Әлемге әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген туралы деректі фильм 30 мамыр күні Испания астанасы Мадрид қаласында алғаш рет көрерменге жол тартпақ. «Al compás de su voz» (Оның дауыс ырғағымен) деп аталатын бұл туындының бастамашысы – испаниялық жанкүйерлер, ал жүзеге асырушысы – «Dimash Qudaibergen Fan Club Oficial Spain-La Gran Voz Kazaja» қауымдастығы. Фильмнің премьерасы Мадридтің Hortaleza ауданындағы «Palacio de Hielo» кешенінде өтпек.
Аталған жоба жұмысы 2024 жылдың қазан айында басталып, шамамен екі жылға жуық уақытты қамтыған. Деректі фильмге
20 сағаттан астам бейнематериал, архивтік жазбалар, фотосуреттер мен сұхбаттар енгізілген. Туындыда әлемнің әр түкпірінен жиналған бес жанкүйердің жеке оқиғалары баяндалады. Авторлар олардың әншімен рухани байланысын, сондай-ақ Димаштың халықаралық фан-қоғамдастығы ішіндегі ерекше атмосфераны көрсетуге тырысқан.
Осы жаңалықты естіген соң, әлеуметтік желіден испаниялық кинематографист Давид Коллантес Родригеске хабарластық. Оның айтуынша, фильмнің басты идеясы – Димаштың өнері миллиондаған адамның өміріне қалай әсер еткенін көрсету болмақ. «Бұл жобада әрбір жанкүйердің жеке тарихы арқылы ортақ бір құбылысты, өнердің адамдарды біріктіру күшін ашуды көздедік. Әр адамның Димашпен танысуының өз тарихы бар. Бұл – менің алғашқы толықметражды жұмысым. Ал алғашқы дүниелер әрдайым ерекше болады», дейді ол.
Фильмде Димаштың Испаниядағы алғашқы концерті (Барселона, қараша айы), сондай-ақ 50 елден келген 700-ден астам жанкүйер қатысқан арнайы кездесулер де қамтылған. Авторлар туынды арқылы әнші шығармашылығын кеңінен насихаттап, оны шын мәнінде жаһандық мәдени феномен ретінде танытуды мақсат етеді.