• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Ақпан, 2025

Бауырлас елмен баянды байланыс

97 рет
көрсетілді

Астанада Премьер-министр Олжас Бектенов пен алғашқы ресми сапарымен келген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарады. Онда сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, туристік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ АӨК-ке қатысты мәселелердің кең ауқымы қамтылды.

«Мемлекет басшыларымыздың өзара сенім мен шынайы достық рухын­дағы тұрақты байланыстары біздің көп­қырлы қатынастарымызды жаңа белестерге көтеруге ықпал етті. Сауда байланыс­тарын нығайту және тереңдету екі ел эко­номикасының дамуына мульти­пли­кативті әсер етеді. Өткен жылдың қорытынды­сы бойынша өзара сауда көрсеткіш­тері тағы да артып, 1,7 млрд долларды құрады. Сонымен қатар біз сауда-эко­но­ми­калық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз», деп атап өтті О.Бектенов.

«Шын мәнінде, екі бауырлас мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастығы ерекше стратегиялық сипатқа ие. Ежелден бауырлас халықтарымызды ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және туысқандық қарым-қатынас, ортақ мәдениет, тіл, тіпті салт-дәстүріміз байланыстырады. Бұл кездесу екі тарапты да қызықтыратын көптеген мәселе бойынша пікір алмасуға, екі елдің мүдделеріне сай келетін жаңа ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді деп сенемін», деп атап өтті А.Қасымалиев.

Келіссөздер барысында әлеуетті ашу және тауар айналымын арттыру тетіктері талқыланды.

Транзиттік-көлік саласында қазақ-қырғыз шекарасының өткізу қабілетін арттыру бо­йынша кешенді іс-шаралар іске асырылуда. Шекарада «Ақсу» – «Камышановка» және «Бесағаш» – «Кичи-Капка» бекеттері сияқ­ты автомобиль өткізу бекеттерін жаңғыр­ту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Сортөбе» – «Токмок» және «Ауқатты» – «Кен-Булун» өткізу бекеттерін дамыту жоспарланған.

Су-энергетика саласындағы ынты­мақтастыққа ерекше көңіл бөлінеді. Шу және Талас өзендері бойында вегетациялық кезеңде сумен қамтамасыз ету, Киров су қоймасын қауіпсіз пайдалану және өңір­лік энергетикалық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Туризм – өзара тиімді ынтымақтастық­тың маңызды бағыты. Жаңа туристік бағыт­тарды дамыту шаралары, оның ішінде трансшекаралық эко-бағыттар құру, бел­сенді туризм үшін инфрақұрылымды дамыту және қонақүй бизнесіне инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтас­тық желісі бойынша биыл Қырғызстанда Қазақ киносы күндерін өткізу жоспар­ланған, сондай-ақ Қырғызстанда еліміздің жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелері пысықталып жатыр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі қазақ-қырғыз сауда-экономикалық әріптестігінің жоғары серпінін қолдауға дайын екенін атап өтті.