян етіледі. Мұның бәрі имани тәрбиенің тірегі, жасөспірімді суицид секіл­ді жағымсыз істен сақтайтын өнегелік өзегі екені сөзсіз. 

Соңғы жаңалықтар